Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасында 241-ші туыстық бүйрек ауыстыру операциясы сәтті жүргізілді. Дәрігерлер туған ағасының бүйрегін інісіне трансплантациялады.
Науқас 2024 жылдан бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен есепте болып, 2025 жылдан бастап гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Қажетті медициналық тексерулер мен заңды рәсімдер толық орындалып, 2025 жылғы 5 қарашада ота жасалды. Қазіргі уақытта донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, емдік шаралар бекітілген хаттамаға сай жүргізілуде.
Бүйрек трансплантациясы – науқастың өмір сапасын жақсартып, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік беретін жоғары технологиялық ем. Бүгінге дейін Шымкентте 241 бүйрек және 33 бауыр алмастыру отасы жасалды, бұл өңірде трансплантологияның дамып, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің жергілікті деңгейде қолжетімді екенін көрсетеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы 10 айында қаладағы медициналық ұйымдарда 1 089 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, қалада 3 жүрек трансплантациясы табысты жүргізілген.
Онкологиялық қызмет саласында бірегей жетістік
2025 жылғы қыркүйек айында Шымкенттегі көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығында елімізде алғаш рет күрделі операция – кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру сәтті орындалды. Операция 37 жастағы науқасқа жүргізілді. Бұл араласу торакальды онкохирургиядағы ең күрделі және жоғары деңгейлі операциялардың қатарына жатады және Қазақстанда бұрын мұндай тәжірибе жоқ болатын.
Осындай жоғары технологиялық оталарды енгізу мақсатында Шымкенттің онкохирургтары Ресей Федерациясының жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарында, сондай-ақ Литва денсаулық ғылымдары университетінде (LSMU, Каунас университеттік клиникасы) арнайы тағылымдамадан өтіп, 33 медицина маманы біліктілігін арттырды.
Бұл жетістіктер Шымкенттің жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және күрделі хирургиялық араласуларды енгізу бағытындағы тұрақты дамуын айқын көрсетеді.
«Әкеге хат»: оқушылар отбасы құндылықтарын насихаттады
Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Әкеге хат» жобасы сәтті жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаты – әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен сенімді нығайту, әкеге деген құрмет пен ізетті арттыру. Сонымен қатар, бұл бастама балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, өз сезімдері мен ойларын еркін әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік берді.
Байқауға ауданның 8–11 сынып оқушылары арасынан 108 жас қатысып, өз әкелеріне арналған жүрекжарды хаттарын шығармашылық тұрғыда ұсынды. Олардың әр туындысы әкенің отбасындағы рөлін, еңбегі мен қамқорлығын бағалауға, алғыс пен ризашылық сезімін оятуға арналды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды: Бас жүлде – ноутбук пен 100 000 теңге, І орын – планшет, ІІ орын – ұялы телефон, ІІІ орын – телевизор. Сонымен қатар, белсенді қатысқан 10 оқушыға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Аталған шараға «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осы авторлық жобаның «Анаға хат» нұсқасын ауқымды форматта жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұл жоба – ұлт болашағы саналатын жастардың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіріп, ізгілік пен құрмет рухын қалыптастыруға бағытталған тағылымды бастама болды.
Шымкент көшелерінде жаңа белгілер орнатылуда
Шымкент қаласында тұрғындар мен қонақтардың қозғалысын жеңілдету мақсатында көше атаулары көрсетілген жаңа бағыттаушы белгілер орнатылуда.
Қазіргі таңда бұл жұмыстар қаланың негізгі магистралды көшелерінің қиылыстарында жүргізіліп жатыр. Жоба аясында жыл соңына дейін барлық басты қиылыстарды толық қамту жоспарланған.
Жаңа сілтегіштер қала тұрғындарына ғана емес, шаһарға келген қонақтар мен туристерге де бағыт-бағдарды оңай анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл жаңашылдық – Шымкенттің заманауи келбетін айқындайтын және қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/tdctUfs06IU?si=S4aLAUl9S6s-D-4L
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары