Ауыратлет Альберт Линдердің бауыры тосын мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ауыратлет ағасының өзіне қол жұмсайтындай күйге түсуіне жаттықтырушысы себеп болған. Бұл айыпқа қатысты жаттықтырушы Сергей Седов пікірін білдірді. Ал Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы тексеру жүргізбек, — деп хабарлайды КТК телернасы.
Ағасымен қоса оның қол жеткізген медальдарын жерге көмген Семен Instagram-дағы парақшасында жариялаған жазбасында ол Сергей Седовты айыптайды.
«Қазақстан құрмасының жаттығуында жүргенде қалай қиналғанын көрдім. Бес күн бойы нәр татпай жаттығу жасағанына бәрі куә. Оған ешкім көмектескісі келмеді. Қолын сындырып алған кездің өзінде жалғыз өзін үйге жіберген. Осының бәрін жасап отырған адам оның жеке бапкері әрі Қазақстан құрамасының аға бапкері. Ол адам емес. Спортта жүрмеуі керек. Балаларды жаттықтырмауы тиіс», — деп жазды Семен.
Спорт жолындағы кедергілер бауырының сағын сындырды деген Семен саладағы былықты бәрі білгенмен, айтуға батпай жүргенін айтады.
Ал, әлеуметтік желідегі айыптауды жаттықтырушы Сергей Седов ұстамдылықпен қабылдаған. Шәкірті Альберттің қазасы оның да қабырғасын қайыстырған. Оның айтуынша, Рио Олимпиадасының алдында тапсырған соңғы допинг тесттің оң нәтиже көрсетуі Альбертті қатты күйзеліске түсіріпті.
«Екеуміз жиі әңгімелесетінбіз. «Спорттан кетіп жұмыс істегім келеді, Рио олимпиадасындағы жолды қайта жүріп өткім келмейді» дейтін. Оның бала кезден тағдыры қиын болды. Сырын менімен бөлісетін. Туыстарын мені айыптады деп кінәламаймын. Қайғыдан қара жамылып отыр. Бәрін түсінемін», — дейді Седов.
Ауыр атлетика федерациясы тағылып жатқан айыпқа қатысты әңгімені қысқа қайырған.
«ҚР Ауыр атлетика федерациясы бұл істі бақылауға алуға және әрбір айыптау бойынша тексеріс жасауға ниетті. Жақын арада федерация әрбір атлетпен байланысып, ішкі тергеу жүргізеді. Оның қорытындысы туралы қосымша хабарланады», — деді федерация өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Ауыр атлетика федерациясы спортшы қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Дереккөз мәліметінше, Альберт Линдер өз-өзіне қол салған. Басқа деректер әлі белгісіз. Бүгінде Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Альберт Линдер 25 жаста, Талдықорған қаласының тумасы. Ол жастар чемпионы, Азия чемпионы, Универсиаданың жеңімпазы және рекордшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған.