Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібіне басымдық беруде

Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөліп, шетелдік инвесторларды тарту арқылы өңір экономикасын әртараптандыруды көздейді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өндірісті нығайтуды мақсат етеді. Бүгін өңір басшысы бірқатар инвесторлармен кездесіп, Түркістан өңірінде кәсіп ашудың тиімді тұстарын түсіндірді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрмыстық және кеңсе тауарларын өндірушілер Түркістанды жаңа кәсіп ашу орны ретінде таңдауда. Жоба аясында жоспарланған өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам тауар өндіруге қауқарлы болады және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.

Бұл саланың нарықтағы импорт үлесі 80%-дан асады, сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салу арқылы өнімнің отандық үлесін арттыру мүмкіндігі зор. Қағаз өндірісі саласында толық циклді өндіріс қалыптастыру шикізатты өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Инвесторлар құрылыс материалдары шығару, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандар, өнеркәсіп жабдықтары өндіру салаларына да қызығушылық білдіріп отыр. Мұндай өндірістік әртүрлілік өңірдегі өнеркәсіптік кластерді кеңейтеді, жұмыс орындарын ұлғайтады және өндірістік сапаны арттырады.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен ашық әрі сенімді байланыс орнатудың маңызын атап өтті.

– Түркістан облысы – инвестиция үшін қолайлы аймақ. Өндірісті осында орналастыру арқылы сіздерге Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығы қолжетімді болады. Сонымен қатар Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірдің әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сауда мен логистиканы дамыту әлеуеті өте жоғары. Біздің тараптан толық қолдау болады. Бұл – сіздің инвестицияңыздың тиімділігін арттыратын мүмкіндік. Біз әр инвестормен жеке жұмыс істеуге дайынбыз. Кез келген мәселе бойынша менің жеке телефоныма тікелей хабарласыңыздар. Біз үнемі байланыстамыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Әкімдік инвесторларға салықтық жеңілдіктерді, экспорт және логистика бағытындағы көмек көрсетуді, өндірістік ғимараттарды қамтамасыз етуді ұсынады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы сияқты индустриалдық парктерде өндіріс үшін дайын инфрақұрылым бар және тиісті қолдау пакеттері жасалуда.

Жобалар іске асса жаңа жұмыс орындары ашылады, импортқа тәуелділік төмендейді, өңірдің өнеркәсіп әлеуеті артады, білікті кадрлар даярлау деңгейі өседі әрі өндірістің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейеді.

x

Check Also

Елімізде 2026 жылдан бастап сән-салтанат салығы енгізіледі

2025 жылдың 18 шілде күні ҚР жаңа Салық Кодексі қабылданған болатын. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл ...

В Шымкенте прошла ярмарка труда, на которой предложено около 2 тысяч рабочих мест

В Шымкенте растёт активность на рынке труда. Сегодня в городском выставочном центре состоялась крупномасштабная ярмарка вакансий под названием «Труд – ...