Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Даулетова Әсем Рахымқызы мен коммуналдық объектілерді бақылау бөлімінің басшысы Каракулова Майра Сүйрекқызы «Тағамнан уланудың алдын алу және шомылу орындарында санитариялық талаптарды сақтау» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.
Шымкент қаласында жаз мезгілінде тағамнан улану оқиғаларының алдын алу мақсатында эпидемиологиялық маңызы бар нысандарға — қоғамдық тамақтану орындарына, азық-түлік өнімдерін өндіретін, сақтайтын және сататын кәсіпорындарға санитариялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылуда. Бұл талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық қағидаларымен бекітілген.
Аталған нысандарда ауыз су мен кәріз жүйесінің болуы, желдету мен жарықтандырудың жеткіліктілігі, қалдықтарды жинау мен жоюға арналған алаңдардың болуы, санитариялық киім және құрал-жабдықтармен қамтылуы, тағам өнімдерінің ілеспе құжаттарының болуы, қызметкерлердің медициналық тексеруден уақтылы өтуі — негізгі шарттар қатарында.
Сонымен қатар, тағам өнімдерін дайындау барысында әртүрлі тағам түрлеріне арналған жеке бөлшектеу мүкәммалдарын пайдалану, бактерицидтік шамдармен жабдықталу, жұмысшылардың денсаулығына тұрақты бақылау жүргізу сияқты шаралар тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қауіпсіз демалыс — басты талап
Қала тұрғындары жиі демалатын жағажайлар, саябақтар және демалыс базалары санитариялық-гигиеналық талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Мұндай орындар өндірістік нысандардан, мал қораларынан және лас сулардан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы қажет.
Жағажайларда күннен қорғанатын шатырлар, киім ауыстыратын кабиналар, арнайы қоқыс жәшіктері, жедел жәрдем мен құтқару пункттері болуы тиіс. Тазалау және дезинфекциялық жұмыстар күн сайын жүргізіліп, құм қабаты жүйелі түрде қопсытылып, дәретханалар уақтылы тазаланады.
Мұндай демалыс орындарында жұқпалы ішек аурулары мен паразиттік дерттердің алдын алу үшін санитариялық талаптарды сақтау – басты міндет.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/2533Sx1y6Jk?si=fVzcxtbu4JY2TGKa
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
