Шымкент: Мобильді интернет желісінің қамтылу деңгейі артуда — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Мобильді интернет желісінің қамтылу деңгейі артуда

Шымкент қаласында мобильді интернет пен байланыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында бүгінде мобильді байланыс операторларының 1740 базалық станциясы қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде «Кселл» АҚ – 784, «Кар-Тел» ЖШС – 506 және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС – 450 станция иелігінде.

2023 жылы жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес, қала аумағында байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталған болатын («Кселл» – 53, «Кар-Тел» – 33, «Мобайл Телеком-Сервис» – 41). Осы кемшіліктерді жою мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп, жоспарлы жұмыстар атқарылды. Соңғы үш жыл ішінде 295 жаңа базалық станция («Кселл» – 215, «Кар-Тел» – 80) іске қосылып, 398 станцияда жаңғырту жұмыстары жүргізілді («Кселл» – 246, «Кар-Тел» – 144, «Мобайл Телеком-Сервис».

Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде 361 базалық станция бүгінде 5G жиілігінде жұмыс істеуде. Бұл шаралар байланыс сапасы төмен аймақтар санын 11 нүктеге дейін азайтуға мүмкіндік берді («Кселл» – 6, «Кар-Тел» – 5).

Қазіргі таңда операторлар тарапынан базалық станцияларды орнату мерзімін қысқарту мақсатында жаңа антенна-мачталық құрылғыларды (18) және қос мақсатты тіректерді (1) орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын жоғары жылдамдықты әрі тұрақты мобильді интернетпен толық қамтуға жол ашады.

Қоғамдық қауіпсіздік бақылауда

Өткен аптада Шымкент қаласы бойынша тергеу органдарының өндірісінде барлығы 179 қылмыстық іс тіркеліп, оның 2-і сотқа жолданды. Тіркелген істердің басым бөлігі алаяқтық (59 іс), ұрлық (41 іс), есірткінің заңсыз айналымы (12 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты (10 іс) деректерден тұрады.

Алаяқтық деректері ішінде интернет-алаяқтық жағдайлары жиі тіркелуде (40 іс). Көп таралған тәсілдер қатарында интернет желілерінде тауарлық жарнамалар арқылы алдау (14), инвестиция арқылы пайда табуға иландыру (4), өзін банк, байланыс не мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып жалған қоңырау шалу (11), несие рәсімдеу арқылы (4) және коммуналдық қызмет өкілі ретінде алдау (6) әрекеттері бар.

Мәселен, өткен аптада «М» есімді азаматқа өзін курьер ретінде таныстырған белгісіз тұлға хабарласып, СМС-хабарламадағы құпия кодты сұрау арқылы жәбірленушінің 1 миллион теңгесін иемденіп кеткен. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша тергеу жүргізілуде.

Құқық қорғау органдары қала тұрғындарын интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Кез келген күмәнді қоңырауға сенбеу, бөтен адамдарға құпия кодтар мен банк деректерін бермеу — алаяқтардың тұзағына түспеудің басты жолы.

Сонымен қатар, интернет желісі арқылы есірткі саудасын жүргізу қоғам үшін өзекті мәселе болып отыр. Өткен аптада есірткі тасымалдаушы (закладчик) ретінде жұмыс істеген «Н» есімді азамат ұсталды. Ол жеткізген заттың заңсыз есірткі екенін білмегенін айтқан. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жастарды заңсыз әрекеттерден алшақ болып, қоғамның дамуына оң үлес қосуға шақырады.

Қала аумағында жол-көлік оқиғалары да жиілеп отыр. Олардың басты себептері — жылдамдықты шамадан тыс арттыру, ұялы телефонға алаңдау, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы және кәмелетке толмағандардың скутер мен самокаттарды қауіпсіздік талаптарын сақтамай басқаруы. Тек өткен аптада осындай 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның ішінде 4-еуі — көліктердің соқтығысуы, 2-еуі — жаяу жүргіншілердің жолдан рұқсатсыз өтуі салдарынан болған.

Мал базарындағы ветеринариялық қауіпсіздік бақылауда

ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарлары – ірі қара, ұсақ мал, жылқы, түйе және шошқа – барлығы бірдейлендіріліп, дерекқор базасына тіркелуі тиіс. Осы талапқа сай, мал базарына сатуға әкелінетін әрбір жануардың иесі ветеринариялық анықтаманы, жануардың төлқұжатын және аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егілгені жөніндегі мәліметті ұсынуы қажет. Құжатсыз малдың базар аумағына кіргізілуіне қатаң тыйым салынған, өйткені бұл құжаттар жануардың денсаулығы мен шығу тегін растайтын негізгі дәлел болып табылады.

Аталған талаптардың сақталуы жұқпалы індеттердің таралуының алдын алуға және мал ұрлығының жолын кесуге мүмкіндік береді. Алайда, өкінішке қарай, бұл ережелерді көпшілік әлі толық білмей жатады.

Шымкент қаласындағы ЖК «Сәндібай» мал базары – еліміздің түрлі аймақтарынан мал әкелушілер жиі жиналатын сауда орны. Осыған байланысты қала әкімдігінің бастамасымен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы және жергілікті полиция қызметі бірлесіп, апта сайын (сәрсенбі күні) рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Өткен аптада жүргізілген тексеру барысында заңсыз мал тасымалдаған 67 тұлғаға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту берілді. Сонымен қатар, ветеринариялық құжатсыз мал тасымалдаған 12 тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабының 2-тармағына сәйкес айыппұл салу қарастырылуда.

Бүгінде әр аудан бойынша тіркелген мал басының санына сай ғана аса қауіпті ауруларға қарсы вакцина беріледі. Мал базарына әкелінген жануарлардың ветеринариялық анықтамасы мен төлқұжаты базардағы мамандар арқылы дерекқормен салыстырылып тексеріледі. Тексеру нәтижесінде мал сатып алған тұлғаға тиісті құжаттар рәсімделіп, жануар иесінің атына тіркеледі.

Құжатсыз малдың сатылымға жіберілмейтіні туралы хабарламалар базар кіреберісінде және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...