Қазақстанда бет-әлпетті жабуға тыйым салынды

Шымкент қаласының Дін істері басқармасы мәлімдеме жасады.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Ағымдағы жылдың 30 маусымында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына толықтырулар енгізіліп, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге тыйым салынды.

Бұл өз кезегінде қоғамдық орындарда никаб, түрлі бетперде, балаклава және басқа да бетті жасыратын аксессуарларды киюге тыйым салуды көздейді.
Медициналық мақсаттағы бетперделерге бұл шектеу қолданылмайды.

Аталған шешім азаматтардың құқықтарын шектеу емес, керісінше, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында заң талаптарын сақтауға және заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз.

Айта кетейік, Қазақстанда 12 шілдеден бастап, қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуды көздейтін заң күшіне енді. Қазір полицейлер заңнамадағы өзгерістерді азаматтарға түсіндіріп жатыр.

Құзырлы орган өкілдерінің түсіндіруінше, заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың тұлғасын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау.

Қазір учаскелік инспекторлар бұл тыйымның кімдерге қатысты екенін азаматтарға түсіндіруде. Полицейлердің хабарлауынша, тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мысалы бетперде, никаб.

Ал бет-әлпетті жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира секілді киімдерға бұл норманың қатысы жоқ. Бұл тыйым ауа райы жағдайына, медициналық көрсеткіштерге байланысты қолданылатын киімдерге де қатысты емес.
• Сондай-ақ бұл норма Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау;
• қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау;
• азаматтық қорғау кезінде;
• сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға қолданылмайды.

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...