Тамыз айы елімізде құрылысшылар мен жол саласы мамандарына арналған кәсіби мерекелермен айшықталады. Бұл — ел экономикасының күретамыры саналатын салаларда еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтардың қажырлы еңбегін бағалайтын, құрметтейтін айрықша кезең.
Бүгін осыған орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жиын барысында бірқатар мамандар Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, құрылыс және жол саласының үздік өкілдері ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне, «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болып, әкімнің алғыс хаттарына да лайық деп танылды.
Қала басшысы өз сөзінде құрылыс және жол саласының мамандары тек нысан тұрғызып қана қоймай, мегаполистің болашағын қалыптастырып жатқанын ерекше атап өтті. Олар – жаңа тұрғын үйлердің, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың бой көтеруіне тікелей жауапты. Бұл — халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартатын басты бағыттардың бірі.
– Қала тұрғындары жайлы өмір сүріп, сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі – сіздердің маңдай терлеріңіздің нәтижесі. Шымкенттің дамуына қосып жатқан үлестеріңіз зор. Сіздерге алғыс білдіреміз, – деді әкім өз сөзінде.
Республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкентте соңғы жылдары құрылыс саласында елеулі серпіліс байқалуда. 2018 жылдан бері қалада жалпы көлемі 4,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл — тек сандар ғана емес, мыңдаған отбасының қоныс тойын тойлап, жаңа өмір бастауының айғағы.
Ал биылдың өзінде 1,37 миллион шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында былтыр 11 жаңа мектеп пен 2 оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қалада 17 білім беру нысанының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Оған қоса, әлеуметтік саладағы бірқатар маңызды ғимараттардың да іргетасы қалануда.
Шымкент қаласы соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да қарқынды қадамдар жасап келеді. Егер бұған дейін жыл сайын орта есеппен 250 шақырым жол жөнделіп келген болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге — 1 059 шақырымға жетпек.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
