Жақсылық аға, Арманыңыз орындалды!

Париж. «Ақындар ауылды тұрып Парижде өледі» деп ғаламат ақындар жырына қосқан Париж. Қазақтың ән падишаһы Әміре, Әміре Қашаубаевтың дүние жүзін тәмсандырып, француз аспанын қазақ әнімен әлдилеп ән салған атақты Париж. Қазақтың іргесі бүтін ел болуын армандап, дүниеден өткенше ұлы мақсатынан айнымаған Мұстафа Шоқайдың ізі қалған Париж.

Осы Париждің нақ төрінде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында алғашқы күні-ақ Қазақстан қоржынына алтыннан салым салған алтын жігіт Елдос Сметов алтын тұғырда тұрып жылады. Дүние жүзінің бәске қойған мықтыларын сыпыра ұтып, жеңімпаздарды марапаттайтын мінбердің ең биігінде тұрған Елдос өзінің жеңісіне қазақ байрағы әуелеп, әнұраны ортасына келгенде қыстығып екі көзін жұмды. Көзінен лағыл жас төгілді. Кемсеңдеп ерні дірілдеді. Қас-қағым сәт. Бәрі есіне түскен шығар. Үш дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы, бес дүркін әлем биігін бағындырған Бувайсар Сайтиев, шешен халқының даңқты ұлы «Жеңіс мінбесінің ең биігіне тұру бұл тек бері жағы ғана. Осы жеңістің ар жағында жаттығуда төгілген теңіздей тер, өзімді барлық жағынан сарқып, қалай жеңгенім өзіме ғана белгілі» деген ой айтады. Расы, осы.

Елдостың қыстығып жылап тұрған шағынан ойға оралғанын айтайық.

Жарыста алған жарақаттар жанды шырқыратқан шақ. Ылғи жеңіс тұғырына көтеріле бермейсің. Жеңілетін шақ та болады. Халықтың наразылығы, бапкерлер корпусындағы сенімсіздік. Келесі жарысқа апармау мәселесі. Бірде Елдос дзюдомен түпкілікті қоштасқысы келеді. Шешім қабылданды. Ат құйрығын кесіп, татамиден безіп кеткісі бар. Бапкерлер айтады. Тыңдамайды. Достары айтады. Тыңдамайды. Әке-шешесі екі жақтан ұлының алдында үлкен даңқ күтіп тұрғанын, битке өкпелеп тонын отқа тастамауын өтінеді, ата-ана ретінде татамиге қайта оралуын қалайтындықтарын айтады. Өнегелі отбасында өскен тәрбиелі ұл ата-ана кесігін аттай алмай кимоносын киіп, спорт залына қайта оралады. Ал, түңілген күйі оралмағанда ше?!

Жылады. Әрине, ең алдымен Отанының, қалын отандастарының мерейін тасытқанына, спорттың ең төресі Олимпиада ойындарында Қазақ байрағын көкке көтеріп, әнұранын ойнатқанына, ел сенімінен шыққанына қуанды. Шаттанды. Ар жағын тағы айтайық.

Осы Елдостың Парижге баруына сенбегендердің қатарында дзюдоның кәнігі мамандары да болыпты.

«Алдында рейтингісі жоғары екі жас балуан бар. Солардың бірі барсын». Депті.

Мамандардың кеңесі, халықтың алқауымен үшеуінің арасында күрес өткізілген. Жүйкені жүндей түткен шақ. Әупірімдеп жүріп екі інісін еңсерген. Олар да мұның күресін бес саусақтай біледі. Алдырмауы да кәдік еді. Бүгінде Елдосты сыпыра мақтап, аспанға көтеріп жатқан жұрты мұның бәрін қайдан білсін.

Ал, мұның бәрі әлемдік рейтингте бар болғаны 22 орында тұрған оғланның қолынан келді.

Өз інілерімен тең күрескен, сәл мүлт кетсе жолдамадан айырылып қалу қаупі де болған Елдос әлемде өзінен оқ бойы озық тұрған дзюдошыларды күмәнсіз жеңді. Міне, қуаныштың көз жасы. Тағы да айтайық.

