Махмұдтай саңлағы бар ел бақытты

Басталды! Төрткүл дүние төрт жылдан бері тағатсыздана күткен Париж олимпиадасы ойындары жалауын көтерді.

Әлемде бірінші бол, Азия ойындарында, Азия чемпионатында алтыннан салым сал. Кәрі Еуропа чемпионатында алдыңа қара салма. Осының бәрі Олимпиада ойындарының алтының қасында түкке де жармай қалады.

Мемлекет Басшысы да осыны аңғартты. «Бүкіл Қазақстан халқы болып тілеулеріңізді тілеп отырамыз» деді.

«Намысқа шапсаңдар, алысқа шабасыңдар» деген мәтел бар деді.

Қазақстан Парижге 80 спортшы аттандырды. Сол саңлақтардың ішінде күн сәулетті Шымкенттен 10 сайыпқыран бар. Анау алтын, мынау күміс, қола медаль алады деп алдын ала тон пішпей-ақ қоялық. Алла жар болса, алтын медальді жарқыратып тағып оралатын саңлақтарымыз бар.

Соның бірегейі — Махмұд Сабырхан. Бокс ережесіне байланысты ерлердегі кейбір салмақтар қысқартылып, қыздар боксына орын бөлінді. Салқынын тартқандардың бірі біздің Махмұд. Оның қарсыластары 7-8 келі қуып жарысқа түседі. Бір салмақ жоғарылаған біздің ұлдың қасында олар ірі көрінеді. Есесіне Махмұд жай оғындай жылдам. Қос қолмен қарсыласының ес-пұсын алып оңдырмай ұрады. Қарсы соққы дарытпай оң, сол жаққа жалт беруде әлемде үздік. Бетті. Жүрегі — арыстанның жүрегіндей. Халықаралық Олимпиада Комитеті қалаған боксшысына жеңісті тізеге салып отырып тартып әперетін IBA-ны шеттеді. Төрешілер арасында Құлагерді жыққан Батыраш Қотыраштар болмаса осы Сабырхан Махмұд Шымкентке алтынмен оралады.

Басқа спортшыларымыздың да осалы жоқ. Әрине, Олимпида ойындарына әлемнен мықтының мықтылары ғана жиналады. Мыңнан тұлпарлар. Сәттілік серігің болсын деген қанатты сөз бар.

Расы керек, кезінде бессайысшы Александр Парыгин, желаяқ Ольга Шишигина, велошабандоз Александр Винокуровтан алтын күтілген жоқ. Қазақстанда Бақтияр Тілегеновтің асуынан аса алмаған Бекзат Саттархановтан да алтын күтілген жоқ. Құрамадан орын ала алмай, ең соңғы сәтте ғана Афинаға беттеген поездың соңғы текпешегіне аяғын іліктірген Бақтияр Артаев олимпиада алтынымен қоса Вэл Баркер Кубогін елімізге алып келді.

Яғни, бәрі өзіңде, бағың мен бабыңа байланысты. Сондықтан да Қазақстан спортшыларының қатарында сол мүмкіндік Шымкенттіктерде де бар.Алла жар болсын, бауырлар!

Бақтияр ТАЙЖАН