Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысымен және «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бүгін іс-шара Абай ауданындағы Дендросаябақта өтті.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік белсенді шаралары жөнінде кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату.
Іс-шарада мемлекеттік бағдарламалар таныстырылып, түрлі саладағы 20-ға жуық мекеме жүздеген бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен бірге өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы түсіндіріліп, Павлодар облысынан келген делегаттар сол өңірдегі бос жұмыс орындарын таныстырды.
Жәрмеңке қорытындысында 80-нен астам азаматқа ақпараттық буклеттер таратылды. 38 тұрғынға «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы орнатылып, онлайн оқу мен тіркелу жолдары көрсетілді. 40-тан астам азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, олардың 36-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 7 азамат жастар практикасына, 4 азамат қоғамдық жұмысқа жолданды, 14 азамат қысқа мерзімді оқуға жіберілді.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөніндегі ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты түрде насихатталуда
Сұранысқа ұсыныс
Ал, Шымкенттегі зауыт, фабрикаларда кадр тапшы. Кәсіпорын басшылары: «Жастардың техникалық және кәсіптік білім алуға деген құштарлығы төмен», — дейді. Мәселені шешу үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі көбейтіліп, дуалды оқыту жүйесі де енгізілген. Алайда өндірісте жас мамандар көп тұрақтай бермейтін көрінеді.
Аймақта жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаевқа электр жүйесіне қатысты тарифті қайта қарау мәселесі де жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкерлер халықаралық жүк тасымалын жандандыру қажеттігін айтты.
Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
— Кәсіпкерлерде қандай мәселелер бар? Оны заңмен қалай ретке келтіруге болады? Үкіметке қандай ұсыныстар жасауға болады? Осы мәселелердің бәрін жинақтап, депутаттық сауал ретінде өз ұсынысымызды үкіметке жеткізу.
Президент: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», — деген еді.
Ал еңбек адамы деген кім? Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам — еңбек адамы! Ол — дихан бола ма, ол — малшы бола ма, ол — жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
