Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осының аясында жыл басынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда 40 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамова мәлімдеді.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленді, осылайша балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамту деңгейі 91,5%-ға жетті.
«Жаңа орындарды ашу жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды реконструкциялау, жаңадан салу, шағын орталықтар желісін кеңейту, сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен жоспарлануда. Бүгінгі таңда Павлодар облысында балаларды қамтудың ең жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді», — деді Манара Адамова.
Айта кетейік, елімізде барлығы 11,5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 1 млн-ға жуық бала тәрбиеленуде. Биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуды 92,5%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Мектепке дейінгі кезең – тұлғаның дамуындағы маңызды кезең, баланың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту кезеңі. Бұл оның одан әрі дамуында, білім алуында және болашағын айқындауда шешуші рөл атқарады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат барлық баланың сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған орай, Қазақстанның мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясаты барлық баланың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Елімізде 2027 жылға дейін 300 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарланған.
«Қазіргі уақытта балаларды мектепке дейінгі ұйымға қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік дербестендірілген қаржыландыруға көшу тетігін сынақтан өткізуде. Ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымдарды дербес таңдауы және “қаражатты баланың соңынан ілестіру” қағидаты бойынша берілген ақшалай қаржыны ваучер арқылы МДҰ-ға аудару сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп күтілуде», — деді спикер.
Балалардың жеке даму картасы цифрлық форматқа көшеді
Биыл мектеп жасына дейінгі баланың жеке даму картасы автоматтандырылды. Ол сәбидің дағдыларының қалыптасып, дамуын бақылауға мүмкіндік береді.
«Мектеп жасына дейінгі баланың жеке даму картасы бізге әр баланың қажеттілігін тереңірек түсінуге және мектеп табалдырығын аттаған кезде оқуды сәтті бастауына мүмкіндік береді. Картада дамудың барлық маңызды қырлары көрсетілген: типтік оқу бағдарламасын игеру барысында қалыптасатын физикалық жағдай, коммуникативті, танымдық, интеллектуалды, шығармашылық, зерттеу және әлеуметтік-эмоционалды дағдылар. Мұндай жүйелі тәсіл сапалы білім беруді қамтамасыз етеді және балалардың бастауыш мектепте табысты бейімделуіне ықпал етеді», — деп түсіндірді спикер.
Карта цифрлық форматқа ауыстырылды және ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілді, бұл мәліметтерді мектептерге жолдауға мүмкіндік береді және мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз сабақтастықты қамтамасыз етеді.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін МДҰ-да тегін тамақпен 93 мың бала қамтылды. 3,5 мың МДҰ базасында ата-аналарға арналған консультациялық пунктер ұйымдастырылды. Ақпараттық кеңістікті кеңейту және интернет-ресурстарды пайдалану халықтың кеңінен хабардар болуын және балалардың ерте дамуы мәселелері бойынша ата-аналардың қажетті мәліметтерді алуын қамтамасыз етеді.
Министрлік Балаларды ерте дамыту институты және ЖАО-мен бірлесіп, ата-аналарды педагогикалық технологиялар мен цифрлық ресурстар арқылы мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға тарту жұмыстарын кеңейтуде.
Институт сайтында виртуалды әдістемелік кабинетте «ата-аналарға кеңес» айдары ашылды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пунктердің қызметіне әдістемелік сүйемелдеу, балаларды мектепке даярлау мәселелері бойынша консультациялық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
«Балақайлар мектебі»: 115 мыңнан астам бала мектепке дейінгі даярлықтан өтті
Жазғы демалыс кезінде болашақ бірінші сынып оқушыларына тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында «Балақайлар мектебі» қысқамерзімді бағдарламасы ұйымдастырылды. Ол бағдарлама мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, педагогтер мен ата-аналарға балаларды мектептегі оқу процесіне стандартты оқу бағдарламасының барлық бағыты бойынша даярлауға мүмкіндік береді. Жаңа бағдарлама Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленген.
«Жазғы кезеңде қысқамерзімді мектепалды даярлық 2,9 мың мектепте өткізілді, бұл 115 мың мектепке дейінгі жастағы баланы қамти отырып, 5,1 мың бастауыш сынып педагогтерінің қатысуымен жүзеге асты. Оқу процесі балалардың физикалық, коммуникативті, интеллектуалды, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалды дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепте оқуға жағымды көзқарас қалыптастыруға бағытталды», — деп атап өтті М. Адамова.
Аталған бағдарлама балалардың оқу процесіне сәтті бейімделуі мен болашақта қажетті дағдыларын дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам саналады.
Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім беру саласы педагогтарының пулы 101 мыңнан астам адамды құрайды. 2020 жылдан бастап жыл сайын педагогтердің жалақысы 25%-ға, 4 жылда 100%-ға өсті. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының жалақысы тағы 30%-ға өсті. Бұл өсіммен мемлекеттік және жеке балабақшаларда 100 мыңнан астам адам қамтылды.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша кадрлар даярлау 119 колледжде, оның ішінде 37 мемлекеттік колледжде, 39 жоғары оқу орнында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогикасы» бағыты бойынша жүзеге асырылады. Биыл осы бағыт бойынша 1268 грант бөлінді.
