Еңбекші ауданында аулаларда тазалық жұмыстары жүргізіліді

«Таза аула» экологиялық акциясы аясында қаладағы көпқабатты үйлердің аулалары ретке келтіріліп, тазалық жұмыстары жүргізілді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Еңбекші ауданы Әлімбетов көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулаларында өткен тазалық іс-шарасына еріктілер, аудан әкімдігінің қызметкерлері, тұрғындар және аудандық коммуналдық мекемесінің жұмысшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар бұталарды кесу, шөптерді ору, ағаштарды әктеу, ойын алаңдарын сырлау жұмыстарын атқарды. Атап айтқанда, 11 шағынаудандағы №201, 203, 205, 207 көпқабатты үйлердің аулалары ретке келтірілді.

Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері тазалық жұмыстарын ұдайы өткізіп келеді. Олардың жұмыстары 9 секторға бөлінген. Коммуналдық мекеме өкілдері тұрғындардың шағымы негізінде де санитарлық жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ, коммуналдық мекеме жұмысшылары мобильді топтармен бірге кешкі және түнгі уақыттары да тазалық іс-шараларын өткізеді.

Экологиялық акция барысында тұрғындар іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.