«Канело»-Мунгия шайқасы: Альварес әлемнің абсолют чемпионы атағын сақтап қалды

Бәске WBA Super, WBC, IBF және WBO чемпиондық титулдары тігілген болатын.

Кәсіпқой бокстан екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (61-2-2, 39 КО) пен жерлесі Хайме Мунгия (43-1, 34 КО) бокссүйер қауымға нағыз шоу ұйымдастырды. Лас-Вегас төрінде қос боксшы 12 раунд бойы жойқын айқасып, нәтижесінде «Канело» жеңіске жетті және өз атағын қорғап қалды.

Айта кету керек, бұл – Мунгияның мансабындағы алғашқы жеңілісі. Бұған дейін 27 жастағы мексикалық 42 кездесудің бәрінде жеңіске жеткен болатын.

Ал, бүгінгі жекпе-жек нағыз мексикалық стильде, яғни ашық өтті. Қос боксшы да қорғаныста жатып алмай, ауыр соққылар сериясымен алмасты. Хайме қарсыласының атақ-даңқынан қорықпай, қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, Вегасқа жеңіс үшін келгенін көрсете білді.

Десе де, тәжірибелі Альварес төртінші раундта қарсыласын ауыр апперкот соққысымен ұрып құлатты. Төреші есеп ашқанымен, Мунгия аяққа қайта нық тұрып, 12-раундтың соңында дейін төбелесті. Тіпті соңғы екі раундта ол абсолютті әлем чемпионынан басым көрінді.

12 раундтың нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Сауль Альвареске берді. Осылайша ол өзінің WBA Super, WBC, IBF және WBO титулдарын қорғап қалды.