2025 жылғы 23 тамызда Шымкент қаласында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Аталған шараға Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік мекемелер, коммуналдық қызметтер және қала тұрғындары белсене атсалысты.
Сенбіліктің негізгі мақсаты — қала аумағын күл-қоқыстан тазарту, экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін нығайту болды.
Әл-Фараби ауданы аумағында ұйымдастырылған сенбілікке жалпы саны 499 қызметкер мен 30 арнайы техника жұмылдырылып, 41,7 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.
Атсалысқан мекемелер мен ұйымдардың үлесі төмендегідей:
• Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты (“Әл-Фараби” КММ, “Таза Өлке” ЖШС) тарапынан 300 қызметкер мен 22 техника қатысып, 35 тонна қоқыс шығарылды;
• Тұрғын үй басқармасынан 19 қызметкер — 0,5 тонна қоқыс;
• Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы — 35 қызметкер, 3 техника, 2,4 тонна қоқыс;
• Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы — 35 қызметкер, 2 техника, 1,52 тонна қоқыс;
• Білім басқармасы — 35 қызметкер, 2 техника, 2,3 тонна қоқыс;
• Дін істері басқармасы — 15 қызметкер, 1 техника, 0,014 тонна қоқыс;
• “Жастар ресурстық орталығы” КММ тарапынан 60 ерікті жас сенбілікке қатысты.
Сенбілік барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөп шабу, жолдар мен аяқжолдарды жуу, қоқыс алаңшаларын тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің келбетін жаңарту, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, аулаларды абаттандыру (бояу, жөндеу, көгалдандыру) сынды ауқымды жұмыстар атқарылды.
Айта кету керек, бұл бастамаға тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, аудан тұрғындары да өз еріктерімен белсенді қатысып, сенбілік жұмыстарына сүбелі үлес қосты. Олардың белсенділігі мен жауапкершілігі қаланың көркеюіне, тазалығы мен жайлылығына үлкен ықпал етті.
Мұндай экологиялық шаралар қала мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Тазалық — әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ұмытпайық.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
