Сәтбаев қаласының саяжай массивінде кішкентай қыз бала ересектердің қарауынсыз ойнап жүргенде баланы иттер талап тастаған. Алған жарақаттардан бүлдіршін оқиға орнында көз жұмды.
15 қараша күні 17:00 шамасында Сәтбаев қаласының полиция бөлімшесіне жедел жәрдем қызметкерлерінің тарапынан 6 жастағы бүлдіршіннің өлімі туралы хабарлама түскен.
Бұл – қаладағы саяжай қауымдастықтарының бірінде болған оқиға. Медицина қызметкерлері қыз баланың денесінен иттердің тістеген іздерін тапқан.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы жетті. Тәртіп сақшылары жазатайым қайтыс болған бүлдіршіннің саяжай қауымдастығында ата-анасымен бірге тұрғанын анықтады.
Белгілі болғандай, үлкендердің қарауынсыз үйде жалғыз қалған жеткіншек иттердің қоршауына түсіп қалған.
«Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар бекітілді. Себеп-салдары анықталуда. Полиция қызметкерлері ата-анасын жауапқа тарту мәселесін қарастырып жатыр. Иттерді құрықтау бойынша тиісті ветеринарлық қызметке мәлімдеме жіберілді», – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті.
Дереккөз: Nur.kz