Әлеуметтік көмек енді мұқтаж отбасыларға әділ түрде беріледі

Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілі енгізілуде. Бұған дейін көмек республикалық және жергілікті деңгейде көрсетілгенімен, өңірлер арасында айырмашылықтар байқалатын: бір аймақта көлемді қолдау көрсетілсе, басқа өңірде ол аз болатын. Осы олқылықты жою мақсатында мемлекет әлеуметтік көмекті әділ бөлуді қолға алды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа жүйе бойынша көмек әр отбасының нақты жағдайына қарай беріледі. Ол үшін «скоринг» әдісі енгізіліп отыр. Бұл тәсіл отбасының табысын, баспанасы мен көлігінің болуын, сондай-ақ жалпы материалдық жағдайын есептеп қана қоймай, материалдық емес факторларды – отбасылық әлеуетті, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін де бағалайды. Нәтижесінде отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай алты санатқа бөлінеді.

Мемлекеттік қолдау бірінші деңгейден бесінші деңгейге дейінгі санаттағы отбасыларға көрсетіледі. Ал алтыншы деңгейге жататын, табысы жоғары отбасылар жергілікті бюджеттен көмек алмайды. Мәселен, егер отбасы бірнеше пәтерге, екі автокөлікке иелік етсе немесе әр мүшесіне шаққандағы табысы айына 185 мың теңгеден асса, ол мұқтаж ретінде қарастырылмайды.

Қазіргі уақытта жаңа жүйе пилоттық жоба ретінде Қарағанды облысында және Шымкент қаласында іске асырылып жатыр. Жүйенің ерекшелігі – азаматтардан өтініш талап етілмейді. Ақпараттық база отбасын автоматты түрде тексеріп, егер көмек қажет деп танылса, азаматқа SMS-хабарлама жібереді. Көмек алу үшін тек SMS арқылы келісім беру жеткілікті.

Пилоттық жоба аясында 11 қызмет автоматтандырылған түрде көрсетіледі. Олардың қатарында мектеп оқушыларына тегін тамақтану, студенттерге жатақхана және тегін ас беру, жазғы лагерьге жолдама ұсыну, тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі, жалдамалы пәтер үшін субсидия төлеу, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу сияқты әлеуметтік қолдау түрлері бар.

Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – әлеуметтік көмекті әділ бөлу, оны шын мәнінде мұқтаж жандарға жеткізу. Жаңа тәсіл артық құжат жинауды қысқартып, процесті жеңілдетеді және халықтың әлеуметтік қолдауға уақтылы қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/UzYez1goURo?si=jfoDlOQpxx_BnqG6

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...