Мемлекет басшысы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ақпараттық білім беру орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында дүниеге келген.

Рига азаматтық авиация инженерлері институтын 1974 жылы және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін 1993 жылы бітірген. Алматы облысындағы азаматтық авиация әуе қатынастарының Боралдай авиа отрядында инженер болды. 1986 жылы азаматтық авиацияның 30-оқу жаттығу дайындығын бітіріп, азаматтық авиацияның пилоты мамандығын алды.

1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-пилоты, командирі болды. 1989 жылы Ульяновск (қазіргі Тольятти қаласы) қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженерлік-техникалық кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-пилоты болды. 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісті.

1991 жылы Талғат Мұсабаевқа «Ғарышкер-сынақшы» квалификациясы берілді. 16-негізгі бағдарлама бойынша 1994 жылғы 1 маусымнан 4 қарашаға дейін (ұзақтылығы 127 тәулік) «Союз ТМ» ғарыш кемесінде борт-инженер ретінде ғарышта болды: 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне (жалпы ұзақтылығы 11 сағат 06 мин) шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми зерттеулердің 2-бағдарламасын орындады.

25-негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылғы 29 қаңтар мен 25 тамыз аралығында (ұзақтылығы 208 тәулік) «Союз ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің кеме командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезіңде 5 рет ( жалпы ұзақтылығы 30 сағат 08 мин) ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Мұнда ғылыми–зерттеулер мен эксперименттердің қазақстандық 3-бағдарламасын орындады.

2001 жылғы 28 сәуір мен 6 маусым аралығында «Союз –ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедициясының экипаж командирі. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эсперименттердің қазақстандық 4-бағдарламасын орындады.

Мұсабаев ұшақ спортынан қазақстан құрама командасы құрамында өнер көрсетті, КСРО чемпионы атанды. Гимнастикадан Латвия құрама командасының құрамында жарыстарға қатысты. Гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері атанды.

Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» және Ресей Федерациясының Батыры, «Отан», «Халықтар достығы», 3-дәрежелі «За заслуги перед Отечеством» (Ресей) ордендерімен, NASA-ның «Ғарышқа ұшқаны үшін» медалімен марапатталды.

2000 жылдан Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі болды.

«Параграф» АҚЖ мәліметі бойынша, 2007 жылы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетін басқарды.

2007-2014 жылдары Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы болды.

2014-2016 жылдары Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды.

2017-2023 жылдары Қазақстан парламенті сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Талғат Мұсабаевтың артында төрт баласы қалды.

x

Check Also

Жұмысшы мамандықтар жылы – 2025: Диқаншы – еңбектің нақты иесі!

2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны – ауыл еңбеккерлеріне деген құрметтің белгісі. Осыған орай, дала ерлері – ...

Добро пожаловать на подкаст «Военкомат онлайн: новая реальность службы»

Сегодня мы поговорим о том, как изменился призыв в эпоху цифровизации. Электронные повестки, онлайн-учёт и цифровая армия — что это ...