АКАДЕМИК МҰҚАН ЕГІЗБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ

Түркістанда облысқа белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Егізбаевтың 60 жылдығына арналған іс-шаралар болып өтті.
Медицина қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырып, дәрігерлердің беделін көтеруге ықпал ететін өңірдегі үздік дәрігерлерді анықтау мақсатында өткен академик М.К.Егізбаев атындағы сыйлық үшін конкурсқа 26 қыркүйектен 16 қазанға дейін өтінімдер қабылданған болатын.
Конкурс қорытындысы облыстық клиникалық ауруханасында жарияланды. Жиынға Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
– Бүгін біз ұстазымыз және тәлімгеріміз – Мұқан Кеңесбекұлын еске алуға жиналдық. Ол білікті дәрігер, тамаша басшы және жүрегі кең адам ретінде жадымызда қалды. 23 қазанда Мұқан Кеңесбекұлы 60 жасқа толар еді. Ол отандық медицинадағы денсаулық сақтау саласының дамуына үлкен үлес қосты. Бірақ ол өзінің барлық жоспарларын жүзеге асыра алмады. Біз, оның шәкірттері, бастамаларын жалғастырудамыз. Бүгінгі таңда біздің мамандардың кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, заманауи білім алу үшін шеберлік дәрістері ұйымдастырылған. Осы екі күнде 20-дан астам ота, зертханалық диагностика бойынша дөңгелек үстел, дерматохирургия бойынша практикалық семинар өткізіледі. Жақын және алыс шетелден, сондай-ақ еліміздің жетекші клиникаларынан өз білімдерімен бөлісуге және тәжірибе алмасуға келген әріптестерімізге зор алғысымды білдіргім келеді, – деді М.Пашимов.
Шараға марқұм дәрігердің көзін көрген достары мен туыстары, медицина қызметкерлері де қатысты.
Сонымен қатар облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас мамандарының қатысуымен облыстың барлық орталық, қалалық және аудандық емханаларында ашық есік күндері өтті. Облыстық клиникалық ауруханасы мен облыстық балалар ауруханасының, облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мен облыстық офтальмологиялық ауруханасының кеңестік-диагностикалық емханаларында шеберлік дәрістері мен түрлі іс-шаралар да өткізілуде.
Онымен қоса, халықаралық мультидисциплинарлық шеберлік дәрісі облыстық клиникалық ауруханасы мен облыстық балалар ауруханасында өтуде. Шеберлік дәрістерін өткізу үшін АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Германия елдерінің жетекші мамандары, сондай-ақ Астана және Алматы ғылыми орталықтары мен университеттерінің мамандары келді.
Айта кетсек, Мұқан Кеңесбекұлы Шымкент қаласының, Түркістан облысының медицина саласының дамуына өзіндік үлес қосқан білікті басшы, клиникалық және функционалдық медицина академиясының академигі еді. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, облыстық мәслихат депутаты қызметтерін абыроймен атқарған. Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының Құрметті азаматы болды.
x

Check Also

Шымкентте шала туған нәрестеге күрделі екі ота жасалды

Шымкент қалалық перинаталды орталығының дәрігерлері шала туған нәрестеге бір уақытта күрделі екі ота жасады. Шақалақ 31 апталық мерзімде 2350 грамм ...

Түркістан жоғары медициналық колледжі республикалық байқауда Үздік білім беру ұйымы атанды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Санжар Жапарұлы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық ...