Су үнемдеу – уақыт талабы — Xnews — ақпарат агенттігі

Су үнемдеу – уақыт талабы

Су үнемдеу технологияларын енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлердің көлемін ұлғайту аясында облыста қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. 2030 жылға қарай өңірде су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған.

Биылға 27 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жопарланған. Дегенмен, барлық мүмкіндіктер ескеріле отырып, жоспар көлемі 2 есе артты. Бұдан бөлек, шетелдік инвестордың атсалысуымен жаңа технология 32 мың гектарға ендірілді. Трансшекаралық суға тәуелділікті төмендету мақсатында жаңа технологияларды оңтүстік аудандарда 24 мың гектарға ендіру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі суармалы жерлердің көрсетілген алаңын дұрыс пайдалану Мемлекет басшысы алға қойған жоғары рентабельді дақылдар өндірісіне көшу, импортты алмастыру және суармалы жерлер алаңын біртіндеп арттыру міндеттерін орындауға мүмкіндік беретінін айтты. Сондықтан су үнемдеудің озық технологиялары мен заманауи жүйелерін енгізу – уақыт талабы.

Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін «Бәйдібек ата», «Қарақуыс» су қоймаларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленген. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 120,3 млн. текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы өңірлерде ағын су мәселесі шешімін табады.

«Боралдай» су қоймасы Түркістан қаласы мен Ордабасы, Бәйдібек, Отырар, Сауран аудандарындағы 67 мың гектар жерді кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Оның ішінде Отырар және Сауран аудандарында жаңадан 6000 гектар, Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округінде 630 гектар суармалы егістік алқаптары іске қосылады.

«Ońtústik Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...