Түркістан қалалық «Балалар және жасөспірімдер спорт клубы» (БЖСК) «Қала күні» мерекесіне орай ерекше шахмат турнирін ұйымдастырды. Бұл жарыс тек спорттық сайыс қана емес, ойлау қабілеті мен шеберлікті талап ететін ақыл-ой бәсекесіне айналды. Түркістанның жасөспірімдері мен қариялары арасындағы шахмат біріншілігі қала тарихындағы мәнді оқиғалардың бірі болды.
Жарысқа түркістандық 37 жасөспірім мен 12 қария қатысып, шахмат тақтасы үстінде өз шеберліктерін сынға салды. Жас шахматшылардың арасындағы тартысты ойындар әрбір қатысушының ақыл-парасаты мен шыдамдылығын көрсетті. Шахмат жарысы ойлау қабілеті мен стратегиялық көзқарасты дамытатын интеллектуалды спорт түрі ретінде әрдайым ерекше бағаланады. Бұл турнирдің де мақсаты – жас буынды ақыл-ой еңбегіне баулу, олардың шахмат өнеріне деген қызығушылығын арттыру болды. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі де әсерлі әрі салтанатты түрде өтті. Марапаттау шарасын ардагер шахматшы Қанат Байкенже, БЖСК директор орынбасарлары Амандық Әбдікәрім мен Жақсыкелді Калыбеков, сондай-ақ шахмат бапкері, магистрант Бектас өткізді. Бұл кеште жеңімпаздарға БЖСК арнайы медальдары мен алғыс хаттары табысталды. Марапаттаудың ең ерекше сәті FARAB кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызының 14 үздік шахматшыға «Түркістан» атты кітап сыйға тартуы болды. Түркістанның киелі тарихын қамтыған бұл сыйлық жас шахматшылар үшін рухани және мәдени құндылықтың белгісіне айналды.
Қала біріншілігінде Түркістанның ақылға толы қариялары да қатысқанын атап өткен жөн. Бұл сайыста 1-орынды Сарсенбай Садуақасов иеленсе, 2-орын Вячеслав Мищеряковқа, 3-орын Жарқынбек Ерсінге бұйырды. Ерекше номинацияларды Қанат Байкенже мен Керімбек Алтынбек иеленді. Қариялар өздерінің жасына қарамастан шахмат тақтасында жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, жас буынға үлгі бола білді.
Жас шахматшылар арасындағы жарыс та қызықты және тартысты өтті. Олардың арасынан шеберлігімен ерекшеленіп, 1-орынды Сағатқұл Азиз жеңіп алды. 2-орын Мұхан Дінисламға, ал 3-орын Нусратуллаев Шадиярға бұйырды. Бұл жас шахматшылардың жеңісі олардың болашақта үлкен спорттық жетістіктерге жетуіне үлкен серпін беретіні сөзсіз.
Бұл турнирдің сәтті өтуіне БЖСК жаттықтырушысы Асхат Майкотов пен шахмат нұсқаушысы Алима Пашанова жауапты болды. Жарыстың бас төрешісі ретінде Кентау қаласынан келген Асхат Шотаев әділ төрелік етіп, қатысушылардың ойындарын мұқият бақылап отырды.
Бұл турнир Түркістан қаласындағы шахматтың қарқынды дамып келе жатқанын және жасөспірімдердің осы спорт түріне деген қызығушылығының артып жатқанын көрсетті. Түркістан – ежелден мәдениет пен руханияттың орталығы болса, енді спорттық шеберлікке де баса назар аударып, өз жастарын жанжақты дамытуға ұмтылуда. Қаланың төрінде орналасқан қасиетті шаңырақ – FARAB кітапханасында өткен бұл шара жас шахматшыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, олардың интеллектуалды ой-өрісін кеңейтуге септігін тигізді.
Түркістан қаласында өткен шахматтан қала біріншілігі жас ұрпаққа спорттың, әсіресе, ақыл-ойды дамытатын шахматтың маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді. Бұл турнир тек жарыс емес, рухани байлықты арттырып, зияткерлік қабілетті шыңдауға үлкен үлес қосқан маңызды оқиға ретінде есте қалды. Түркістанның болашағы жарқын, ал бұл болашақтың іргетасын қалаған жас шахматшылардың алар асуы алда.
Дереккөз: yassy-tur.kz