Шымкенттік дәрігерлер қырағы күзетте

Жұмысшы мамандықтар жылы: дәрігер – өмір сақшысы. 2025 жыл – еңбек адамдарының қадірін арттыратын ерекше жыл. Солардың бірі – ақ халатты абзал жан дәрігер. Оның әр күні – адам өмірі үшін күрес, әр сәті – жауапкершілік пен жанқиярлықтың айғағы. Дәрігер болу – жүректен шыққан мамандық.

Бүгінде Шымкентіңізді танымайсыз. Қала қанаты кеңге жайылып, тұрғындар саны ұлғайып келеді. Сондықтан мегаполис қаланың медицинасына жіті көңіл бөлінуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмалары, жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындауға деген құлшыныс, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімді жүзеге асуы басты маңызға ие. Қала тұрғындары тегін медициналық көмекке қол жеткізіп жүр. Ал ауруханалар мен емханалар, жедел жәрдем стансылары, басқа да медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұның өзі күрделі оталарды талапқа сай жасауға мүмкіндік ашады.

Жалпы, Шымкент шаһарында амбулаториялық-емханалық көмек көрсетететін медициналық ұйымдар 60-қа жеткен. Солардың 14-і мемлекеттік емхана десек, бұл мекемеде 607 мың адам тіркелген екен. Сонымен қатар 46 жеке емхана бар. Бұларға 639 мың адам келіп көрінеді. Қала тұрғындары медициналық көмекке кедергісіз жүгіну үшін жаңадан 14 емхана пайдалануға берілген. Демек, қала бойынша тұрғындар санына шаққанда медициналық мекемелер жеткілікті деген сөз. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, емханалардағы жүктеме 25 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендеген. Осының нәтижесінде дәрігерлер науқас жандарды уақтылы қарайды. Оларға көрсетілер медициналық көмектің сапасы да едәуір артады.

Миллионнан астам тұрғыны бар қалада түрлі сырқатпен ауыратындардың кездесетіні заңды құбылыс. Олардың барлығы бірдей ауруханаларда емделе бермейді. Науқастарды күндізгі бөлімдерде емдеу мәселесі де оңтайлы шешілген. Бұл үшін аурухана және емханадағы төсек санын арттыруға да баса назар аударылып отыр. Айталық, 2023 жылы ауруханалардағы төсек саны 4393 болса, 2025 жылы бұл 4894-ке жеткен, яғни 10 пайыз өсім бар.

Экологиялық ахуалдың нашарлауы, әлемдік жылыну, тағы басқа да себептермен ауыр науқастар саны көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Әрине, оларға күрделі оталар жасалуы керек. Бұл тұрғыда Шымкентте ілгерілеушілік басым. Осында келіп, сырқатына шипа тауып кеткен шетелдіктер санын бүгінде санап тауыса алмайсыз. Биылдың өзінде 400-ден астам күрделі ота жасалыпты. Оның ішінде 3 жүрек, 10 бүйрек ауыстырылып (трансплантация) салынған. Бір қуанарлығы, ағзасы ауыстырылған науқастар бүгінде сау-саламат шауып жүр.

Қала бюджетінен бөлінентін қаражаттың еселеп артуының нәтижесінде, диагностикалық жағынан зерттеудің қымбат түрлері де қолжетімді болып келеді. Әрине, диагноздың дәлме-дәл қойылуы сырқатты бойдан сылып тастау­дың бірден-бір жолы.

Шымкент қаласындағы №1 клиникалық аурухананы жұртшылық босқа мақтамайды. Мұнда қалалықтар ғана емес, жақын аудандардың тұрғындары да келіп қаралып тұрады. Көп бейінді стационар тәулік бойы келушілерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Осында 530 төсек-орын бар. Ауруханада жоғары оқу орындарында қызмет ететін профессорлар, доценттер, медицина ғылымының кандидаттары, жоғары және бірінші санаттағы дәрігерлер қызмет етеді. Бұған енді заманауи диагностикалық және емдеу құрал-жабдықтарын қосыңыз. Соның ішінде ангиографиялық құрылғының дәрігерлерге де, науқастарға да көмегі көп. Бұл аппарат ауруды ерте анықтауға арналған.

Ана мен бала денсаулығы қай кезде болсын маңызды. Сондықтан ауруханада жүкті және босанған әйелдерге арналған мамандандырылған хирургиялық орталық қарастырылған. Бұларға қосымша панкреатодуоденальды резекциялар, бауыр және өт жолдарына, асқазан-ішек жүйелеріне, жамбас буындарына, тізе мен жамбас сүйектеріне күрделі оталар жасау заманауи технологиялар арқылы жеңілдеді.

Аталмыш ауруханада бұдан басқа да атап өтер жақсы жаңалықтар көп. Мәселен, ангиографиялық операциялар блогін ерекше атап өтуге болады. Бұл блогте диагностика мен емдеу жоғары деңгейде жүргізіледі. Бұл заманауи құрылғының құны – 995 миллион теңге. Осы құрылғы ми тамырларына операциялар жасайды. Инсульт кезінде шұғыл көмек көрсетеді Сонымен қатар нейрохирургиялық оталарды қауіпсіз және дәлме-дәл атқарады.

Биылдың өзінде аталған аурухана базасында МӘМС аясында 100-ден астам буын ауыстыру операциясы сәтті жасалған. Бүгінде қозғалыс мүмкіндігінен айырылған науқастар саны күрт көбейіп кетті. Жоғарыдағы оталар нәтижесінде науқас жандар қалыпты өмірге оралып, ақ желеңді жандарға алғыстарын жау­дыруда. Буындарға қолданылатын эндопротездер АҚШ-та өндірілген. Олар сапалы медициналық өнімдерге жатады. Бұрындары мұндай оталар 1,5 миллион теңгеге жасалып келсе, бүгінде МӘМС жүйесі аясында тегін. Осы жүйені тиімді пайдаланғандар жүйенің пайдасы жөнінде тұщымды әңгімелер айтады.

