Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда Әзербайжан мен Армения елдері арасында қол қойылған келісімді тарихи жетістік деп санайды.
Аталған құжат қос мемлекет арасындағы ұзаққа созылған әскери қақтығысты түбегейлі тоқтатып, дипломатиялық қатынас орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты дамытуға жол ашты.
Мемлекет басшысының пікірінше, Әзербайжан мен Арменияның мұндай келісімге қол қоюы – АҚШ Президенті Дональд Трамптың тегеурінді әрі тиімді бітімгерлік миссиясының арқасы. Ол Әзербайжан және Армения басшыларын саяси ерік-жігер танытып, стратегиялық тұрғыдан көреген шешім қабылдауға көндіре алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды.
Еліміз бейбіт келісімнің негізгі шарттарына қатысты сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі келіссөз алаңы ретінде Алматы қаласын ұсынды.
Министрлер арасындағы келіссөздер Алматыда өтті.
Еске салсақ, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян бірлесіп, президент Трампты Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсыну туралы Нобель комитетіне хат жолдауды ұсынды.
Трамптың айтуынша, егер тараптардың бірі бейбіт келісімді бұзса, Армения мен Әзербайжан оның араласуына сенім арта алады.
Бұл бірлескен декларация — ұзақ уақыт бойы қақтығыс жағдайында болған екі ел қол қойған тарихтағы алғашқы екіжақты құжат. Құжатқа қол қою — елдер арасындағы бейбіт келісімге жол ашатын қадам.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің мәлімдеуінше, бейбіт келісімге қол қою Армения Конституциясынан Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптарды алып тастағаннан кейін мүмкін болады. Ол сонымен қатар армян тарапының Конституцияға өзгерістер енгізуге дайын екенін атап өтті.
Әлиевтің айтуынша, АҚШ-та бейбіт келісім мәтінінің алдын ала мақұлдануы оған міндетті түрде қол қойылатынына негіз береді. Әйтпесе, бұл АҚШ-қа құрметсіздік болып саналар еді.
Вашингтонда Әзербайжан мен Армения энергетика, сауда және технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы екіжақты келісімге де қол қойды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары