Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады

Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді.

Алайда жүргізілген тексерістер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, балаларды жалған тіркеу арқылы қатысу көрсеткіштерін жасанды түрде көбейтіп көрсетілген, 164 секцияда сабақтардың санитарлық талаптарға сай келмейтін пәтерлерде, жертөлелерде және тұрғын үй-жайларда өткізілген, 6 өңірде бұрын істі болған азаматтардың балаларды оқытқаны туралы 20 жағдай тіркелген, сондай-ақ жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам бала анықталған. Бұл фактілер алаяқтық, жалған есеп жүргізу және бюджет қаражатын жымқыру ықтималдығын көрсетеді.

Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.

Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларына жол бермейді.

Платформаны әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшелігі мен шығармашылық, спорттық және білім беру қызметтерініндегі айырмашылықтар ескерілетін болады.

Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:

Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;

Әмбебап ваучер – баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады.

Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қалыптасады және бұл ресурстарды әділетті бөлуге мүмкіндік береді. Жаңа ережелерге сәйкес, үйірмелер мен секцияларда балалардың сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, бекітілген білім беру бағдарламалары мен білікті мамандар болуы қажет. Бюджеттік қаражат тек мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық форматта тіркеледі, ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді.

Жобаны келесі мемлекеттік органдар бірлесіп жүзеге асырады: Мәдениет және ақпарат министрлігі – шығармашылық бағыт бойынша; Туризм және спорт министрлігі – спорттық секцияларды үйлестіру; Оқу-ағарту министрлігі – қосымша білім беру бойынша; Цифрлық даму министрлігі – техникалық сүйемелдеу және цифрлық инфрақұрылымды жүзеге асырады.

Мемлекеттік органдар бюджеттік қаражатты мақсатты және тиімді пайдаланудың тетіктерін енгізу бойынша жүйелі саясатты жалғастыруда. Пилоттық жоба тек балалар мүддесін, олардың қауіпсіздігін және көрсетілетін қызметтердің сапалы түрде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

x

Check Also

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған айлық іс-шаралары басталды

Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 1987 жылғы шешімімен 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ...

Махмудов Батырхан ниязұлы — білім мен тәрбие саласындағы тәжірибелі ұстаз

Махмудов Батырхан Ниязұлы 1963 жылы 10 маусымда Шымкент қаласының Қаратау ауданы Қызылсу тұрғын үй алабында дүниеге келген. 1987 жылы Ташкент ...