Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Шымкент қалалық филиалы «2000 мектеп» акциясын өткізіп жатыр. Филиал мамандары аталған акция аясында «оффлайн» форматта өңір мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді, — деп хабарлайды Жол активтері Ұлттық сапа орталығының Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалының зертхана меңгерушісі Қайрат Шәкіров бастаған бір топ мамандар № 56 мектеп оқушыларымен кездесіп, жолшы мамандығы, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктері және еңбек жағдайлары жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Жол саласы білікті, даярланған кадрларға мұқтаж. Елімізде жол шеберлері, инженер-құрылысшылар, инженер-сметашылар, зертханашылар, асфальтбетоншылар, автогредеристер, механизаторлар, ресайклерлер, арнайы техника машинистері жетіспейді. Бұл — негізгі жол күштері. Бүгін біз жолшы мамандығын таңдай алатын талапкерлерге үлкен үміт артамыз», — деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалының зертхана меңгерушісі Қайрат Шәкіров.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларына автожол саласында жұмыс істеу үшін қандай оқу орындарында білім алуға болатындығы, қандай пәндер бойынша емтихан тапсыру қажет екендігі, осы салаға бөлінетін гранттар саны және стипендиялар мөлшері туралы бейнероликтер көрсетілді.
Айта кетейік, акцияның міндеті — жол саласындағы маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында оқу ордаларында жол мамандықтары бойынша кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу. Филиал мамандары 2022 жылы 135 мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.