Соңғы екі жылда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен Шымкентте әлеуметтік салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірқатар әлеуметтік нысандар жаңартылып, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен қарттарға қолайлы жағдай жасалды.
58 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы алғаш рет 1,3 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ, №5 «Аялы алақан» орталығының аумағы кеңейтіліп, демеушілердің көмегімен ойын алаңы жаңартылды, енді мұнда ерекше балалар үшін шағын саябақ жасалуда.
Қарттарға арналған қызметтер де кеңеюде. 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Ізетті зейнеткер» орталығы Бозарық шағынауданында жаңа ғимаратқа көшіп, 120 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда зейнеткерлерге медициналық, емдік және мәдени-сауықтыру қызметтері көрсетіліп, төрт мезгіл тамақ беріледі. Сонымен қатар, 2024 жылы Нұрсәт шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жаңа бөлімшесі ашылып, зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасалды.
Ересек жастағы ерекше жандарға арналған №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қосымша 50 орындық ғимарат салынуда. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге, құрылыс осы жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұдан бөлек, Бозарық шағынауданында 5 гектар аумақта 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. 13,8 млрд теңге тұратын нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Бұл жобалар Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сапасын арттыруға және қоғамның осал топтарына қолдау көрсетуді күшейтуге бағытталған.
Шымкенттің медициналық кадрлары халықаралық деңгейде біліктілігін арттыруда
Шымкент қаласында медицина саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және тәжірибесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи оқу-әдістемелік, симуляциялық және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген жетекші шетелдік клиникалар мен оқу орталықтарында ұйымдастырылатын біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне жоғары білікті мамандардың тұрақты келуін қамтамасыз етуде.
2023 жылы бұл мақсатқа 183,1 млн теңге қаржы бөлініп, 48 дәрігер қайта даярлаудан өтті. Оның ішінде Израильде – 16, Түркия Республикасында – 32 маман оқыды. 2024 жылы оқытуға 201,9 млн теңге бағытталып, барлығы 165 дәрігер біліктілігін арттырды. Олардың қатарында Ресей Федерациясында тәжірибе жинаған 45 маман және Ресейден шақырылған тәлімгерлер өткізген шеберлік сабақтарына қатысқан 120 маман бар.
2025 жылы медициналық кадрлардың кәсіби даярлығын жетілдіруге 381,9 млн теңге қарастырылып, 374 маманды оқыту жоспарланған. Оның ішінде шетелдік тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Ресейде – 19, Беларусь Республикасында – 2, Литва Республикасында – 33 маман білім алады. Сонымен қатар, шетелдік тәлімгерлердің қатысуымен өтетін оқыту курстары арқылы Ресейден – 250, Беларусьтен – 40 және Литвадан – 30 маман жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөліседі.
Бұл шаралар медициналық кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи білім беру технологияларын денсаулық сақтау саласына енгізуге және Шымкент тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Қаламыздың көшелері жарықтандырумен толық қамтылады
Шымкент қаласында 2025 жылы көше жарықтандыру жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жыл басынан бері 1 758 көшеге 35 218 жарық шамы орнатылды. Оның ішінде Абай ауданында – 721 көше (12 787 жарық шам), Әл-Фараби ауданында – 72 көше (776 жарық шам), Еңбекші ауданында – 239 көше (7 096 жарық шам), Қаратау ауданында – 413 көше (10 253 жарық шам), ал Тұран ауданында – 313 көше (4 306 жарық шам) жарықтандырылды.
Жыл соңына дейін қосымша 985 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай қала көшелерін 100 пайыз жарықтандырумен қамтамасыз ету көзделген. Барлық жарық шамдары толық орнатылып, іске қосылғаннан кейін 2 743 көшедегі жарық желілерін күтіп ұстау жұмыстары Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылым басқармасының теңгеріміне өткізіледі деп жоспарлануда.
Бұл шаралар мегаполистегі тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып, қаланың түнгі келбетін айшықтай түспек.
Қалада кең жолақты интернет желісімен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2021 жылдан бастап жеке инвесторлардың қатысуымен қаладан шалғай орналасқан 60-қа жуық елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылып, нәтижесінде 500 мыңға жуық тұрғын жоғары жылдамдықты интернетті пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Биыл бұл бастама жалғасын тауып, қосымша 23 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандум жасалды. Бүгінгі таңда оның ішінде 13 елді мекеннің (Жайлау, Көксай, Азат, Химфарм, Ынтымақ-2, Қатын көпір, Орманшы, Қорғасын, Сайрам, Айнатас, Құлагер, Жасдәурен, Ақтас-2, Мәртөбе) тұрғындары интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Қалған 10 елді мекеннің 8-інде (Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Қаратөбе, Нұршуақ, Жиделі, Тұрлан) кең жолақты интернет желісін қосу қараша айында жүзеге асырылмақ. Ал Исфиджап пен Қайнарбұлақ елді мекендерін желіге қосу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.
Аталған шаралардың нәтижесінде Шымкент қаласының барлық тұрғындары үшін заманауи, жылдам әрі тұрақты интернет қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі кеңейіп, мегаполистің цифрлық даму деңгейі жаңа сапалық кезеңге көтеріледі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/hrIwC_E42JA?si=mztrveEgzmp5LIyM
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