Рио де Жанейро. Ильф пен Петровтың атақты кейіпкері суаяқ Остап Бендердің аузынан түспейтін Бразилия туралы бала кезден біліп өстік. Осындай ит арқасы қиян, алып мұхит әлдилеп жатқан ғажайып өлкеге табанымыз тиеді деп кім ойлаған. Мүмкін екен.

Рио де Жанейро. Алып зал. Ақтық сын. Татамиде әлемде озық екі дзюдошы белдесіп жатыр. Елдос Сметов. Қарсыласы Ресейдің бәске қойған балуаны Беслан Мудранов. Алма кезек шабуыл. Біздің ұл алымды. Қайта-қайта әдіске кіреді. Беслан жанұшырып орта жолда үзіп тастап жатыр. Алғашқы төрт минуттық айқас бітті. Голден скор. Алтын ұпай.

Тағы да төзімді сарыққан арпалыс. Жанымыз Елдостың үстінде. Барлық қазақ жанкүйерлерінің көз алдында Елдос атойлайды. Беслан қорғаныста. Аяқтан қырқа салған Елдосты жанұшырып қайырды. Бітті. Қолда тұрған алтын көз қарықтырып, түлкі бұлаңға салып Ресейдің қоржынына сүңгіп кетті.

Біздікі еді, негізі. Неге?

Дзюдо-күрес түрлерінің ішіндегі ең бекзаты. Тумысынан ұқыпты, өз салт-дәстүріне берік жапондар осы күресін үнемі жетілдіріп, әрлеп отырады. Бір кездері басқа күрестер секілді осы дзюдода аяқтан ұстап күресу болған. Бел бүгіледі. Күрестің әдемілігі жоғалады.

Алып тастады. Іштен шалып, шыр айналдырып топ еткізетін әдіс бар еді. Қазақтың оң жамбасына келетін, қазақ күресінің ең сүйікті әдісі. Оны да алып тастады. Бағалаудың да түрлері бар еді. Юко, коко. Белсенді әрекетке, жерге жамбасымен отырғызсаң да берілетін. Бұл болғанда Елдос голден скорға жеткізбей жеңімпаз тұғын.

Жеңімпаз болатын тағы бір себебі. Бұрын бес минуттық күрес болатын.Татамидің үш жағында ортадағы рефериден бөлек үш төреші отырады. Қолдарында шағын ақ және қызыл түсті жалауша. Ұпай белгілейтін солар. Кейде жекпе-жек тең нәтижемен аяқталады. Алтын ұпайдың жоқ кезі. Мұндайда үш төреші жалауша көтереді. Хантей. Кім белсенді болды, көп әдіске кірді, жеңіс соныкі. Бұған салсаң да жеңіс Елдостікі-тін. Өз ұлттық күресін тартымды етіп жатқан жапондарды сөге алмайсың. Бәрі дұрыс Темірдей тәртіп, қарсыласқа иба бар.

Көзіміз көрген соң айттық.

Бұған дейін Елдос Сметов Токио олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Қысық сөйлейтін, адамды қолдап емес қорлап сөйлейтіндер «Елдос төмен кетіп барады. Бары сол, жастарға орын босатсын. Шал, кет» деді.

Кетпеді Елдос. Қазақстанда бірінші болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елдос Сметовке телефон шалып, оны Олимп шыңын бағындыруымен құттықтады.

«Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша жеңіске жеттің, нағыз жігітсің! Сен сияқты жігіттердің арқасында туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа аманшылық тілеймін. Астанада кездескеше!», — деді Президент.

Тәрбиелі ұл спортқа Мемлекеттің қатты көмек беріп отырғаның жемісі деді. Қазақ байрағын көке көтердік. Осы үшін Отанына, қалың тілеулестеріме қатты разымын, рахмет айтамын деді. Түйіні осы ғой.

