Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың 19 қызметкері Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы клиникалық базаларының бірі – Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінде кәсіби біліктілігін арттыруда.
Біліктілік арттыру бағдарламасы аясында мамандар «Неонаталды хирургия», «Балалар хирургиясы», «Балалар хирургиясындағы эндоскопиялық оталар» секілді маңызды тақырыптарды терең меңгерді. Бұл тәжірибе шымкенттік дәрігерлерге заманауи тәсілдерді игеріп, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін тағы 33 маман Литва және Беларусияның жетекші клиникалық базаларында оқытылады. Олар «Акушерліктегі шұғыл көмек», «Акушерлік-гинекология тәжірибесіндегі ультрадыбыстық диагностика», «Онкологиялық патологиядағы паллиативті көмек», «Торакалды хирургия» тақырыптары бойынша білім алады.
Айта кетейік, 2024 жылы да шетелдік клиникалық орталықтарда 46 маман кәсіби деңгейін көтерген болатын. Бұл жұмыстар медицина саласында халықаралық тәжірибені кеңінен енгізуге және білікті кадрлар қатарын нығайтуға септігін тигізуде.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта да отандық медицина мамандарының үздік шетелдік орталықтарда тәжірибе алмасуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды жалғастыратын болады.
Жақында: Нәрестелерге шұғыл хирургиялық көмек көрсететін бөлімше ашылды. Шымкент қалалық перзентханасында неонаталдық хирургия бөлімшесінің ашылуы – еліміздің неонатология саласындағы маңызды стратегиялық шешімдердің бірі.
Жаңа туған сәбилердегі туа біткен ақаулар мен күрделі патологиялар көп жағдайда алғашқы сағаттарда анықталып, шұғыл көмек көрсетуді талап етеді. Бұрын мұндай балаларды басқа көпбейінді ауруханаларға тасымалдауға тура келетін, бұл өз кезегінде уақыт жоғалту мен қауіп-қатердің артуына себеп болатын. Енді перзентхана базасында тікелей шұғыл ота жасау мүмкіндігі бар. Бұл – перинаталдық көмектің тиімділігі мен қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтереді.
Туа біткен аномалияларды дер кезінде анықтап, шұғыл хирургиялық жолмен емдеу. Шала туған нәрестелермен жұмыс істеуге бейімделген заманауи құрал-жабдықтар. Анестезиология мен реанимация қызметінің толық интеграциясы, Жоғары білікті неонаталдық хирургтар мен анестезиологтардан құралған команда.
Уақыт факторын қысқарту – жаңа туған сәбиге алғашқы сағаттарда көмек көрсету өмір мен өлімнің арасындағы шешуші фактор. Қауіпсіз тасымалдауға балама – ауыр жағдайда жатқан сәбиді тасымалдамай-ақ, қажетті көмекті бір жерде көрсету. Перинаталдық көмектің кешенділігі – акушер, неонатолог, хирург және анестезиологтың бірлескен жұмысы медициналық көмектің сапасын арттырады.
Бүгінде бөлімше дәрігерлері 7 сәбиге сәтті ота жасап, олардың өміріне араша түсті. Бұл – бір мекеменің шегінен тыс, жүйелік өзгерістердің белгісі. Неонаталдық хирургия бөлімшесінің ашылуы – тек бір мекеменің жаңалығы емес, бұл – денсаулық сақтау саласындағы жаңа кезеңнің бастауы. Болашақта мұндай тәжірибенің басқа өңірлерге де таралуы – ана мен бала өмірін сақтаудағы маңызды фактор болмақ.
Қазақстандағы 3-ші мегаполис медициналық туризмді мықтап қолға алуда
Сөз соңына «Jibek Joly» телеарнасы түсірген ақпаратты ұсынамыз.
Шымкентке туристтер демалып, дәмді ас-ауқат ішу үшін ғана келмейді. Енді мұнда денсаулығын түзетіп, ең мықты деген дәрігерлерден жәрдем алуға болады. Қазірдің өзінде денсаулығын реттеуге Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, тіпті Қытайдан да емделушілер келе бастаған. Әсіресе, кардиология, нейрохирургия және ортопедия бойынша күрделі оталар жасалып жатыр.
Абдулахай Қасымов Шымкентті өзінің екінші рет дүниеге келген жері санайды. Өйткені Тәжікстан азаматы осыдан біраз уақыт бұрын инсульт алып, қатты науқастанып қалған. Душанбедегі дәрігерлері оған ми қантамырларына зақым келгенін айтып, шұғыл операция жасату үшін Қазақстанға баруға кеңес беріпті. Сөйтіп, азамат Шымкентке келген.
— Біз жақта тексеріп, жағдайдың күрделі екенін айтты. Қазақстанға баруға кеңес берді. Хабарластық, келдік — қазір өзімді тамаша сезінемін. Еркін жүріп-тұрамын, ұйқым тыныш, басым айналмайды. Бәрі жақсы, — деді Абдулахай Касымов.
Абдулахайға Шымкенттегі екінші қалалық ауруханасында ота жасалған. Бәрі сәтті өтіп, енді ауруханадан үйіне шығарылып жатыр. Оған операция жасау кезінде қазақ хирургтері аз инвазивті әдісті қолданыпты. Бұл стресті азайтып, тез оңалуға мүмкіндік беретін әдіс деседі.
— Инсульттен кейінгі жағдай миды қоректендіретін тамырлардың аурулары болады. Мальформация, аневризма инсультке әкелетін. Иә, болмаса тамыр бітеле бастайды, бұны атеросклероз дейді. Қиын жерде орналасқан ісіктер болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайларда ота жасалуы керек. Олар бір-бірінен естіп, таңдау жасайды. Қаншама адам осында ота жасатып кетіп жатыр. Сәтті өтіп жатыр, — деді нейрохирург Марат Құлмырзаев.
Шымкенттегі ақылы медициналық қызметтер — Орталық Азиядағы ең қолжетімді қызметтің бірі. Емделушілер көршілес елдерден ғана емес, сонау Еуропадан да келіп жатады. Біздің мамандар өзімізде ғана емес, сондай-ақ тәжірибесімен алмасып, шетелге де шығады.
— Біздің дәрігерлеріміздің, біздің мамандарымыздың біліктілігі ғой. Соны да біз көтеру үшін екінші жыл қатарынан шетелде оқытып жатырмыз. Былтыр 120 адамды осында келіп оқытқан. Биылғы жылы да 120-130 адамды оқытамыз, мастер класпен де шығады. Өйткені барып тәжірибе көрген де дұрыс деп жатырмыз, — деп атап өтті Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Осылайша Шымкент медициналық туризм бағытында нағыз көшбасшыға айналуға үмітті. Қанша жерден сынаса да, қазір жалпы Қазақстан медицинасына деген сенім біршама артып келеді. Бұл қуантатын жағдай. Оған Қазақстанға келіп сауығып, үйіне қайтып жатқан туристтердің алғысы дәлел.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
