Тұтынушы тауарды қайтарғанда ақшасын қалай ала алады? — Xnews — ақпарат агенттігі

Тұтынушы тауарды қайтарғанда ақшасын қалай ала алады?

Дүкеннен тауар алған адам тұтынушы болып есептеледі. Ал тұтынушының өз құқықтары барын бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан тұтынушы өзіне ұнамай қалған немесе сапасы нашар тауарды, оған төлеген ақшасын қалай қайтара алатынына тоқталайық.

Тауарды қайтарған немесе айырбастаған уақытта ең маңызды екі нәрсе бар:
тауарлық немесе фискалды түбіртектің болуы;
тауарды сатып алған күннен бастап 14 күнде қайтару.

Егер тауарда ақау болмай, тұтынушыға оның түсі немесе функционалы ұнамаса, сатушы сатып алушыға тауарды айырбастап немесе ақшасын қайтарып беруге міндетті. Сондай-ақ айырбастайтын тауар болмаса, сатушы күнтізбелік он күнде айырбастап беруіне болады.

Ақшаны қайтару уақыты тауар құнын қалай төлегеніңізге байланысты. Қолма-қол ақшамен төлесеңіз, тауар ақшасы бірден кассада қайтарылады. Картамен төлеген жағдайда, қаражат белгілі бір уақыттан соң қайта картаңызға түседі. Осы орайда, ескеретін жайт – қайтаратын тауардың қолданылмаған болуы.

Бірақ қайтаруға жатпайтын тауарлар да болады. Олар: дәрі-дәрмектер, шұлық бұйымдары, іш киімдер, метражбен сатылатын тауарлар, өсімдіктер мен жануарлар, ұялы телефондар.

Есте сақтаңыз!

Әсіресе қымбат тауарды сатып алған уақытта өзіңізді тауармен бірге сол дүкенде суретке түсіргеніңіз жөн. Себебі дүкенде суретке түсуге тыйым салынбайды. Ал сіз сол сурет арқылы түбіртекті жоғалтқан немесе түбіртек берілмеген жағдайда дүкеннен тауар алғаныңызды дәлелдей аласыз.

Сақтық үшін сатып алған тауар түбіртегін, қаптамасын және құжатын кепілдік немесе пайдалану мерзімі аяқталғанша сақтаған абзал.

Егер тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылған жағдайда Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32-көше, 16-ғимарат, А-блок, 4-қабат, 427-бөлме, Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне аласыз.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...