Мамандықты дұрыс таңдау – бұл ұзақ кәсіби өмірде сенімділік, жан тыныштығы және материалдық әл-ауқат. Тек өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға қажетті мамандықты таңдап алу керек.
Жуырда Шымкент қаласында оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдау, жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер республикалық форумда талқыға түскен болатын. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, ЖОО ректорлары өзекті мәселені талқыға салды. Іс-шараның мақсаты – оқушыларды еңбек нарығындағы сұранысқа ие өзекті кәсіптермен таныстыру, жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру және тұлғалық дамуының қалыптасуына ықпал ету. Жиында замана көшімен бірге қажеттілігі туындаған жаңа лауазымның маңыздылығы, оқушылардың болашақ мамандықты таңдаудағы ескеретін жағдайлар, бірқатар мәселелер, ұсыныстар айтылды.
Қала әкімінің орынбасары мамандықты дұрыс таңдау өмірімізге береке әкелетінін және жастарға кәсібін терең меңгеру қажет екенін түсіндіріп берді. Қазіргі таңда шаһарда мектептерде кәсіби бағдар беруші педагогтер жұмыс істеуде. Олардың саны жыл сайын артып келеді.
– Бұл форум өскелең ұрпақтың болашақта дұрыс бағыт-бағдар таңдау үшін, дұрыс жол таңдау үшін, дұрыс мамандық таңдау үшін арнайы ұйымдастырылды. Қазақ «Жар таңдауда және жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дейді. Қазіргі сіздердің таңдайтын мамандықтарыңыз болашақта сіздердің өмірлеріңіздің, тағдырларыңыздың қалай қалыптасатынына әсер ететіндігін санамызда мықтап ұстауымыз керек. Осы мәселені жете түсінген Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы жылы педагог-кәсіби бағдар беруші мамандығы енгізіліп, олар оқушыларға бағыт-бағдар беру үшін әр мектепте жұмыс істейді. Жалпы, мықты маман болудың, өз кәсібін меңгерудің маңызы өте зор.
Мейлі етікші, мейлі аспаз, заңгер болайық, мал бағайық, өз кәсібімізді жетік меңгерсек, мамандықты дұрыс таңдаған болсақ, сол мамандығымызды сүйіспеншілікпен істейтін болсақ, біздің қызметіміз қашанда жоғары сұранысқа ие болады. Өзімізге табыс әкеледі. Тағдырымызды дұрыс қалыптастыруға септігін тигізеді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Елімізде жылдан жылға мектеп бітірушілердің саны көбейіп келеді. Былтыр 181 000 талапкер ҰБТ-ға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 216 000 -ды көрсетіп отыр. 30 мыңнан астам талапкер саны артқан. Сол себепті де қазіргі жағдайда оқушыларға бағыт-бағдар беріп, болашақ мамандықты таңдауға көмектесу уақыт күттірмейді.
Т.ҚАСЫМОВ
«Shymkent Kelbeti» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
