Жасай бер, жайнай бер, Шымкент!

Бүгін – Шымкент шаһарының туған күні. 19 маусым – Шымкент қаласы тұрғындары үшін тарихи күн. Үшінші мегаполис мерекесінің жаңа тарихы 2018 жылдан бастау алады.

2018 жылдың қыркүйегінде қалалық мәслихаттың қолдауымен қала күні мерекесі қыркүйек айынан 19 маусымға ауыстырылып, 2019 жылдан бері кең көлемде аталып келеді.

Шымкент – республиканың ішкі саясатында да, сыртқы саясатында да ерекше орын алады. Әсіресе, көрші Өзбекстанмен байланыстырушы хаб ретіндегі рөлі өзгеше.

Қазақстанда қала көп. Жақсы-жаман деп бөлуге әсте келмес. Әйтсе де, бәрінен Шымкенттің бәсі бөлек екенін айтпасқа болмайды.

1986 жыл. Тарихтың алағай да бұлағай талай өткелінен өткен, ХХ ғасыр басында халық санағында Орта Азия елдерінің көшін сан жағынан бастап тұрып, қолдан жасалған аштық пен саяси репрессиядан қалың қаудай оталған қазаққа осы жыл да көресісін көзіне көрсеткен еді. Ұлт теңдігін КСРО империясынан ақырып сұраған жастардың қозғалысы аяусыз басылып жаншылды. Қазақтың ұл-қызының қан-жоса болып, таяққа жығылғанын көрген, «Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген» сынды жауыр жыр жазған Жұбан Молдағалиев сынды ақиық ағаларымыз «бұл сұмдықты көргенше, майданның өтінде өліп кеткенім артық еді» деп күйінді, жүрегіне салмақ түсіп жығылды.

Патшалық Ресейдің заңды мұрагері КСРО империясының көздегені қазақты енді қайта бас көтерместей тұқыртып, рухын сындыру еді. Сол себепті де Дінмұхамед Қонаев сынды арыстар қызметтен шеттетіліп, ұлтшыл қазақ Асанбай Асқаровтай тұлғалар темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты.

Ұлттың тағдыры безбенге түсіп тұрған шағы еді. Болады. Болмаса бордай тозып құриды.

Қазақтың сөзін ұстаған марғасқалары бір күні бас қосады. Қайтпек керек? Қайтсе қазақ осы зұлматтан аман-есен шыға алады. Сұрақ көп, жауап жоқ.

Дағдарған көпшілік абыз Әбішке, Әбіш Кекілбаевқа қайырылады.

«Ішіміздегі данышпанымыз сен ғой, Әбіш. Не айтасың?!»

Сонда абыз түйіліп тұрып кесімін айтыпты.

«Жігіттер, Шымкент аман болсын. Шымкент аман болса, жағаға өзі аман-есен шығарады».

Өр Маңғыстаудың қазағы анау-мынау құтқарады демепті. Шымкентті айтыпты. Бұл қашаннан бергі жағдай ғой. Ресей империясының жымысқы саясаты қазақты ұлтсыздандырып, қырып-жойып, жерін босатып, байлығын басып қалу болатын. Басқаға әлі келгенде қазағы киіздей ұйысқан, салт-дәстүр, мәдениетін қалтқысыз сақтаған Оңтүстік өңірге тізесі батпады. Шымкент кеңірдегіне қылқан болып тұрып қалды. Оның ізін жалғаған Кеңес империясы да ұлт ұлтыны болған Шымкентті «южанин» деп басқа өңірлерге жеккөрінішті етуге тырысты. Келекеледі. Мұқатты. Төмен етуге тырысты. Расы керек, сол көр идеологияға бүгін де құдайдай сенетіндер бар.

Бұл келеңсіздіктен еліміз тәуелсіздік алғанда ғана құтылдық. Шымкенттің қазақ тарихындағы орнын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та орынды айтты.

«Шымкент – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала» деді.

Оңтүстікке келген сапарында Мемлекет Басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау үшін «Іскер қала» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен.

– Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы тұста Шымкент халқының іскерлігін айрықша атап өткім келеді. Жалпы, оңтүстік халқы қашан да еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз – көпшілікке үлгі-өнеге. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қазығы» деген. Мен адал еңбекпен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін атап өтіп, мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты.

– Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын, – деді Президент.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттегі жақсы өзгеріс, қуатты даму мәселесі жайында Президентке баяндаған болатын. Қала әкімі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26 пайызға артып,

724,3 миллиард теңгені құрағанын айтты. Яғни, былтыр 1 миллиард 51 миллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған.

Бүгінде 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 16,4 пайызға көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы жруде. Теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, қайта жаңғыруда.

Шаһарда «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс-холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар салынған.

Былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық ашылды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр.

233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайрық пайдалануға берілген.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне

3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған. Соңғы жылдары мұндай жүйелі шараның нәтижесінде қылмыс саны 33 пайызға азайған.

Жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.

Биыл қаңтар-мамыр айларында инвестиция көлемі 17,4 пайызға артып, 203,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция көлемі 29,5 млрд. теңге болса, жеке инвестиция көлемі

174,1 млрд. теңгеге жеткен. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 млрд теңгені құрап, 30,7 пайызға ұлғайғаны байқалады.

Шымкент – туризм үшін ыңғайлы қала. Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап болып табылатын инфрақұрылымы дамыған ірі қала.

Шымкент қаласында туризмнің дамуына көптеген факторлар ықпал етеді: біріншіден, ауа райы жайлы. Жылдың қай мезгілі болса да Шымкентте қыдыруға мүмкіндік мол. Екіншіден, мегаполис Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд секілді Ұлы Жібек жолы бағытындағы ірі тарихи қалалардың жанында сәтті орналасқан.

Жалпы, Шымкент – өмір сүруге қолайлы қала. Көпшіліктің пікірі осындай. Өйткені, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған, дүкен, базарлардағы баға қолжетімді, спорт пен бос уақытты өткізуге арналған орындар көп.

Б.Байдуллаұлы

x

Check Also

Шымкент: Дабыл жүйесі тексеріледі! Проверка системы оповещения!

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! 21 қараша күні сағат 11:00-де «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында “Дабыл жүйесін тексеру” жүргізіледі. ...

В Шымкенте недоношенному новорожденному провели две сложные операции

Врачи Шымкентского городского перинатального центра успешно провели одновременно две сложные операции недоношенному новорожденному. Малыш появился на свет на 31-й неделе ...