Спорттың арқасында журналист ретінде әлемнің талай мемлекеттерінде болдық. «Қонақ аз отырып көп сынайды» деген бар. Дүние жүзіндегі мықты мемлекеттердің бірі-Германия өзгешелеу ұнады. Тәртіпті қатты ұстанады.
Қоғамдық көлікті алайық. Аялдамада автобустардың жүру кестесі бар. Интервал-бес, он минут. Бір секундқа кешікпейді.
Жол, тротуар, тазалық. Қай-қайсы да айнадай таза. Таңертеңгілік орталық көшедегі тротуарлар көбік сабын қоспасы бар сумен жуылады. Жерде жатқан қиқым жоқ. Біреу абайсызда темекі тұқылын түсіріп алса соңына келе жатқан адам жерден көтеріп алып қоқыс жәшігіне тастайды.
Ал, Индияда керісінше. Қалдықтың бәрі көшеде жинаусыз жатады. Жылда екі мезгіл таситын Ганга өзені көше-көшемен ағып теңізге апарып тастайды. Лас. Жұқпалы ауру көп. Ал, бізге қайсысы керек?! Әрине, Германия жолы.
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қала тұрғындарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың белсенді қатысуымен жүзеге асқан сенбіліктер барысында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Акция басталғаннан бері 643 мыңға жуық адам қатысып, 2 580 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 720 әлеуметтік мекеме атсалысты. Тазалық жұмыстарына 10 850 бірлік техника жұмылдырылып, нәтижесінде 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қала аумағынан шығарылды.
Экологиялық бастаманы қолдау мақсатында қала аумағында 2025 жылы 25 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, Астана және Шымсити шағын аудандарындағы жаңадан салынған басты көшелер бойына ағаш отырғызу жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады. Бұдан бөлек, акция аясында саябақтарда, магистралды көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында тағы шамамен 10 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Қала аумағында жалпы көлемі 400 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 27 көше қамтылды. Жоспарланған жұмыстардың орындалу деңгейі бүгінде 85 пайызға жетті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 11,4 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жүргізілуде.
Шымкент қаласында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Қаланың барлық ауданын қамтыған сенбілікке қала тұрғындары, жастар, еріктілер, коммуналдық қызмет өкілдері мен білім беру мекемелерінің оқушылары белсене атсалысты.
Абай ауданы: Қызылжар аумағы мен Сарыкөл көшесі тазартылды. Тұрғыны тығыз шоғырланған Қызылжар шағын ауданында «Таза мекен» акциясы ұйымдастырылып, көшелердің бойы, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелер күл-қоқыстан тазартылды. Қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Сарыкөл көшесінің бойы инертті қалдықтардан тазартылып, ретке келтірілді.
Акцияға «Amanat» партиясының Шымкент қалалық филиалынан 50 адам, 100-ден астам тұрғын және 40 коммуналдық қызметкер жұмылдырылып, нәтижесінде 5 жүк көлігімен 12 тонна қоқыс шығарылды.
Қоғам белсендісі Бастархан Байжановтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек сенбілікпен шектелмейді. Бұл бастама қоғамда экологиялық сананы қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, сондай-ақ жас ұрпаққа үлгі көрсетуге бағытталған кешенді шара болып табылады.
Әл-Фараби ауданы: №16 шағын аудан мен тұрғын үй аулалары тазартылды. №16 шағын аудандағы №3 және №4 көп қабатты үйлердің ауласында сенбілік жұмыстары өтті. Қураған бұталар кесіліп, ирригациялық жүйелер тазартылды. Бұл шараға Әл-Фараби ауданының тұрғындары қатысып, арнайы 4 техника көмегімен 30 тоннадай қоқыс шығарылды.
Еңбекші ауданы: Қалмырзаев көшесі тазартылып, көше сумен жуылды. Қалмырзаев көшесінде өткен тазалық жұмыстары барысында жол жиегі шөптен, қоқыстан тазартылып, асфальт беті сумен жуылды. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырады. Сенбілікке 100-ге жуық адам қатысып, 2 тоннаға жуық қоқыс жиналды. 4 арнайы техника жұмылдырылды.
Қаратау ауданы: Мирас шағынауданы мен Шым Сая шатқалында сенбілік. Мирас шағын ауданындағы Ғұн елі, Кеме қалған, Алтын адам көшелері мен Шым Сая шатқалында сенбілік өтіп, қоғамдық орындар мен жаяу жүргіншілер жолы қоқыстан тазартылды. Тазалық жұмыстарына 12 арнайы техника мен шағын аудан тұрғындары және түрлі мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Тұран ауданы: Жаңаталапта ауқымды тазалық жұмысы жүргізілді. Қаланың шетінде орналасқан Жаңаталап шағын ауданындағы іс-шараға тұрғындар, ардагерлер және коммуналдық мекеме қызметкерлері белсенді қатысты. Көшелер мен арықтар тазаланып, қураған ағаштар кесілді. Жұмысқа бір тиегіш техника, екі жүк көлігі және үш ағаш кесу құрылғысы жұмылдырылды. Барлығы 100-ден астам азамат атсалысты.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы мен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Абай саябағында «Таза Шым» атты тазалық акциясы өтті. Оған 50-ге жуық ерікті жас қатысып, саябақ аумағын қоқыстан тазалап, 112 кг қалдық жиналды. Бұл шара жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған қаланың тазалығына үлес қосуға бағытталды.
Қаланың барлық білім беру ұйымдарында «Таза қала» тақырыбында экологиялық сынып сағаттары мен дәрістер өтті. Мысалы, №5, №15 және №45 мектептерде ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау туралы жан-жақты ақпарат берілді.
«Таза Қазақстан» акциясы – бұл тек бір реттік сенбілік емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге жанашырлық танытуға бағытталған тұрақты жоба. Қала тұрғындары бұл бастаманың елдің экологиялық қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттырудағы маңызын жақсы түсіне бастады.
Мұндай кең ауқымды тазалық шаралары қала аумағын таза ұстау ғана емес, тұрғындар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға да өз үлесін қосып отыр. «Таза қала – таза қоғамның айнасы» қағидасын ұстанған шымкенттіктер бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
