Мәңгілік ел алыптары. Қажымұқан Мұнайтпасұлы 150 жаста

Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамыз биыл 150 жасқа толып отыр.

Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дей келе, өткен тарихымызға құрметпен қарап, жас ұрпаққа және бүгінгі буынға Ұлы даланың тау тұлғаларының ерлігін, өмірін кеңінен насихаттауға ерекше назар аударды. Қажымұқан Мұңайтпасұлы –  ел есінде есімі өшпестей сақталған сол ұлы тұлғалардың бірі.

2015 жылы өткен «Қазақстан барысы» V республикалық турнирінде Елбасы:

«Бұл біздің халқымыздың дәстүрлі күрес өнері. Ауылдағы балалар ежелден күреспен шұғылданып, өз машықтарын жетілдірген. Әкелер өз балаларына күрестің амал-тәсілдерін үйреткен. Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта жарыстың одан әрі дамитынына, ал оның қазіргі қатысушыларының арасынан Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақтың көптеген ұлы балуандарының даңқты жолын жалғастыратын спортшылар шығатынына сенемін», – деген еді.

Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы 1871 жылы 7 сәуірде, Ақмола уезі, Қаракөткел ауылында қарапайып шаруа жанұясында  дүниеге келген.

Аталары елге әйгілі батырлар болған екен.  Төртінші атасы Сәді Абылай хан тұсында өмір сүрген үлкен батыр, асқан найзагер адам екен. Сәдінің ұрпақтары арасында алып тұлға Ернақы  (шын аты – Ержан) атасы туралы ел аузында көптеген аңыздар да сақталған. Ернақ батыр дүниеден өткен соң айналасы жұтай бастайды. Атасы Ернақ ерекше күштің иесі болған  және өз немересіне қазақша күресті үйреткен. Ал нағашы атасы Лек палуан ағаштарды тамырымен жұлған деген аңыз бар. Әкесі Мұңайтпас та өте күшті адам болған. Ауыл арасындағы той-думанда күрес жарыстарына қатысып, «жуан аяқ палуан» деген атпен танылған. 1847 жылдары жанұясымен Қараөткел жағына көшіп, жалшылықпен күн кешеді.

Палуан өзі туралы былай дейді:

Атандым Мұқан палуан, бала жастан,
Ішінде күштілердің болдым астам.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан.

Алып тұлғаның әлемдік деңгейде алғаш рет көзге түскен кезі 1906 жылдан бастау алады. Германияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ сол кездегі саясатқа байланысты бұратана халықтың атын шығарған палуан орыс патшалығына онша ұнай қоймайды. Сол себептен Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды Ямагата Мухунури деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен бірге оның Мухан, Иван Чёрный сияқты лақап есімдері болған.

1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына Қажымұқан «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.

1910 жылы Қажымұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте бабамыз Америка чемпионы атанады.

1911 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы Ыстамбұлға барады. Сол кезеңде әлемде түрік палуандарынан мықты палуандар жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық, ол жаққа орыс палуандары аяқ баспаған екен. Осы ретте намысқой Қажымұқан түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буған болатын.

1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» — деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» — деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады.

Егер ол өз заманында тәуелсіз елдің азаматы болса, оның Мұқан Мұңайтпасұлы деген шын есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылар еді. Ол – өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға қазақтың нағыз хас батыры.

1940 жылы Қажымұқан халық алдында соңғы рет өнер көрсетуге шығады. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін цирк әртістерінің ақшаны майданға көмек ретінде жіберіп жатқанын көріп, жасының келіп қалғанына қарамастан, өз үлесімді қосамын деп, цирк-шапито ұйымдастырады. Сөйтіп, балға, шынжыр және кір тастар сияқты қарапайым снарядтарды пайдаланып, қазақ ауылдарын аралайды.

Шоулардың бірінде Мұңайтпасұлы жерге жатқан екен. Одан кейін оның үстіне тақтайлар орнатылып, сол тақтайлардың үстімен адамдарға лық толы жүк машинасы жүріп өткізетін болған.

Осылайша, төрт жылдың ішінде Қажымұқан 100 мың рубль жинап, қорғаныс қорына аударады. Бұл ақшаға ұшақ жасатады да, бүйіріне Амангелді Имановтың атын жаздыртады.

Мұңайтпасұлы ол ұшақты жас ұшқыш Қажытай Шалабаевқа салтанатты түрде табыс еткен. Ұшқыш Шалабаев онымен Прибалтика және Ленинград майдандарында соғысқа қатысқан.

Палуанның төрт әйелі болған. Олардан төрт ұл – Халиолла, Ғабдолла, Айдархан мен Жаңаділді, сондай-ақ үш қыз – София, Азия мен Рашиданы сүйген.

Бірінші әйелі – цирк әртісі Надежда Чеповская. Қажымұқанға тұрмысқа шықаннан соң, ислам дінін қабылдап, Бәтима (Фатима) есімін алған. Олар 1909 жылы Рига қаласында танысып, Омбы қаласында үйленіп, той жасайды. Одан палуанның Халиолла атты ұлы бар. Ал Ғабдолланы балалар үйінен асырап алған. Ұлты – орыс.

1925 жылы палуан Тыныбайқызы Ырыстыға үйленеді. Одан үш қызы дүниеге келді. Ал 1938 жылы Мінәйімге, ал 1946 жылы Айшагүлге үйленген. Мінәйімнен Айдархан, ал отыз жас кіші соңғы әйелінен Жаңаділ деген ұлы болған. Ол кезде Қажымұқан 78 жаста екен.

Мұңайтпасұлының немересі Шаттық Қажымұқан карате-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып табылады. 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлденің иегері. Бақытжан Қажымұқан атты басқа немересі – белгілі композитор, «Жас Қанат» пен «Азия Дауысының» жүлдегері.

Қажымұқан Мұнайтпасұлы 1948 жылы Түркістан облысының Бөген ауданындағы Ленин туы колхозында қайтыс болған.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорында батыр туралы зерттелген көптеген естеліктер, әдеби мемуарлармен  танысуға болады.

Мәселен, «Қажымұқан туралы естеліктер» кітабының құрастырушысы Нармахан Бегалыұлы Қажымұқан Мұнайтпасұлының спорттық өмірбаянын, айтулы өмір жолының әр кезендерін жаңа деректермен толықтырып жазған.

Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан: Повесть және әңгімелер» атты еңбегі де ұлы палуанның өмірбаянынан сыр шертеді. Шығарма Қажымұқанның батылдығын шұрайлы да жатық тілмен тартымды жеткізеді.

Дереккөз: Елбасы кітапханасы

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Алдын ала қорытынды: Референдумға 7,8 млн қазақстандық қатысты

Алдын ала қорытынды: 7 млн 820 мың 918 адам: Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы таңдау жасаған Аймақтар бойынша ...

Референдум ТМД байқаушылар миссиясының жіті бақылауында

Науқанды қадағалауға Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 74 байқаушы келген. Олар өңірлерді аралап дауыс беру барысын бақылайды. ...