Шымкентте кең ауқымды тазалық шарасы өтті

Бүгін Шымкент қаласында ҚМДБ Шымкент қаласы өкілдігі мен қалалық әкімдіктің қолдауымен «Зират және зиярат ету мәдениеті» атты ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Бұл игі бастама халықтың рухани мәдениетін көтеру және зираттарды таза ұстаудың маңыздылығын насихаттауды мақсат етті.

Шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталып, жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде атқарылды. Әрбір мазарат аумағына жаңартылған «Зират ету ережесі» тақтайшалары орнатылып, зиярат етушілерге арналған арнайы ақпараттық баннерлер ілінді. Мазарат ішіндегі және сыртындағы тазалық жұмыстары толық жүргізіліп, қураған шөптер мен қоқыстар мұқият тазаланып, қора-қобылар ретке келтірілді.

Зиярат ету мәдениетін қалыптастыру мақсатында дін қызметкерлері жамағатқа зиярат ету тәртібін түсіндіріп, діни әдептердің маңыздылығын ұғындырды. Іс-шара барысында ата-баба рухына Құран бағышталып, өткендердің амандығы мен халықтың бірлігі үшін дұға жасалды.

Сонымен қатар, халықтың сұранысын ескере отырып, зират аумағында бір адамға арналған дәретхана орнату мәселесі шешілді. Бұл халыққа жасалған тағы бір қолайлы жағдай болды.

Ауқымды тазалық шарасына аудан әкімдіктері, ардагерлер кеңесінің басшылары, ерікті топ мүшелері және жергілікті тазалық мекемелері белсенді түрде атсалысты. Жұмыстар қалалық «Қамқор-Шарапат» мекемесінің және аудан бас имамдарының жауапкершілігімен жүзеге асырылып, қалалық мешіттің іс басқарушысы тарапынан арнайы бақылауға алынды.

Бұл бастама шымкенттік тұрғындар арасында зор қолдау тауып, зиярат ету мәдениетін дұрыс қалыптастыру және оны халық арасында кеңінен насихаттау ісіне тың серпін берді. ҚМДБ Шымкент қаласы өкілдігі алдағы уақытта да осындай рухани және тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.

x

Check Also

«Табиғатты аялау – ұрпаққа үлгі»: Таза қала – мәдениетті қоғамның айнасы

«Таза Қазақстан» акциясы елімізді экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған ауқымды бастама. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып, ел ...

Ұлы Жеңіске 80 жыл: жеңіс үшін жанын қиғандардың ерлігі дәріптелді

Шымкент қалалық музейлер бірлестігі «Ерлік музейі» бөлімінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Бейбіт күн жасасын әлемде!» тақырыбында іс-шара өтті. Ұлы ...