Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ «Ana tili»
Қазақ – сан ғасырлық тарихы мен салт-дәстүрі, өмірлік ұстанымдары мен ерекше мәдениеті өскелең ұрпаққа мәңгі үлгі боларлық әлемдегі ең байырғы ұлттардың бірі емес, бірегейі. Оның үстіне сөзге шешен, тілге жүйрік, тура сөзге тоқтаған, әділдікті жақтаған, иен далада еркін жүріп, ешкімге бас имеген жауынгер ұлт. Ол жайында талай ақын-жырауларымыз бен танымал тұлғаларымыз мақтанышпен толғаған жыр жолдары мен тұшымды тұжырымдар жетерлік. Әсіресе ақындығына қоса, халқының қамын жеген қайраткерлігімен де ел есінде қалған Кәкімбек САЛЫҚОВ ағамыздың:
«Асқар Алтай, Атыраудың арасы,
Өр Алатау, сұлу Көкше саласы…
Сонша жерді сойылменен қорғаған
Ата-бабам осал емес-ау, шамасы», – деген жолдарынан абзал азаматтың бүгінгі азат ұрпақ үшін әлемде тоғызыншы орында тұратын ұлан-ғайыр аймақты аманаттап кеткен ата-баба ерлігі мен тірлігі үшін үлкен мақтанышты сезінеміз.
Айтар ойымыздың әлқиссасын бұлай бастауымыздың мәнісі, қазір кез келген кемшілігіміз үшін бір-біреуімізге: «қазақпыз ғой!» деп қана ақталатын заман туған сияқты. Бұл – онсыз да күн өткен сайын ғасырлар бойы қалыптасқан ерекшеліктерінен айырылып, қазақи асыл қасиеттерін жоғалтып бара жатқан ұлтымызды одан әрі тұқырту, одан әрі ұлтсыздандыруға өзіміз «байқамай» қосып жатқан «үлкен үлес», шындығын айтсақ – қасірет деп білемін.
Мысалы, ең қарапайым нәрсе, көшеге көлік қоярда кез келген жерге тоқтап, қалай болса солай қалдырып кете береміз. Тіпті әр көліктің орны сызықпен белгіленген арнайы тұрақтардың өзінде: «мен дұрыс қойсам, мына жағына тағы бір машина еркін жайғасады ғой» деп ойламаймыз. Ал осыны басқаларға айтсаң: «Қайтейік, қазақпыз ғой!», – деген бір ауыз сөзбен ғана жайбарақат жауап қайтарады. Үстіміздегі үйіміздің, қорамыздағы малымыздың, басқа да жылжитын, жылжымайтын мүліктеріміздің құжаттары дұрыс болмай шықса да кінәң – «қазақ болғаның». Үйіңнің айналасына қоқыс толып, шарбағың шалқасынан жатса да солай! Біреудің жетістігін көре алмай, үстінен түрлі мекемелерге арыз жолдап жататындар туралы әңгіме қозғалса да еститінің сол: «Бұл біздің қанымызға сіңген қасиет, себебі – қазақпыз ғой», – деп тағы да түк болмағандай қоя саламыз. Ал енді, барын тойға шашатын қазақ үшін оған бір емес, бірнеше сағаттап кешігіп барып, ерте барғандар үш-төрт сағатын бекерге жоғалтып, орта тұста 300-400 (!) адам жиналған мейрамхана босап қалып жатса да айтатынымыз: «қазақпыз ғой».
Сонда не, қазақ деген дүниедегі ең бір салақ, салғырт, мәдениеттен жұрдай, жауапсыз, тойғанына мәз болып, ішкен-жегені әз болып, біреуді кекетіп-мұқатқанды мақсат тұтатын, ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы жайында еш ойламайтын ез халық болғаны ма?!
Жо-о-о-қ! Менің пікірімше, қазақ – әлемдегі жеті атадан асқанша бір-бірінен қыз алыспайтын қаны – таза, ділі – дара, ақыл-ойы – дана, тарихы – терең, өнері мен мәдениеті өнегелі ұлттардың бірі. Тек біз кез келген кемшілік, иненің ұшындай ұнамсыз нәрселер үшін өзімізді «қазақпыз ғой» деп кемсіте бермей, ең сорақысы, өзгелерге өзімізді жығып бере бермей, қазақтың жер бетіндегі мың өліп, мың тірілген мықты ұлт екенін дүйім дүниеге күнделікті дәлелдей білуіміз керек! «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, ең алдымен, өзімізді өзіміз сыйлап, бауырмал, мейірбан, қайырымды, көпшіл, әділ, шешен, дарынды, зерек, сезімтал, төзімді, жауынгер, тағысын-тағы жақсы қасиеттеріміз бен болмыс-бітімімізді қарапайым, түсінікті, бұлтартпас деректер мен ақылға сыйымды қисын шеңберінде өзімізге де, өзгелерге де байыппен түсіндіре білуіміз тиіс. Ол үшін «өзін өзі мақтаған өгіз» қазақтың қандай халық екені жайында өзімізден гөрі өзге ұлт өкілдері айтқан пікірлер мен ой-тұжырымдарды алға тартсақ, тіпті тамаша. Ондай мысал аз емес.
