Инвестиция — игергенге игілік — Xnews — ақпарат агенттігі

Инвестиция — игергенге игілік

Жақында қалалық Ардагерлер ұйымы мен қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері Түркиялық «Alarko Holding» компаниясының қаржысымен «Бозарық» индустриялды аймағында пайдалануға беріліп жатқан алып жылыжай кешенінің жұмыс барысымен танысты. Шымкенттегі ең алып жылыжай көкөніс саласындағы түйткүл мәселелерді оңтайлы шешетіндігі сөзсіз.

«Alsera KZ» жылыжай кешенінің ашылуы аясында алғашқы қызанақ өнімі жиналды. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гюржан және басқарма төрағасы Иззет Гарих бастаған «Alarko Holding» өкілдері қатысты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі сөйлеген сөзінде бұл жобаның жүзеге асуы ірі инвестиция тарту және мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің нәтижесі екенін атап өтті. Айтуынша, жоба – инвесторлардың Қазақстан экономикасына жоғары сенімінің және оның тұрақты дамуына деген сенімділіктің нақты дәлелі.

«Мұндай ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, технология енгізуге және аграрлық сектордағы тауар айналымын арттыруға зор мүмкіндік береді. Бірлескен жұмыс азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп сенеміз. Мемлекет жобаның барлық кезеңінде инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайын», — деді министр.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы инвесторларға заманауи жылыжай кешенін салғаны үшін алғыс білдіріп, Мемлекет басшысының инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығына су үнемдейтін алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда жобаның стратегиялық маңызын атап өтті.

«Бұл – еліміздегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірі ғана емес, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығын сапалы жаңа деңгейге көтеретін бастама. Жоба Шымкенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», — деді А. Кәрімов.

Сонымен қатар қалалық әкімдік мұндай ірі жобаларды толық қолдайтынын және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Еске сала кетсек, құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаның құрылысы өткен жылы жазда басталған. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты — 155 мың тонна. Жалпы аумағы — 650 гектар, бірінші кезең — 208 гектар.

Жалпы жыл соңына дейін 40 гектар аумақтағы құрылыс аяқталып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бірінші кезең іске қосылғаннан кейін шамамен 2 мың жұмыс орны, ал жоба толық аяқталған соң 5 мың жұмыс орны ашылады.

Айта кетейік, «Alsera KZ» жобасы аясында халықаралық стандартқа сай заманауи зертханасы бар арнайы агроакадемиялық орталық та салынады. Бұл орталық аграрлық сала үшін білікті маман даярлауға мүмкіндік береді.

Шетелдік инвесторлардан өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер де қалысып жатқан жоқ. «Саутс Ойл» компаниясының негізін қалаған белгілі кәсіпкер, меценат Серікжан Сейтжановтың есімі Қазақстанға ғана емес, кешегі посткеңестік мемлекеттерге әбден белгілі.

Шымкентте бұрынғы қорғасын зауытының орнында «Standard Steel KZ» серіктестігі мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңін іске қосты.

Бүгінде ІІ дүниежүзілік соғыс туралы сөз бола қалса, «жауға атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған» деген дерек алдыңыздан шығады. Шымкент қорғасын зауыты 1934 жылдың 20 қаңтарында бірінші қорғасынын шығарды. 1937 жылы зауыт одақтағы қорғасын өндірісінің 75,3 пайызын өндірді. Алайда тәуелсіздікті енді алған тоқырау жылдарында зауыт қайта-қайта істен шығып, қоршаған ортаға ауыр залалын тигізе бастады. Зауыт маңындағы өңделген өндірістік қалдық көлемі 2,5 млн тоннадан асты. Ел ішінде түрлі ауру көбейді. Экологтер дабыл қақты. Өндірісте әбден пайдаланылып, зиянсыз қалдық ретінде сыртқа шығарылған үйіндіні зерттеген ғалымдар одан тұздармен ластанған мырыш, мыс және мышьяк сияқты ауыр металдарды тапқан. Қала тұрғындары демікпе, анемия, аллергия сияқты созылмалы ауруға көп шалдыға бастады.

Сол кезде техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Әшіров ағзаға сіңген қорғасынды шығару мүмкін еместігін айтып еді. Яғни қорғасын қандай мөлшерде болса да суда, ауада жинала береді. Ал уланған адамның көп өмір сүре алмайтыны белгілі. Бұл зауытта өзіміз де сан мәрте болдық. Құрылысы қаусап, ескі технологиясы лекерлеуге келмейтін зауытты сырып тастамастан басқа амал жоқ-ты. Шетел инвесторлары да тәуекелге бара алмай тұрғанда, құтқарушы өз елімізден табылды. Ол – «Саутс-ойл» компаниясының президенті, талай өндіріс орындарын аяғынан тік қойған іскер азамат Серікжан Сейітжанов. Кәсіпкер зауытқа 13,3 млрд теңге, ал жанындағы индустриялық аймаққа 30,8 млрд теңге инвестиция тартты. Мырыш оксидін өндіретін зауыт жылына 300 мың тонна қалдықты өңдейді.

Еліміз үшін аса маңызды зауыттың екінші кезеңіне арнайы келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, «Саутс-Ойл» компаниясының қалдықтарды өңдеп, одан шетелдерге экспортталатын өнімдерді айырып отыруы – үлкен ерлік.

Мемлекет басшысы ауыр өнеркәсіптегі қалдықтарды экологияға әсер етпейтіндей терең өңдеуді міндеттеген еді. Бұл өз кезегінде табысты орындалып келеді. Мәселен, осы зауыттың мырышты концентраттарын Еуропа елдері мен Қытай сатып алып жатыр.

«Мемлекет үшін ауыр өнеркәсіп те, экологиялық ахуал да өте маңызды. Мырыш оксидін өңдейтін осы жаңа зауыт екі жағын да қамтып отыр. Бұл өткен жылдың соңындағы жағымды жаңалықтардың бірегейі болды. Сондықтан ресми ашылуға арнайы келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановқа, жобаны қаржыландырып отырған «Bereke Bank» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасы Марат Өтемісовке шын жүректен алғыс айтамын», деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Серікжан Сейітжановтың сөзінше, қосымша пештер іске қосылған соң өңдеу қуаттылығы да өсе түседі. Қазір индустриялық аймақта 176 700 шаршы метрді қамтыған өндірістік нысандар дайындалып жатқан көрінеді. Сол кезде 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыттағы құрылғылар Еуропа мен Қытайдан әкелінген. Қызметкерлер де шетелде білімдерін жетілдірген екен. Индустриялық аймақ пен зауытқа тартылған инвестиция көлемі 50 млрд теңгені құрайды. Тиісінше, он жыл ішінде қазынаға 36,7 млрд теңге салық түсімі аударылған.

Жалпы, индустриялдық аймақтар Шымкентте өте қарқынды дамып келеді.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...