Түркістанға соңғы бес жылда 65 мың адам көшіп келді (видео)

Түркістан облысында 30 жылда 500-ден астам елді мекенге ауыз су құбырып тартылып, 1 млн-дай халық сапалы су тұтына бастады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде қала 100%, ауылдар 97% таза сумен қамтылды. Тәуелсіздік алған жылдары бұл көрсеткіш небәрі 30% болған еді. Өңірде тағы қандай өзгерістер болды?

Тәуелсіздік жылдары Түркістанда халық саны 3 есе артты. 1991 жылы 80 мың тұрғыны болған шағын шаһар қазір 235 мың адамның құтты мекеніне айналды. Түркістан облыс орталығы болады дегенде көптің көкейінде күмән болғанымен, соңғы 5 жылда мұнда 65 мың адам көшіп келді. 100-ден астам тұрғын үй салынып, 10 мыңнан астам пәтер берілді.

Байдулла Оразбеков, қала әкімінің орынбасары:
— Кезінде осы облыс орталығы болардың алдында жанымызда орналасқан Шымкентпен, Қызылорда қаласымен салыстырамыз ғой. «Түркістан кішкентай ғана қала, қалай облыс орталығы болады екен» деп жұрттың бәрі таңғалып жүрді. Қазір келген қонақтардың бәрі көріп, Түркістанның қалай өзгергенін, «облыс орталығын 5 жылда осылай өзгертуге болады екен» ғой деген сияқты көздері жетіп, қуанып жүр.

Осыдан 10 жыл бұрын қалада газ болмаса, қазір шаһар 100% көгілдір отынмен қамтылды. Соңғы 5 жылда облыс орталығында ұзындығы 300 шақырымнан аса көшеге асфальт төселді. Аумағы 318 гектарды құрайтын 45 саябақ пен алльея салынды.

Мақтаарал мен Жетісай, Сарыағаш пен Келес аудандарының бөлінуі, жаңадан Сауран ауданының құрылуы Тәуелсіздіктің жемісі деуге болады. Қазір бұл аудандарда жайлы мектептер салынып, спорт кешендері бой көтеріп, жолдары жөнделіп жтр.

Ергешбай Әбішов, Келес аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:
— Ауызсумен қамтылып жатыр. Елді мекендерде асфальт жолдар салынып жатыр. «Жайлы мектептер» түсіп жатыр. Аудан орталығында үлкен спорт кешені салынып жатыр. Сонымен қатар саябақтар салынып жатыр. Оның бәрі халықтың көзіне түсіп, елдің игілігіне жаратылып жатыр.

Тәуелсіздік жылдары облыс тарихында алтын әріппен жазылатын тағы бір игі іс – Сырдария өзенінің үстінен өтетін «Тәуелсіздік көпірінің» салынуы. Бұрын Сырдың арғы бетінде жатқан Мақтаарал мен Жетісай аудандарының тұрғындары облыс орталығына бару үшін Өзбекстанның шекарасы арқылы жүздеген шақырымды айналып өткендерін айтады.

Хабибулла Нұрметов, зейнеткер:
— Шардара, Жетісай жақтарға халық айналып өтіп, шақырым жолдар ұзақ болып жүрген жерлер жақын болды. Себебі Сырдарияның үстінен жаңа көпірлер салынды. Балтакөлге баратындар Сырдың үстінен өтетін еді. Баяғыда қыл көпірдей, машинамыз, қалтырап өтетін еді. Отбасымен суға түсіп кеткен оқиғалар болды. Қазір тамаша көпірлер салыған.

Өңір халқының 81 % көгілдір отынмен қамтылды

Өңірді газдандыру өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталғанымен, 2008 жылдан бастап жаппай жүргізіле бастаған. Бүгінде өңір халқының 81%-і немесе 1 млн 700 мың адам газбен қамылды.

Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
— Егемендік алған кезде газдандыру 12% қана болған. Қазір 67%-ке жеткіздік. Жылына 40-50 ауылды қамтып жатырмыз. Өткен жылы 115 мың халықты газбен қамтыдық. 17 мың шақырым жолымыз бар, жалпы республикалық, облыстық, аудандық. Соның 11 мыңын күрделі, ағымдағы жөндеуден өткіздік. Қазір 91%-ке жеткіздік жақсы жодарды.

Өңірде инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптасты

Өңірде инвесторлар үшін қолайлы климат қалыпасқан. Көлемі 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды және арнайы экономикалық аймақ бар. Онда инвестициялық құны 190 млрд теңге болатын 95 кәсіпорын жұмыс істейді.

Қанат Шонбасов, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
— Мысалға айтып кетсем бізде қазір мыңнан аса өнеркәсіп нысандары ашылды. Одан кейін 4,6 трлн теңге инвестиция салынып, 220 жаңа инвестициялық жобалар іске асты. Соңғы 5 жылда 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар бізде тікелей шетелдік инвестициялар да құйылып жатыр. Ол да 365 млрд доллар көлемінде болып тұр қазір.

Бүгінгі күні өңірде шағын және орта бизнес саласы да дамып келеді. 5 жыл бұрын облыста 141 мың адам кәсіпкерлікпен айналысса, қазір олардың саны 208 мыңға жетті. Жаңадан 64 мың адам өз кәсібін ашып, бизнесін дөңгелетіп отыр.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

Түркістан облысында өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер көлемі ұлғайды

Түркістан облысында өзіндік кіріс көздерін артыру, «көлеңкелі экономикамен» күрес, қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары нәтижесінде өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер ...

Түркістан облысында кедейлік деңгейін төмендету шаралары белсенді жүргізілуде

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Қабылданған шаралардың ...