Бүгін Сауран ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектебінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ата Заңым – Айбарым!» атты тақырыпты салтанатты мерекелік жиын болып өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Серікбай Оразбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жиналған көпшілікті 30 тамыз — Қазақстан Республикасы Конституцияның 29 жылдығымен құттықтап, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты аудан әкімінің Алыс хатымен марапаттады.
“Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1995 жылы 30 тамыз күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл мерекені жыл сайын еліміз салтанатпен мерекелеп келеді. Ата заңымыз — Конституцияны қабылдау мемлекетіміз дамуының жаңа кезеңіне көшіп, тарихымыздың жаңа парағын ашумен пара-пар болды. Ата заңда адам және адам құқықтары мен бостандықтары заңының негізгі өзегіне айналды. Конституцияны басшылыққа алған тәуелсіз елімізде ауқымды істер атқарылып келеді”, — деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Мерекелік салтанатты жиын мәдениет үйі өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.