Олжа салған 30 жыл

Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Конституция күніне орай дөңгелек үстел өтті. «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шымкент қаласының басты жетістіктері» тақырыбымен өткен жиында отыз жылда еліміз бен үшінші мегаполис қол жеткізген табыстары мен жасампаз істері, жарқын жетістіктері сөз болды.

Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жиында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ел тарихына шолу жасап, Елбасының сарабдал саясатымен жүзеге асқан Қазақстанның даму моделі, Тәуелсіздікті қалыптастырудағы Ұлт көшбасшысының рөлі айшықталды.

Алқалы жиында сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құрылыстағы тарихи серпілісінің, әртараптандырылған нарықтық экономиканы құруда үшінші мегаполистің алар орны ерекше екенін жеткізді. Қала халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келгенін және шаһар тұрғындарының орташа жасы 28-ді құрағанын айтты. Сондай-ақ, айтулы жылды шаһарда кең көлемде мерекелеу барысын атап өтті.

– Егемендік алғалы елімізде көптеген ауқымды жобалар атқарылып, соның жемісін көріп келеміз. Осы жетістіктердің ішінде Шымкент қаласы мен жұртшылығының алатын үлесі көп. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Бұл ретте биыл бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 175 іс-шара өткізілді. Оның ішінде республикалық 74 ауқымды іс-шара 45 мыңнан астам адамды қамтыды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табатыны сөзсіз, — деді Шыңғыс Мұқан.

Ұлттық құндылықтар дәріптелген басқосуда «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов шаһарда сайлауалды бағдарламаларының орындалуын айтты. Оның сөзінше, партияның өңірлік филиалы құрылған жылы 21 мың мүшесі болса, қазір 35 мыңға артқан. Басқосуда партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясындағы міндеттерді іске асыру жайы сөз болды.

Ал жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт қаламыздың рухани-мәдени саласында жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Жарыссөзге шыққан М. Әуезов атындағы ОҚУ проректоры Сәкен Мәжiнбеков үшінші мегаполистегі ғылым мен білімнің дамуы жайлы баяндама жасады. Қалалық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева шаһарда кәсіпкерлік көкжиегі кең қанат жайғанына тоқталды. Кәсіпкер қаланың дамуына меценаттардың қосқан үлесі зор екенін жеткізді.

Ал «Азаматтық Альянс» ҚБ төрағасы Жұмағали Бiлiсбеков азаматтық қоғамның белсенділігі жыл санап артып отырғанын айтты. Оның айтуынша, шаһарда 1250 қоғамдық бірлестік пен 840 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соңғы жылдары азаматтық қоғам құруда әйелдердің белсенділігі де жоғарылағанын хабарлады.

Дөңгелек үстел барысында «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан, ҚР Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыров, «Қаратау дәстүрлі өнер» мектебінің директоры Біржан Байтуов, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева жарыссөзге шығып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Шымшаһарда атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді талқылады. Сонымен қатар, «Туған қала» атты бейнероликті тамашалады.

Дереккөз: «Шымкент келбеті» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Созақ ауданындағы «Үлгілі ауыл» атанған жартытөбе елдімекенінде соңғы 5 жылда мүлдем қылмыс тіркелмеген

Созақ ауданында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы ретінде Жартытөбе ауылы үздік деп танылды. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру ...

Түркістанда бокстан түркі мемлекеттерінің «Алтын белбеуі» сарапқа салынды

Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде Түркі мемлекеттерінің қатысуымен бокстан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі ...