«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бүгін кезекті рет жалпы қалалық сенбілік өткізілді. Қала әкімдігінің басқармалары, құрылымдық бөлімдерінің қызметкерлері белгіленген аумақтарда санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді.
“Таза Қазақстан” жалпыұлттық бағдарламасы аясында қалада сенбілік іс-шаралары тұрақты өткізілуде. Бүгін де қаланың аудан аумақтарында басқарма қызметкерлері, қала тұрғындары тағылымды іс-шарадан шет қалмай, жақсы іске жұмыла кірісті.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері Еңбекші ауданы аумағындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларын тазарту жұмыстарын жүргізді. Олар аумақты қоқыстан тазалап, жасыл желектерді күтіп-баптап, таза әрі жайлы орта құруға өз үлестерін қосты.
Ал, Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы Т.Айбергенов көшесінің бойындағы ирригациялық арықтар мен тұрғын үй аулаларын, жолдарды қоқыстан тазартты.
Мекеме мамандары бекітілген аумақты қоқыстан тазалап, жасыл желектердің айналасын ретке келтіріп, қаланың көркін арттыруға бағытталған жұмыстарды атқарды. Бұл іс-шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мен тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Аталған іс-шара аясында мәдениет басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері Сырым батыр көшесі (А-2 тас жолынан Қайнарбұлақ саяжайына дейін) бойын қоқыстан арылтты. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры ұжымы Сырым батыр көшесінің басынан ортасына дейінгі аумақта сенбілік жұмыстарын атқарып, жалпы 100-ге жуық қызметкер тазалыққа үлес қосты. Қала аумағын қоқыстан тазарту мақсатында мәдениет мекемелері мен басқарма қызметкерлерінен құралған 900 адамдық флешмоб ұйымдастырылды.
Қаланың тазалығы — баршаға ортақ міндет. Аудан ардагерлері, белсенді азаматтар оң бастамаға үнемі қолдау көрсетіп, ұйымшылдығын танытып келеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз»,-деп айтқаны есте.
Акцияның басты мақсаты – қаланың тазалығын сақтап, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру мен табиғатты қорғауға деген тұрғындардың санасын оятуға бағытталған. Қызметкерлер өз іс-әрекеттері арқылы қоғамның экологиялық санасын көтеруге ықпал етті. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