Тағы бір тамаша жетістік, №1 клиникалық аурухана трансплантология саласында көш бастап тұр. Мұндағы алтын қолды дәрігерлер бүйрек, бауыр трансплантациясын басқа жақтан мамандар шақырмай-ақ өздері жасай береді. Бүгінге дейін 250-ге тарта бүйрек, 40 жуық бауыр ауыстыру отасы сәтті жасалыпты.

– Қазір бүйрек пен бауырда жиналған тасты хирургияның араласынсыз да алып тастауға мүмкіндік бар. Ота қазіргі заманғы литотриптор аппаратының көмегімен жасалады. Бір сүйсінтерлігі, осыған дейін жасалған жүздеген процедура сәтті аяқталған. Шымкентте алтын қолды дәрігерлердің бар екенін естіген Жамбыл , Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан науқастар келіп, сырқат­тарынан құлан-таза айығып кеткен. Жоғарыда аталған литотриптор тастың тығыздығы мен көлеміне қарай өзі шешім қабылдай алады. Бармақтай-бармақтай тастарды өзі ұсақтап, алып шығады. Мұндай дәлдікті басқа ешқандай аппарат жасай алмайды. Тағы бір айтарым, қолжетімді мұндай медициналық құрылғы елімізде көп емес, бізде ғана бар деуіме болады, – дейді қалалық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Шаһардағы №13 емхананың жұмысы да тұрғындардың көңілінен шығып жүр. Бұл емхана 1963 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде емханаға 46 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Солардың 34328-і ересек адамдар, 7762-сі жасөспірімдер, 3855-і балалар. Емханада 362 қызметкер тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Бұлардың қатарында 101 дәрігер, 200 орта буынды маман, 36 кіші буынды маман бар. Сондай-ақ әкімшілік қызметте 25 адам жұмыс істеп отыр. Осы емхананың 7 бөлімшесі өздеріне тиесілі аймақтар бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Бір аймақта 1700 адам тіркелген. Педиаторлық аймақтарда 500 балаға дейін бар.

Балалар денсаулығы да үнемі қырағы күзетте. Педиатрия бөлімінде 5000-ға жуық сәби есепте тұр. Бұлар – жаңа туған сәбилер мен 6 жасқа дейінгілер. Соның ішінде ерекше қамқорлықты қажет ететін 75 бала бар. Бұларды кешенді емдік-сауықтыру да естен шықпаған. Емханада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №11 бұйрығына сәйкес «Дамыту және ерте араласу орталығы» жұмыс істейді. Орталықта даму үдерісінде тежеуі бар балалар ерте анықталып, тиісті ем-дом және сауықтыру шаралары жүргізіледі. Бұларға қосымша, педиатрлар мен мейір­бикелер патронаж қызметін үздіксіз ұйымдастырып отырады. Ал аудиоскрининг кабинеті есту қабілеті нашарлағандарды ерте анықтауға арналған.

Емханадағы диагностикалық-лабароториялық бөлімнің де атқарар рөлі орасан зор. Мұнда эндоскопист, рентгенолог, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтер тұрақты түрде қабылдаулар өткізіп тұрады. Бүгінге дейін МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындар да кездесіп қалатыны рас. Соларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Қысқасы, Шымкент медицинасы бүгінде айтарлықтай дамып келеді. Бұл – мамандардың біліктілігін арттыру, жас мамандарды сапалы даярлау, шетелдерде білім жетілдіру сияқы ізденістердің тия­нақты жемісі. Біліктілікті арттырудың арқасында күрделі операцияларды батыл жасау, жаңа технологияларды кеңінен енгізу және оларды сауатты қолдана білу, мұның барлығы да сайып келгенде сенімділікті арттырып, Шымкент медицинасын жаңа белеске көтеруде. Жыл сайынғы алынатын жаңа технологиялар ауруханалар мен емханалардың, басқа да медициналық ұйымдардың материалдық-технологиялық базаларын кеңейтіп әрі жақсартуда.

Ал Шымкент қаласындағы №2 аурухана мамандары тыл ардагерлерін скринингтен жыл сайын тұрақты түрде өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Дәрігерлер тыл ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, денсаулықтарын бақылайды, тиісті дәрі-дәрмектерін береді. Жоспарлы тексеру кезінде терапевт, невропатолог, эндокринолог, оториноларинголог және УДЗ дәрігерлері ардагерлердің жалпы денсаулығын қадағалап, кеңес береді. Қарттардың көбі қан қысымы, буын арулары және жүректің ишемиялық ауруларына байланысты шағымданады. Бұлар арнайы диспансерлік есепке қойылған.

Шымкент қалалық денсаулық басқармасына қарасты №7 емхананың дәрігерлері де тыл ардагерлеріне медициналық көмек көрсетті. Үйме-үй аралаған олардың жұмысына тыл ардагерлері дән разы.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында денсаулық сақтау мәселесін үнемі айтып келеді. Иә, мемлекетіміздің басты байлығы – адамдар. Ал олардың денсаулықтары ойдағыдай болмай, мемлекет табанынан тік тұра алмайды. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді адамдар денсаулығын нығайтуға арнай береміз. Бұл күзетте бізге қалғуға болмайды, – дейді сөзін ары қарай жалғастырған Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Саладағы тың серпілістер санаға сілкініс береді. Шымкенттіктердің денсаулық сақтау жолындағы қадамдары осындай!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
«Қазақ әдебиеті» газеті

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...