Айталық, ІІ Екатерина: «Қазақ тегінің кім екенін білсе, әлемді билейді», – деген сөзді бекер айтқан дейсіз бе?! Демек, ол біздің батыр бабаларымыз Еуразия құрлығында талайды тізерлетіп, қалай үстемдік жүргізгенін бізден жақсы білді деген сөз. Өкініштісі, қазақтың тарихын да сол елдің өзгенің білімі мен білігін көре алмайтын, тек «біз ғана мықтымыз» деп ойлайтын өзімшіл өкілдері жазғандығында. Ал ертеден есті ұрпақты елін, жерін сүюге, ата-анасына, ағайын-туысына, ауыл-аймағына адал қызмет етіп, әртүрлі қиындықтардан қорғауға тәрбиелеуде үлкен рөл атқарған батырлар жыры, эпостық дастандар, шешендік сөздер, аңыз-ертегілерді қазіргі жастардың көбі оқымайды. Олардың негізінде түсіріліп жатқан кино, мультфилмдер де шамалы. Есесіне, алақандай смартфонға үңіліп, әлеуметтік желілердегі қайсысы аңыз, қайсысы ақиқат екенін айыра алмайтын, тәрбие-тәлімге түк пайдасы жоқ дүниелерді ақтаруға есіл уақытын жоғалтады. Сөйтіп, қазіргі ұрпақтың бойында ғасырлар бойы жалғасқан батыр бабаларымыз үшін мақтаныш сезімі, жер бүтіндігі, ел бірлігі, азат, еркін, берекелі өмір сүруге ұмтылған күрескерлік рухы жыл өткен сайын кеміп барады.
Орыстың әйгілі ғалымы Семенов-Тян-Шанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!», – деген екен. Демек, ол тек білім ғана емес, сан ғасырлық тарихымызда еленіп, екшеліп, сұрыпталып әбден жетілген, осылай күнделікті тіршілік қағидасына айналған ереже, заң, керек десеңіз, қолданбалы ғылым деген сөз!
Кеңестік кезеңнің атақты жазушыларының бірі Александр Фадеев: «Қазақ әні Москваны басып кетті ғой! Қазақтың қандай талантты ел екенін білгің келсе, «Қыз Жібегін» көр. Күләш Байсейітова артық-кемі жоқ – бұлбұл!», – депті.
Қазір, Құдайға шүкір, қазақ әні Мәскеуді ғана емес, Димаштың арқасында әлемді жаулап тұрған жоқ па?!
Ал Түркияның бұрынғы мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек: «Қазақ халқының мәдениетінің, рухының қаймағы бұзылған жоқ. Тегі – сол тек, ол – «көк бөрі». Қанша дауыл соқсын, үскірік аяз шалсын қиындықтарды жеңіп, даламен де, қаламен де, жалпы әлеммен бірге үндестікте келе жатыр. Бұл көкжалдық емей, немене?!», – дегенін көп қазақ біле бермейді.
Шынында солай емес пе?! Соңғы кездері 1812 жылғы соғыста француздар басып алып, 34 күн иелік еткен Мәскеуді азат етіп, Наполеон армиясын Парижге дейін қуып барған 92 мың атты әскердің қазақ екені айтылып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста неміс әскерлері Мәскеуге 17 шақырымға дейін жақындағанда да Қазақстанда, негізінен қазақтан жасақталған дивизия, соның ішінде Бауыржан атамыз бастаған жауынгерлер «ел жүрегін» теңдесі жоқ батырлықпен қорғап қалған жоқ па еді?!
Өзбекстанның бұрынғы президенті, марқұм Ислам Кәримовтің де: «Жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың», – деген сөзі ұлтымызға берілген үлкен баға! Біздің бабаларымыздың көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде жұлдызға қарап жол табатыны баяғыдан белгілі ғой. Мұның астарына үңіліп, тереңірек түсінсек, қазақтың тапқырлығын, әрқандай қиындыққа төзе білетіндігін және оны жеңе білетіндігін аңғарамыз.
Поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің мынадай естелігі бар: «Қазақтардың ойлау қабілетінің кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсіндіреді. Бірнеше күн бұрын өзара дауласқан екі партияның қақтығысына куә болдым. Сонда Демосфен мен Цицерон жайлы өмірі естімеген шешендерге таңғалып, қол соққанмын. Сонда бұлар тағы, жабайы болғаны ма? Жо-жоқ, Имандай шыным! Тәңірім бойына осынша қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес!».
Өмірден нағыз қазақ болып өткен белгілі жазушы Герольд Бельгер бір сұхбатында: «Географиям бойынша мен қазақстандықпын. Бірақ менің ұлтым неміс. Неміс болып тудым, неміс болып өлемін. Қазақтарға да айтарым сол. Қазақтар «Мен казақпын!» деген сөзді мақтанышпен айтуы керек!», – депті.
Менің де айтайын дегенім осы.
Дереккөз: «Ana tili» газеті