Шымкент: Желтоқсан айында бірқатар мерекелік іс-шаралар өтеді — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Желтоқсан айында бірқатар мерекелік іс-шаралар өтеді

Желтоқсан айында Шымкент қаласында тұрғындар мен қонақтар үшін мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылады. 6 желтоқсан сағат 11:00-де Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында оқушылар арасындағы «Мен елімді жырлаймын» республикалық айтысы өтеді. Айтысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген жас ақындар қатысып, өз өнерін көпшілікке ұсынады.

9–10 желтоқсан күндері «Қызғалдақ» сарайында «Шымкент сазы» республикалық эстрадалық ән байқауы ұйымдастырылмақ. Байқауда елдің түкпір-түкпірінен іріктелген жас орындаушылар оңтүстік композиторларының шығармаларын және еркін тақырыптағы эстрадалық әндерді орындайды.

Жаңа жылдық мерекелік бағдарламалар 21 желтоқсанда «Астана» алаңында өтетін шырша шамын жағу рәсімімен басталады. Ал 31 желтоқсан күні осы алаңда жергілікті өнерпаздар мен танымал жұлдыздардың қатысуымен жаңа жылға арналған гала-концерт пен мерекелік отшашу ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қалада өтетін бұл шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мәдени өмірдің жандануына серпін береді деп күтілуде.

Шымкенттік палуан — халықаралық Сурдлимпиадада топ жарды

Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында шымкенттік спортшылар ерекше нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шадияр Пернеш барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Сурдлимпиаданың алтын медалін еншіледі.

86 келі салмақта күрескен Рсалы Сабыржан да жоғары шеберлік танытып, жартылай финалда грек палуанын айқын ұтып, жарыстың қола жүлдегері атанды.

Қазақстан командасының еркін күрестен қазіргі көрсеткіші — 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль. Оның ішінде шымкенттік палуандар ел қоржынына 1 алтын және 1 қола медаль салды.

Бұл жетістіктер – Шымкент спорт мектептерінің жүйелі дайындығы мен бапкерлердің кәсіби еңбегінің, сондай-ақ спортшылардың ерік-жігері мен табандылығының айқын көрінісі.

Айта кетейік, Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында өтуде. Байрақты додаға 80 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен бақ сынап жатыр.

Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынды

2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы қала инфрақұрылымын дамыту мақсатында 341 жер учаскесін мемлекет мұқтажына алынды. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына және қала әкімдігінің тиісті қаулыларына сәйкес жүргізіліп отыр.

Аталмыш учаскелердің 298-інің иелеріне ақшалай өтемақы төленсе, 43 жер учаскесінің иесіне тең бағалы жер телімдері ұсынылды. Қазіргі уақытта мегаполис үшін маңызды көлік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүзеге асыруға қажетті жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.

Негізгі бағыттар бойынша орындалған жұмыстар:
1. Қонаев даңғылының 5-кезеңі: 270 жер учаскесі қажет. Оның 253-іне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынды.
2. А-2 автожолы (Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін): 80 учаске қамтылған. Қазіргі таңда 25 учаске бойынша өтемақы төленіп, мемлекет меншігіне қайтарылды.
3. С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін қайта құру: 56 учаске қажет. Бүгінде 42 учаскенің иелерімен келісім жасалып, өтемақы төленді.
4. Қазиев көшесінің жалғасы (Арғынбеков – Төлеметов көшелерінің аралығы): 25 учаске қарастырылған. Оның 21-і мемлекет мұқтажына толық қайтарылды.

Шымкентте жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар қаланың жол-құрылыс инфрақұрылымын жақсартуға, көлік қозғалысын жеңілдетуге және жаңа дамушы аймақтарды ашуға мүмкіндік береді.

Шымкентте өткен қалалық жәрмеңкеде 105 тұрғын жұмысқа жолдама алды

Шымкент қаласында 2025 жылдың 18 қарашасында қала әкімінің тапсырмасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара «Көрме» орталығында ұйымдастырылып, нәтижесінде 105 адам жұмысқа жолдама алды.

Жәрмеңкеде биыл 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант алған азаматтар ішінен 60-қа жуық кәсіпкер өз өнімдерін таныстырды. Сонымен қатар пробация қызметінде тіркеуде тұрғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, мүгедектігі бар адамдар және берешегі бар азаматтар да жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, қолжетімді бос жұмыс орындары бойынша ақпарат алды.

Жалпы 700-ден астам адам қатысқан жәрмеңкеде:
• 86 адам тұрақты жұмысқа;
• 19 адам субсидияланатын жұмыс орындарына (алғашқы жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы);
• 60 адам enbek.kz порталы арқылы «жұмыс іздеуші» ретінде тіркелуге;
• 56 адам ерікті қоныс аудару бойынша түсіндірме алуға;
• 12 адам кәсіптік оқытуға;
• 32 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантқа өтініш білдіруге мүмкіндік алды.

Әлеуметтік осал топтарды да қамтыған жәрмеңке еңбек нарығында белсенділікті арттырып, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына нақты қолдау көрсетті.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/IFG7_kEq8io?si=Cf2P7LizfkcP36ze

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

В Шымкенте прошла акция «Таза аула»: участие приняли более 55 тысяч человек

18 апреля 2026 года в городе Шымкент в рамках республиканской экологической программы «Таза Қазақстан» прошёл масштабный общегородской день чистоты. Акция ...

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...