Енді Елдос жеткен жеңістерді бір саралап көрейік:
Елдос Сметов – дзюдодан жастар арасында әлем чемпионы болған бірінші қазақ балуаны (2010 ж.);
Елдос Сметов – Азия ойындарының чемпионы атанған бірінші қазақ дзюдошысы (2014);
Елдос Сметов – ересектер арасында дүние жүзінің чемпионы болған ең алғашқы қазақ дзюдошысы (2015);
Елдос Сметов – ересектер арасындағы үш әлем чемпионатында медаль алған Қазақстан Республикасының тұңғыш дзюдошысы (2015,2019, 2022);
Елдос Сметов – Олимпиада ойындарының күміс медалін жеңіп алған бірінші қазақ дзюдошысы (2016);
Елдос Сметов – дзюдо күресінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ (2024);
Елдос Сметов – қатарынан үш Олимпиада ойындарында медаль алған бірінші қазақ дзюдошысы (2016, 2020, 2024).

Тағы да айтайық. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков 1980 жылы Мәскеу олимпиядасында жеңімпаз болды. Шәміл жоқ. Жақсылық ағамыз күрес түрлерінен содан бері олимпиада ойындарының жеңімпазы шықпағанына қапа болып, үнемі айтып жүретін. Жүрегі қан жылап айтатын. Армандайтын. Бірде Елдоспен бірге мейманда отырып, өзі ас ішіп отырған қасығымен Елдосқа ет асатыпты. «Сенің болмысын бөлек. Олимпиада жеңімпазы болу қолыңнан келеді. Сол биікті бағындыруыңа шын жүректен тілектеспін» деп батасын берген екен. Сол тілек қабыл болды. Әттең-ай, Жақсылық ағамыздың көзі тірі болғанда балаша қуанып, аспанға секірер ме еді. Қалың қазақтан сүйінші сұрар еді. Мәскеуден бері арада алтынсыз 44 жыл өтіпті. Жақсылық ағаның арманы орындалды. Елдостың алтыны қазақ құрамасына үлкен мотивация берді. Әрқайсысы медальді салмақтап ұстап көріп, осы мүмкіндікті өздері де жасай алатындығына сенді. Соның бірі досы Ғұсман Қырғызбаев.

Мәрт қазақ

Елдостың еңбегі Мемлекет тарапынан әрине, лайықты марапатталады. Әйтсе де ел ішінде Атымтай Жомарттар көп қой. Келген қонағына жалғыз қойын сойып, лауы жоқ болса жалғыз атын жетектетіп жіберетін қазақта Ақтөбелік Әнуар Маханов деген айтулы азамат Елдостың жеңісіне қатты қуанып, сүйіншісіне 100 жылқы атады. Алланың нұры жаусын, мырза қазақ. Елдостай батырларға алтыннан үй салып берсе де артық емес.

Әлемдік рейтингте үштікте тұрған, барған халықаралық жарыстарынан олжасыз қайтып көрмеген Әбиба Әбужақынова да үлкен құрметке лайық. Өзбекстаннан келді. Өзбекстанда өз салмағында бірінші орында тұрды. Ала тақиялы ағайын құрамаға тартпаған соң, өзінен кейінгі өзбек қызына таңдау жасаған соң тарихи Отанына оралды. Финалға шығуға мүмкіндігі болды. Сәл сәттілік жетіспеді. Үшінші орынға аяқтағы жарақатымен күресті. Болмады. Еңіреп жылады. Үмітін ақтай алмағаны үшін қазақ халқынан кешірім сұрады.

Пәтері ипотекада екен. Әнуар сияқты мырза жігіттер табылып жатса нұр үстіне нұр. Басқа басқа Әбиба бұл құрметке лайық. Біздікі лепес, ізгі ниет. Ал, Елдостың тарихи жеңісі тағы да құтты болсын, бауырлар.

Бақтияр ТАЙЖАН,
ҚР Спорт қайраткері

x

Check Also

Түркістанда бокстан түркі мемлекеттерінің «Алтын белбеуі» сарапқа салынды

Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде Түркі мемлекеттерінің қатысуымен бокстан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі ...

Парижское соглашение и парниковые газы: Какие источники энергии вызывают больше всего выбросов CO₂?

Изменение климата является одной из самых серьёзных угроз современности, и углеродные выбросы играют ключевую роль в этом процессе. С 2015 ...