Сахалин Шымкенттен трансформатор сұрайды — Xnews — ақпарат агенттігі

Сахалин Шымкенттен трансформатор сұрайды

«Халық қаласа хан түйесін сояды» дейді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ел ортасына жиі шығады. Қалада атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, ұсыныстарын, өтініштерін тыңдайды.

Сондай жүздесулердің бірінде бір азаматтар қалаға мұзайдын салу мәселесін көтерген екен. Балалар қыс қызығын көрмей өседі. Таудай қардан сырғанақ жасап, мұз айындарда конькимен желдей жүйткіген Солтүстік, Орталық Қазақстан балаларына қызығар екен. Бюджетке қиындық түсірмесе, мүмкін болса, мұзайдын болса?! Кезінде өзі де бала шағында коньки тебуді армандаған да шығар Ғабит әкім. Уәде беріпті. Бірақ, бюджеттің бір тиынының қатысуынсыз. Жомарт кәсіпкерлердің қала балаларына сыйлығы.

Әдетте, Қазақстан ештеңе өңдірмейтіндей көріп қара аспанды суға алдыратын адамдар шоғыры бар. Күңкіл әңгімелері көп. Сондықтан, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қалалық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Бұхарбай Парманов бастап, оны қалалық Мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов қостап, қаладағы салынып жатқан нысандар, өндіріс орындарын аралап көруге өтініш жасаған екен. Бұл ардагерлердің қатысуымен екінші сапар.

Алғашқы келгеніміз мұз айдын. «Түркістан» сарайы мен Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының ортасында екі мұз айдын бар. Мұз айдынның сапасы керемет. Қатты шығын да кетпейтін сыңайлы. Мотор арқылы қатырылған мұз астындағы спиральдарға суық су айдалады. Алматыда оқыдық 1980 жылдары. «Медеу» мұз айдынына жиі барар едік. Коньки теппегені қырық жылға жуықтапты. Жас емес пе, Маслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов конькимен айдынға шығып кетті. Тәуекел деп коньки мінген өзбек мәдени-этно орталығының басшысы Икрамжан Хашимжанов досымның шаты айырылып кете жаздады.

Мұз қызығын балаларға тастап Абай ауданындағы жаңа технопаркке бардық. Қазыналық кәсіпорын 170 әр түрлі техникалар алыпты. Лизингке. Абай ауданы ғана емес қалған төрт аудан да. Әр қайсысы 5,7 млрд. теңгеге.

Қалада 1200 ден астам көше бар. Бұрындары қолда бар техникамен орталықтағы 80-ге жуық көше ғана тазаланар екен. Қар жуған күні Шымкентте қатты әбігер. Макшиналардың соғысуы жиілейді. Мұзға тайып, аяқ-қолын сындырып алатын адам көп.

Ендің жылдың төрт мезгіліне сай техниканың бәрі бар. Кәсіпорын басшысы мұндай техникалар Қазақстанда ілеуде біреу ғана бар дейді. Жағдайды әбден таразылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тәуекелге барды дейді. Лизинг, ол қайтарылатын ақша. Бірақ, бұрын қосымша техника жалдағандағы құны тым қымбатқа түсер екен.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Бұхарбай Парманов бұрын осы Абай ауданында 6 жыл әкім болған азамат.

— Мен әкім болып қызмет істегенімде ауданда бір техника болған жоқ,-деп еске алады Бұхарбай Парманов. — Кәсіпкерлерге өтініш айтып тазалатар едік. Олардың да техникасы тозығы жеткендіктен сын көп болатын.

Расын айтсам, осы бес ауданға лизингпен алынған түрлі техникалар кейбір облыс орталықтарында жоқ. Сондықтан, қала әкіміне ел атынан алғысымыз шексіз. Орташа жолақы 200 мың теңгенің үстінде. Түскі ас тегін. Арнаулы киімдерімен қамтамасыз етілген. Яғни, сапалы жұмыс істеуге бар жағдай туғызылған. Енді қалада ауа-райының қолайсыздығында қиындық болмайды.

