«Мектепке жол» акциясына 2,6 миллиард теңге бөлінді

Шымкент қаласында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа оқу жылына дайындық, қоғамдық көлік желісін жақсарту мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Жаз мезгілінде әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 8 мыңға жуық бала қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жолдама алған. Бұл – мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіз әрі пайдалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қолдау. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық та қарқынды жүргізілуде. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылар саны 27 546-ға жетеді деп күтілуде. Бүгінде оның 21 097-сі тіркеліп үлгерген. Өтініштердің басым бөлігі электронды форматта egov.kz порталы арқылы қабылданған. Әкімдік ата-аналарға қағаз түрінде емес, цифрлық өтініш берудің ыңғайлы екенін ескертті. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Мектепке жол» акциясы аясында әр оқушыға 46 500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл көмекті 56 мыңнан астам бала алатыны белгілі болды. Жалпы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Әлеуметтік қолдаумен қатар жұмыспен қамту саласында да жүйелі істер қолға алынған. Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, жыл басынан бері 770 адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілген. Оның 610-ы колледждерде және оқу орталықтарында білім алып жатса, қалғаны жұмыс беруші мекемелер базасында өндірістік тәжірибеден өтуде. Бұл азаматтарға мемлекет есебінен шәкіртақы төленеді. Қайта даярлау курстары негізінен сұранысқа ие мамандықтарды қамтиды. Атап айтқанда, аспаз, тігінші, электрик, визажист, шаштараз және есепші сынды бағыттар бар.

Баспасөз жиынында қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қала аумағында қазіргі таңда 2 335 аялдама орны бар. Биылдың өзінде 300-ге жуық жаңа аялдама павильоны орнатылып, ескілері жаңартылған. Сонымен қатар, автобустарға дыбыстық хабарлау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазірдің өзінде 1 003 қоғамдық көлікке бұл жүйе орнатылып үлгерген. Жыл соңына дейін тағы 117 автобусқа орнату жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін бұл технология барлық бағыттарда толық іске қосылады деп күтілуде.

Қала әкімдігінің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Соңғы уақытта сиыр етінің бағасы шарықтағаны белгілі. Осыған байланысты әлеуметтік дүкендер желісі арқылы еттің бір келісін 2 620 теңгеден сату ұйымдастырылған. Алайда жұмсақ ет пен деликатес өнімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кірмейтіндіктен, олардың бағасы нарық талабына сай қалыптасады. Дегенмен, бағаны негізсіз өсірген 197 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылып, тәртіпке келтіру жұмыстары жүргізілген.

Шаһардың санитарлық тазалығы да әкімдіктің жіті бақылауында. Жақында Қаратау ауданында тұрғындар тарапынан заңсыз қоқыс төгу дерегі анықталып, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті хаттама толтырылып, аумақ тазаланған. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Қаладағы тазалық пен тәртіпті күшейту мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілер арқылы жолданған сауалдар мен ұсыныстар да назарға алынып, әкімдік әр пікірге жауап беруге, қоғаммен ашық жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...