Шымкент қаласында халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар биыл да жоғары темппен жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысы кеңейіп, қала инфрақұрылымы жаңа көпқабатты үйлермен толығуда.
Құрылыс басқармасының мәліметінше, бүгінде қалада 57 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтердің ішінен жыл соңына дейін 2412 пәтері бар 31 үйдің пайдалануға берілуі жоспарланған.
Қазірдің өзінде 972 пәтерлі 12 үйдің құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Оның ішінде Ақжайық шағынауданында – 5 үй, Бозарық шағынауданында – 7 үй қолданысқа берілді. Қалған 19 үйдің құрылысы да жоспарға сай жүріп, жыл соңына дейін аяқталмақ.
Берілетін баспаналар «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 89 678 адам тіркелген. Олардың ішінде 1 780 – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 17 842 – көпбалалы отбасылар, 11 286 – толық емес отбасылар.
Қалада жүргізіліп жатқан бұл ауқымды құрылыс жұмыстары тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге үлкен серпін беріп, шаһардың әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Заңға сәйкес құрылыс – қаламыздың тәртібіндегі қадам
Шымкентте Адырбеков көшесі, №70 ғимаратта заңсыз құрылыс анықталды. Бір қабатты монша, дүкен және салоны рұқсатсыз біріктіріліп, емдеу орталығына айналдырылған.
Қала басқармасы құрылыс иесіне заң талаптарын түсіндіріп, құрылыс тоқтатылды. Сондай-ақ, оған 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Құрметті тұрғындар! Құрылыс бастамас бұрын рұқсат алу және құрылыс нормаларын сақтау – қауіпсіздік пен заңдылықтың кепілі. Заң талаптарын орындау қаламыздың тәртібін сақтауға және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шымкентте білім сапасын арттырудың жаңа жобалары іске қосылады
Шымкент қаласында білім сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған «Сапалы білім» кешенді жобасы іске асырылуда. Бастама оқыту сапасын көтеру, білім алшақтығын азайту, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыруды қамтиды.
Жоба аясында оқушылардың оқу, жазу, тыңдалым және айтылым дағдыларын дамыту мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар өтеді. «Кітаппен қанаттан», «Абай оқулары», «Жыр бұлағы – сөз сыры», «Жыр додасы» секілді байқаулар оқылым мәдениетін қалыптастыруға бағытталса, «Алтын қалам», «Ұлттық диктант», «Сөз мерейі», «Озық ойлы ұлт» жобалары жазу сауаттылығы мен шығармашылық қабілеттерді дамытады.
Сонымен бірге оқушылардың сөйлеу мәдениетін көтеруге арналған «Сөз құдіреті» жобасы өткізіліп, дебаттар, челлендждер және түрлі сайыстар ұйымдастырылады.
Қазіргі талапқа сай жасанды интеллектті меңгеру үшін қалада «Shymkent Bilim Hub» жобасы басталады. Бұл бастама мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға, инновациялық білім беру тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шымкенттің білім саласындағы бұл жаңа қадамдары оқыту сапасын арттырып, жаңа буынның бәсекеге қабілетті болуына ықпал етпек.
Қаратау ауданында экологиялық тәртіпті сақтау бақылауда
Қаратау ауданы, 192-орам, 638 мекенжайында орналасқан «СТ-Бетон» ЖШС өндірістік нысаны қызмет атқарып келеді. Жер телімінің нысаналы мақсаты өндіріс қызметіне сәйкес.
Тұрғындардан түскен шағымдарды ескере отырып, Қаратау ауданы әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдар кешенді тексеру жүргізді. Заңбұзушылықтар анықталмағанымен, тұрғындардың пікіріне мән беріліп, зауыт басшылығы өндіріс нысанын ағымдағы жылдың соңына дейін өзге аумаққа көшіруге әкімдікке кепілхат берді.
Қазіргі уақытта көшіру жұмыстары басталып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл қадам ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mH3f2bGAUgw?si=By5r96058hYheqBK
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
