Шымкентте Аналар аллеясы ашылды. Ерекше демалыс орны бар-жоғы 2 айдың ішінде бой көтерген. Қазірдің өзінде жұрт сүйіспеншілігіне ие болған мекенге іздеп келушілер қатары артып жатыр,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкентте көлік тұрағы жаңа демалыс аймағына айналды. Серуендеуге арналған алаңға көпжылдық гүлдер егіліп, көгал төселді. Аллеяның құрылысы екі ай бұрын басталған. Аз уақыттың ішінде жасыл желекке көмкерілген жерді бірінші болып жақын маңда тұратын тұрғындар тамашалады.
Аллеяны салуға Шымкентке еңбегі сіңген, өңірдегі алғашқы әйел депутат Рәшкүл Оспаналиеваның ұлы демеушілік етті. Ол бұл демалыс орнын анасының құрметіне арнағанын айтады.
«Анам осы өңірде 20 жыл депутат болған. Оңтүстік өңірінің бірінші әйел депутаты болған кісі. Сол кісінің қайтыс болғаннан кейін артында естелік қалсын деген ой болды. Сонымен қатар, аналарға құрметін көрсетейік деп осындай Аналар аллеясын салдық», – дейді демеуші Нұрлан Толыбаев.
Расында Рәшкүл Оспаналиеваның үшінші мегаполистің дамуына қосқан үлесі көп. Оның өлшеусіз еңбегін әлі күнге дейін жыр қылып айтатындар жетерлік. Жаны нәзік жандардың қатарынан болса да ер азаматтардың қолынан келмейтін игі істерге мұрындық болды. Бұл аллеяның ашылуы қайраткер қазақ әйелдеріне қойылған ескерткіш деуге болады.
Мегаполисте салынатын демалыс орны мұнымен бітпейді. Қала басшысы биыл аллеялар саны артатынын жеткізді. Келесі саябақ шаһар шетіндегі бұрынғы қоқыс тастайтын аумақта ашылмақ.
«Қазір рекультивация жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қаламызда көп тал егіп, кәдімгідей орман сияқты ету жоспарда бар. Шымкент үлкен қала болғаннан кейін талдар көп болу керек деп ойлаймыз», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімдігі Шымкентті бәз баяғы жасыл қалаға айналдыруды көздеп отыр. Ал, мегаполисті гүлдендіру, тал егу жұмыстары демеушілер есебімен жүргізілуде.
© «Отырар» телеарнасы