Бүгінде «Абай» КММ-де 471 штат бірлігі бар. Қызметкерлер коммуналдық шаруашылық, санитарлық-тазалық, абаттандыру, ағаш қырқу, есеп-қисап, мобильді және әкімшілік бөлімдер бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарады. Қысқы кезеңге дайындық аясында мекеме қызметкерлері толықтай қыстық арнайы киіммен қамтылған. Атап айтқанда, 365 дана қыстық киім, 365 жұп аяқ киім және 3 000 дана қыстық қолғап таратылған.

Қала аумағын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін қажетті инертті материалдар жеткілікті көлемде дайындалған. Қоймада 2 550 текше метр құм бар, қосымша құм жеткізілген. Сонымен қатар, 1 700 тонна тұз сақтаулы, келісімшарт аясында тағы 2 500 тонна тұз жеткізілген. Клинец материалы бойынша да жеткізу кестесі бекітіліп, жалпы көлемі 6 500 бірлікті құрайтыны белгілі болды.

Мекеменің техникалық әлеуеті де жылда артып келеді. Қазір қар тазалайтын және сыпыратын арнайы техникалар, мотопомпалар, күректер мен инертті материал салатын қаптар жеткілікті. Қажет жағдайда жалдамалы ассенизатор, вакуумдық машина, манипулятор және жүк көліктері тартылатын болады. Сонымен қатар, лизинг арқылы жалпы құны 5,3 млрд теңгеден асатын 137 жаңа техника алынып жатыр. Бүгінгі күні соның 82-сі жеткізіліп, қалғаны кезең-кезеңімен келмек.

Бұдан кейін «Тассай» индустриялды аймағында болып, бірер кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Қалаға жарық тарту үшін сапалы бағандар керек. Баяғы ағаш емес, мықты металл бағана. Көршілес облыстарды да қамтамасыз етеді. 70 пайыз отандық өнім.

«Asia Trafo» компаниясында болдық. «Asia Trafo» – Қазақстанның ірі электр техникалық компаниясы, электр энергетикасы, электр машина жасау және құрылыс салу саласында әрекет ететін 30-дан астам кәсіпорындар мен зауыттарды қамтиды. Мұндай кәсіпорындардың ішінде – Кентау Трансформатор Зауыты және «Электрмонтаждау бұйымының зауыты» қамтитын орасан зор тәжірибесі мен 10 мамандандырылған монтаждау басқармасы бар, кез-келген қиындықтағы электрмонтаждау жұмыстарын орындайтын «Электрмонтаж» АҚ мамандандырылған компания, кабель трассалар жүйесін жасайтын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.

«Asia Trafo» – отандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. 2019 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жобалық қуаты жылына 120 дана жоғары кернеулі трансформаторлар өндіреді. Зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, бүгінде шет елдерден де сұраныс бар.

Кейде өзіміздегі дүниеге көңіліміз толмай сырттан жаңа технология алып жататынымыз бар ғой. Осында жетекші қызмет ететін Дәуірбек Әлтеев Оңтүстік Корея, Италия елдерінен сатып алынған трансформаторлардың жиі бұзылып, осында жөнделетіндігін айтты.

P.S.
Бұл кәсіпорынның кешегі ТМД-інді баламасы жоқ. Ресейдегі кәсіпорындардың дені ескірген. Шымкенттен көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, әрі де Белорусь, Ресей мемлекеттері трансформатор сатып алады екен. Сұраныс береді. Соның бірі — Сахалин, Қуанып қалдық. Өйткені, әскери борышымызды осы Сахалинда өтеген едік. Мұхит әлдилеген аралды самаладай жарқыратып отырған «Alageum Electriс» компаниясының трансформаторлары екен.

Міне, Шымкентте әлемдік фирмалармен санаса алатын, өзін экономикалық жағдайында тиімдігін дәлелдеген кәсіпорындар көбейіп келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
журналист

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...