1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Қарттар үйлерінде концерттер өткізіліп, басты салтанатты жиын сағат 12:00-де «Royal Rose» мейрамханасында өтеді. Мұнда түрлі салада еңбек еткен 200-ден астам ардагерге сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталады.
5 қазан – Ұстаздар күніне орай 3 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты іс-шара өтеді. Жергілікті өнерпаздар мен жастар ұстаздарға арнаған өнерін паш етіп, үздік педагогтарға марапаттар тапсырылады.
19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңындағы мереке де «Қызғалдақ» сарайында атап өтіледі. Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаға жергілікті өнерпаздар қатысады. Биыл құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесін ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығымен бірге атап өтуде. Осыған орай республика көлемінде «30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясы өтіп жатыр. Шымкенттік құтқарушылар да ардагерлерге, балаларға, табиғат пен жануарларды қорғауға арналған түрлі қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруда.
25 қазан – Республика күні қарсаңында екі күндік ауқымды шаралар жоспарланған. 24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтіп, еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті марапаттар, сондай-ақ «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал 25 қазанда Астана алаңында сағат 20:00-де ашық аспан астында үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, еліміздің танымал әншілері мен жергілікті өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Шымкент шағын аудандарында өрт сөндіру деполары бой көтеруде
Шымкент қаласының бірқатар шағын аудандарында өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы басталды. Қазіргі таңда Таскен, Елтай және Сәуле шағын аудандарында нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Жаңа деполар пайдалануға берілген соң мұнда 20-ға жуық қызметкер жұмыс істеп, 2 өрт сөндіру техникасы тұрақты дайындықта тұрады. Сондай-ақ тұрғындарға учаскелік полиция, медициналық пункт, өрт сөндіру бекеті және жол-патрульдік қызмет те қолжетімді болмақ. Бір қабатты ғимаратта қызметтік кабинеттер, асхана және оқу сыныбы қарастырылған. Нысандардың құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
Осыған қоса, жыл соңына дейін Бозарық пен Жаңаталап шағын аудандарында да осындай деполардың құрылысы басталмақ. Ал 2026 жылы Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар шағын аудандары өрт сөндіру бекеттерімен қамтылады.
Қаладағы ауқымды жобалардың бірі – Тұран шағын ауданында салынып жатқан 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы. Бұл нысанның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған, қазіргі таңда жұмыс көлемінің 25%-ы орындалды. Құрылыстың толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Жаңа нысандардың іске қосылуы қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/0BWUpHWDaXQ?si=ObcnD-KnaQUa2X3P
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
