Жасыл Шымкент: Экологияны жақсарту және жайлы ортаны кеңейту — Xnews — ақпарат агенттігі

Жасыл Шымкент: Экологияны жақсарту және жайлы ортаны кеңейту

Шымкент қаласы мегаполис ретінде қарқынды дамып, жасыл желек аумақтары жылдан жылға кеңейіп келеді. 2025 жылы 25 көшеде 500 мың м² газон төсеу, автоматты суару жүйелерін орнату және 33 су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 14 500 түп бұта және 152 мың түп ағаш егілді. Көгалдандыру Бозарық, Шымсити, Асар, Тұран шағын аудандары мен негізгі магистралдарда іске асуда.

2026 жылға 32 көшеге бұта отырғызу, 6 жаңа көшені толық көгалдандыру, 4 мың ағаш егу және орталық аймақтарда тік көгалдандыру жүйесін енгізу жоспарланған.

Абай ауданындағы бұрынғы полигон орнында «Экопарк» құрылысы басталды. Демеушілер есебінен 5 000 түп ағаш отырғызылып, 13 гектарға суару жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге 1 800 жеміс ағашы мен сәндік өсімдіктер егу қолға алынған.

Қалада МЖӘ аясында 6 жаңа гүлзар салынып, жылыжайларда 2026 жылға арналған гүл қорын өсіру басталды. Биыл 1,6 млн дана көпжылдық гүл мен 1,6 млн қызғалдақ отырғызу жоспарға сай орындалуда.

Қысқы маусымға дайындық және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру

Шымкенттің 443 магистралды көшесін тазалау жұмыстарына 5 МЖӘ серіктесі қатысып, қысқа 243 арнайы техника дайындалды. Қар тазалауға күн сайын 2 мыңға жуық жұмысшы шығады. Аудандар бойынша 180–350 шақырым аралығындағы көшелерде 37–62 техника қызмет көрсетеді.

Қысқы материалдар қоры толық: 25 000 м³ құм және 15 000 тонна тұз сатып алынды. Қар шығару орындары бекітілген.

Су арналары бойынша «Қошқар-ата» жағалауын абаттандыру, «Ақжар» су қоймасын жаңғырту, «Ақсай–Қарабастау» және «Кәусар» каналдарының құрылысы толық аяқталды. Бұдан бөлек, каналдардың 268 шақырымы механикалық тазалаудан өтуде.

«Бадам» өзенінің 9 шақырымында арна нығайтылса, 2025 жылы ең қауіпті 5,3 шақырымдық бөлікті жаңарту басталды.

Қала микроклиматын жақсарту үшін «БМК» каналынан «Жаңа Шек» каналына тәулігіне 200–250 л/с су жіберіліп, орталық көшелерді ылғалдандыру жүйесі іске қосылды. Жүйені Кіші Самал мен Абай саябағы бағытына кеңейту жоспарланған.

Қалада 86 субұрқақ бар, оның 41-і басқарма теңгерімінде. Биыл барлық субұрқақ жоспарға сай жұмыс істеп, 18 жаңа субұрқақ салынды. 2025 жылы қызмет көрсетуге 250 млн теңге бөлініп, сорғылар жаңартылды. Қазір субұрқақтар қысқы сақтауға жиналуда.

Таза қала: Экологиялық жобаларды іске асыру және қалдықтарды басқаруды жетілдіру

Тәулігіне шамамен 1000 тонна тұрмыстық қалдық шығатын Шымкент үшін экология – стратегиялық мәселе. Осы мақсатта 2025–2027 жылдары қалдықтарды жағу арқылы энергия өндіретін 100 млн долларлық зауыт салу туралы инвестициялық келісімге қол қойылды. Зауыт іске қосылғанда 70 тұрақты жұмыс орны ашылады және қаланың экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарады.

Сонымен қатар МЖӘ аясында қалдықтарды сұрыптау және жинау жүйесін жаңғырту жобасы іске асуда. «Clean Village» компаниясы жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желі салып, 200 жартылай жерасты контейнерін, 900 толым датчигін, 50 бейнекамера орнатуды қолға алады. 60 арнайы техниканы планшетпен жабдықтап, қалдықтарды тасымалдау процесі толық цифрландырылмақ.

Бұл жобалар мегаполистің экологиялық қауіпсіздігін нығайтып, Шымкенттің таза әрі жасыл қала ретінде дамуына елеулі үлес қосады.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/7Dj0Vy0FNg0?si=xj0ytRHkX_Qiv1BN

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...