Шымкент қаласында қоршаған ортаның жағдайы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналды. Қаланың атмосфералық ауасының ластануы, тұрғындардан түсетін шағымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық тәртіпті сақтау деңгейі — барлығы Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің күнделікті бақылауындағы жұмыстар.
Экология департаменті – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізумен айналысады. Департаменттің күнделікті жұмысының басым бөлігі — қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қарауға бағытталған.
Алайда тұрғын үй секторларындағы бірқатар мәселелер кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтындықтан, заңды негізде тексеріс жүргізу мүмкін емес. Мұндай жағдайда департамент түсіндіру жұмыстарымен шектеледі.
2025 жылдың 6 айындағы экологиялық қадағалау қорытындылары
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент:
• 19 тексеру жүргізген (оның ішінде 6 – профилактикалық, 2 – сәйкестік, 11 – жоспардан тыс).
• 19 нұсқама берілген.
• 34 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 23,5 млн теңге айыппұл салынған. Оның 23 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Елеулі істер:
• 3 заңды тұлға бойынша «Жерді бүлдіру» дерегімен іс қозғалғанымен, қылмыстық құрам болмағандықтан, олар Экология департаментіне қайтарылып, 8,86 млн теңге айыппұл салынды.
• 4 жеке тұлға жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 33 мың теңге айыппұл төлеген.
• Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасарына санитарлық талапты бұзғаны үшін 29 490 теңге айыппұл салынған.
• «Аэрапорт Шымкент» АҚ – 553 мың теңге айыппұл.
Қаланың экологиялық заңнамасын өрескел бұзған бірнеше кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды:
• «СинЮанСТИЛЬ» ЖШС – рұқсатсыз қосымша ластау көзі қосып, тазалау құрылғысыз жұмыс істеген.
• HILL ЖШС – 1,96 млн теңге айыппұл және 2325960 теңге өсімпұл, қызметі 1 айға тоқтатылды.
• «Гермес-Б.Е.» ЖШС – 786 400 теңге айыппұл, 3 айға тоқтатылды.
• ЖК Хабибулла Нематулла – 393 200 теңге айыппұл, 1 айға тоқтатылды.
2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (55 іс, 171 млн теңге айыппұл), тексеріс саны азайғанымен, нақты шаралар мен тиімділік арта түскені байқалады.
Қала атмосферасының сапасы «Қазгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеті арқылы бақыланады. 2020 жылдан бері қала «көтеріңкі ластану деңгейінде» қалып отыр.
Ластау динамикасы:
• 2018: 33,41 мың тонна
• 2020: 29,55 мың тонна
• 2023: 34,1 мың тонна
• 2024: 35,73 мың тонна
Ластанудың артуы — жаңа өндірістік нысандардың іске қосылуымен түсіндіріледі.
Қаладағы ауа сапасына әсер ететін 4 ірі кәсіпорынға (жылына 500 тоннадан көп шығарындылары бар автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторинг жүйелері (МАЖ) орнатылған. Жүйе арқылы мәліметтер Ұлттық деректер банкіне жолданып отырады.
Қадағалау нәтижелері:
• «ПКОП» – 2024 жылы МАЖ орнатпағаны, 2025 жылы дұрыс ақпарат бермегені үшін айыппұл мен нұсқама берілді.
• «Шымкентцемент» – МАЖ жүйесінің істен шығуына байланысты экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жазаланды.
Жаз айларында, әсіресе түнгі мезгілде қала тұрғындары жағымсыз иіске жиі шағымдануда.
Мәселені жедел анықтау үшін:
• қала әкімдігімен бірлескен жұмыс тобы құрылды;
• түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Тексеру нысандары негізінен индустриялық аймақтарға бағытталған:
• «Оңтүстік» индустриялды аймағында – 90 кәсіпорын,
• Тассайда – 30-ға жуық,
• Ордабасыда – 119-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
Шымкенттің экологиялық ахуалы тұрақты бақылауда болғанымен, өндірістік ластанудың артуы мен тұрғын шағымдарының жиілеуі — қалада экология мәселесі күн тәртібінен түспейтінін көрсетеді. Экология департаменті заң аясында қатаң шаралар қабылдап, ауаны бақылау жүйесін жетілдіруде. Дегенмен, қоршаған ортаны қорғау — тек мемлекеттік органның емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екені анық.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/CzWSRUseoEE?si=fnm8loctE26X6QJH
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
