Шымкент қаласында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында кезекті «Таза қала» жалпы қалалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері, аудан әкімдіктері, коммуналдық мекемелер қызметкерлері, қала тұрғындары мен еріктілер қатысты.
Әл-Фараби ауданында өткізілген шараға жалпы 335 адам мен 22 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 27 тонна қоқыс шығарылды. Жұмыстар барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөп шабу, қоқыс алаңшаларын жуу, жолдар мен аяқжолдарды тазалау жұмыстары жүргізілді.
Тұран ауданында тазалық жұмыстарына 426 адам мен 36 техника тартылып, 18,3 тонна қоқыс шығарылды. Іс-шарада жасыл желектерді күтіп-баптау, қураған ағаштар мен бұталарды кесу, сондай-ақ аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары атқарылды.
Абай ауданында ұйымдастырылған жұмыстарға 400 адам мен 15 техника жұмылдырылып, 42 тонна қоқыс шығарылды. Акция барысында қураған ағаштар алынып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді, аумақтарда санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды.
Одан бөлектер, тазалық іс-шарасы барысында аудан аумақтарында жасыл желектерді күтіп-баптау, жолдар мен аяқжолдарды жуу, қоқыс алаңшаларын ретке келтіру секілді өзге де жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар, сенбіліктер тек тазалықпен шектелмей, тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың да тиімді жолы саналады. Бірлесіп еңбек ету арқылы адамдар өз ортасына деген жанашырлығын танытып, туған қаласына деген сүйіспеншілігін нақты әрекетпен білдіреді. Бұл — ұрпаққа өнеге, үлгі болатын игі бастама.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді мақсат. Ол тек билік органдарының емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қала аумағын таза ұстау, қоқысты белгіленген орындарға тастау, жасыл аймақтарды сақтау – осының бәрі қарапайым әрі қолжетімді әрекеттер. Сол себепті, әр тұрғын өз әрекетімен өзгелерге үлгі көрсетіп, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қараса, Шымкент қаласы экологиялық тұрғыда таза әрі жайлы ортаға айналмақ.
Алдағы уақытта да «Таза қала» жалпы қалалық акциясы қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ қала келбетін көркейтуге бағытталған.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