«Біздің Министрлік Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп “Болашақ” халықаралық стипендиясының басым бағыттарының тізбесіне балаларды ерте дамыту саласындағы мамандықтарды енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтары 110 білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Министрлік педагогтарды курстық даярлаудың мазмұнын, құрылымын, тақырыбын және тәсілдерін түбегейлі жаңартты. Педагогтардың үздіксіз даму сапасын қамтамасыз ету шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өткен педагогты курстан кейінгі сүйемелдеуді жүргізудің жаңа нысандары енгізілді», — деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.
«Беске дейін үлгер»: Ата-аналарға арналған жаңа мобильді қосымша іске қосылады
Қазақстанда мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына балаларды күту және дамыту бойынша консультациялық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылуда.
«Беске дейін үлгер» қосымшасы ата-аналарға баласының денсаулығы, тамақтануы, тәрбиесі, дағдыларын дамыту және балалармен өзара әрекеттесу сияқты маңызды мәселелер бойынша ашық әрі түсінікті контент ұсынады. Қосымшадағы барлық материалдар нейробиологиялық зерттеулердің ғылыми деректеріне негізделіп әзірленген, бұл олардың тиімділігі мен тәжірибе барысында құндылығын қамтамасыз етеді.
Ата-аналар мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелері бойынша тәулік бойы әдістемелік және психологиялық қолдау ала алады, бұл отбасында үйлесімді жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар «Қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша берілген ақшалай қаражатты ваучер арқылы МДҰ-ға аударуды 2 түрлі механизммен жүзеге асыру қарастырылған. Кәсіпкерлер балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандай қаржыландыруды алып отыр. Тапсырысты алып отырған балабақшаларға қаражат виртуалды ваучер түрінде аударылады. Ал, конкурс әлі жүргізілмеген, жаңадан ашылатын орындарға берілетін қаражат көлемі баланың есепшотына аудару арқылы жүргізіледі. Ата-аналар банктен есепшот ашқысы келмеген жағдайда қаражат виртуалды ваучер ретінде жіберіледі. Ал, қаражат аударылуын өз бақылауында ұстағысы келетін ата-аналар банктен есепшот ашады.
«Таңдаған банктен SMS-хабарлама келеді, сол арқылы автоматты түрде есепшот ашылады. Ата-ана баласы баратын балабақша жөнінде және сол ваучерді алғандығы жөнінде хабарламасын жіберу керек. Содан кейін барып, сол қаражат аударылатын болады. Бүгінгі күні бізде осы мемлекеттік тапсырысты орналастыруда бірнеше жағдайлар орын алған: балалардың кезекте қайталануы, қаражаттың бірнеше балаға мемлекеттік тапсырыстың берілуі деген сияқты. Осыған байланысты, алдымен, Министрліктің көздеп отырған мақсаты – қаржының балаларға берілудің ашықтығын қамтамасыз ету және де қаржының мақсатты жұмсалуын іске асыру. Бұл ата-ананың балабақшаны таңдау мүмкіндігі бар», — деді спикер.
Тұратын үйге жақын орналасқан балабақшада орын болмаған жағдайда, балабақшадан шығып қайта кезекке тұрудың қажеті жоқ. Орын босағанға дейін күту кезегінде тұру мүмкіндігі бар.
«Біздің дана халқымыз бала тәрбиесіне, ұрпағының саналы азамат болып ізін жалғастыруына ерекше мән берген. Қазақ қоғамында біртұтас әлеуметтік отбасылық институт тәрбие мәселесімен айналысқан, ондағы әрбір тұлғаның өз орны, ықпалы болған. Қазіргі уақытта осы жүктің бәрі біздің тәрбиешілерімізге жүктеліп, заманның ырқында түп тамырымыздан ажырап қалмау үшін, ата-аналармен бірге ықпалдастық, ынтымақтастықты қайта жаңғыртып, күш-жігерлерін салып еңбектенуде. Жүсіп Баласағұнның сөзімен айтсақ, “5 жасқа дейінгі берген тәрбиең, сенің барлық тәрбие ісіңнің нәтижесі болмақ” деген екен. Абайша айтсақ, “балаң сенің бақытың мен байлығың, кешіксең қайғы-мұңың”. Ал, әр бала еліміздің ертеңі екенін ескерсек, біздің болашағымыздың іргетасын қалап отырған 100 мыңнан астам тәрбиешілеріміздің еңбегі өлшеусіз. «Қазіргі уақытта бұл қосымша пилоттық режимде Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы мектепке дейінгі ұйымдарда тестіленуде. Толық ауқымда іске қосу қараша айына жоспарланған. Сондай-ақ бұл контентке консультациялық орталықтарда да қол жеткізуге болады. Бүгінде баланы сәби кезінен тәрбиелеу аса маңызды болғандықтан, ата-аналармен бірге ықпалдастық, ынтымақтастықты қайта жаңғыртуға күш салып жатырмыз», — деп түйіндеді баяндамасын ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамова.
Дереккөз: primeminister.kz