Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
2025 жылы Шымкент қаласында газдан улану фактілерін ескере отырып, прокуратурамен бірлесіп арнайы жұмыс алгоритмі құрылып, тәуекел аймақтар анықталды.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мекемесі қызыл аймаққа кіретін «Самал 3», «Ақжайық», «Нұрсәт», «Күншығыс», «Қайтпас», «8 және Спорт шағын аудандарында», сондай-ақ тәуекел аймаққа енген «Самал 1, 2», «11 шағын аудан», «Сайрам», «17 шағын аудан», «Көксай», «Қызылжар», «112 орам», «5 шағын аудан», «Қарасу» шағын аудандарында жұмыстар жүргізуде.
Мекеме тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты. Газ құрылғыларының ақауы анықталған 810 абонент уақытша ажыратылды, 371 абонентке газ жабдығы қалпына келтірілгеннен кейін қайта қосылды. Қазіргі уақытта 1 794 үйде жұмыстар жүргізілуде.
Тұтынушылардың газ пайдалану қауіпсіздігіне қатысты бұзушылықтары үшін 2025 жылы 84 адамға 1 209 090 теңге, ал 15 адамға қосымша 383 370 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, газдан улану оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Табиғи газды дұрыс пайдалану – әр отбасының жауапкершілігі
Шымкент қаласының тұрғындарына табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы еске салынады. Қауіпсіздік ережелерін дұрыс орындау – оқыс оқиғалардың алдын алып, әр отбасының амандығын қамтамасыз ететін ең маңызды қадамдардың бірі.
Мамандардың айтуынша, газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарының техникалық жай-күйін уақытылы тексеріп отыру – қауіпсіздіктің басты талабы. Газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасаспай, оны пайдалануға тыйым салынатыны да ерекше назарда болуы тиіс. Сондықтан жоспарлы тексерулерді дер кезінде жүргізіп, жабдықтардың жарамдылығына көз жеткізу маңызды.
Үй ішінде желдетуді қамтамасыз ету де аса қажет. Газ плитасын жылыту құралы ретінде қолдану – газдан улануға және ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Ал егер үйіңізде бөтен газ иісін сезсеңіз, бірден «104» нөміріне хабарласу керек.
Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, газдан улану мен жазатайым жағдайлардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, газ жабдықтарын пайдалану талаптарын бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 306-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін (жеке тұлғаларға – 7 АЕК айыппұл) ескертеміз. Қауіпсіздік – өз қолымызда!
Шымкентте тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жүргізілуде
2025 жылы Шымкент қаласында тұрғын үй секторында 312 810 адамді қамтитын 112 540 аралау жұмысы жүргізілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда +10,6% өсім көрсетеді. Сонымен қатар, 15 080 адам қамтылған 345 жиын және 10 302 адам қамтылған 314 нұсқаулық өткізілді.
Өрт қауіпсіздігі тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарында 1 698 материал жарияланып, оның ішінде 375 мақала, 275 телеарна, 1 048 әлеуметтік желі мен радио материалдары қамтылды. Мектептерде 422 мекемеде 10 365 оқушыға арналған 455 ашық сабақ өткізілді.
«Атамекен» ҰКП-да кәсіпкерлермен 38 дөңгелек үстел, БАҚ өкілдерімен 11 брифинг ұйымдастырылды. Әр демалыс күндері инспекторлар өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Тұрмыстағы негізгі ережелер:
• Электр құралдарын қараусыз қалдырмау;
• Розеткаларды шамадан тыс жүктемеу;
• Жарамды электр құралдарын қолдану;
• Сіріңке мен тұтатқыштарды балалардан алыс ұстау;
• Газ құрылғыларын қадағалау;
• Пісіріліп жатқан тамақты қараусыз қалдырмау;
• Жанғыш заттарды от көзінен алыс сақтау;
• Қолмен жасалған жылытқыштарды қолданбау;
• Өрт кезінде 101 немесе 112 нөміріне хабарласу.
Жылыту маусымы басталғанға дейін «Тұрғын сектордағы өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы өткізіліп, 15 537 жеке тұрғын үй қамтылды. Әлеуметтік осал топтағы 1 073 отбасы толық араланып шықты. 100 газданғандықты анықтайтын құрылғы орнатылып, 40-тан астам тұрғын үйде мұржалар тазартылды.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 112 материал жарияланып, 15 960 жадынама таратылды. Тұрғын секторда 154 жиналыс пен кездесу өткізіліп, 2 332 адам қамтылды. Оқу орындарында 49 интерактивті сабақ ұйымдастырылып, дауыс зорайтқыш арқылы 142 рет үндеу жасалды.
Шымкенттегі профилактикалық шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған және өрттің алдын алуда маңызды рөл атқарып отыр.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі күшейді
Өткен аптада Шымкентте тергеу органдары 191 қылмыстық іс тіркеді, оның 8-і сотқа жолданды. Ең жиі кездесетін қылмыстар: алаяқтық (61), ұрлық (47), есірткі заңсыз айналымы (12) және жол-көлік оқиғалары (6).
Алаяқтықтың басым бөлігі интернет-алаяқтыққа байланысты: тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу, инвестицияға ақша салу, жалған қоңыраулар және несие рәсімдеу. Мысалы, белгісіз адам жергілікті аурухананың қызметкері болып шығып, 1 200 000 теңге қаражатын жымқырған.
Сондай-ақ интернет арқылы есірткі сатылымына қатысты қылмыстар да тіркелуде. Тұрғындарға банк карталарын ешкімге бермеу, белгісіз адамдардан ақшалай сыйақы алмау, күмәнді жағдайларда 102-ге хабарласу ұсынылады.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, ұялы телефонға алаңдау, жаяу жүргіншілердің ережелерді бұзуы, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты ережесіз басқаруы және алкогольді масаң күйде көлік жүргізу. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі үшін ережелерді сақтау маңызды.
Көп қабатты үйлерде велосипед, бала арбалары және ұқсас заттардың ұрлануы да артып отыр. Мысалы, 14 қарашада 17 ш/а, 11 үйден белгісіз адам «Стеллс» велосипедін жымқырған. Сондықтан тұрғындарға заттарды қараусыз қалдырмау ұсынылады.
Барлық қала тұрғындарына сақ болуды және заң талаптарын қатаң сақтауды ескертеміз – қауіпсіздік баршамыздың қолымызда!
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/mH3f2bGAUgw?si=By5r96058hYheqBK
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
