Алға жетелеген арман

Ежелден түркі əлемінің жүрегіне басқан тұмары саналатын киелі Түркістанның жаңғырып, жайнаған келбетіне сырттай қызыға қарап, бүкіл əлемнің көз тіккеніне де етіміз үйренді. Көне шаһарды бір көруді армандап, қасиетті топырағына табаны тигенін бақыт санайтын туристер төрткүл дүниенің төрт бұрышынан ағылып келуде.

Алыс-жақындағы ағайындардың, дос-жарандардың қайсыбірімен сөйлессең де, əңгімесін: «Япырай, ана тұрған «Керуен сарайларың», «Алтын самұрықтарың», «Конгресс холлдарың,» Қазақстанда теңдесі жоқ «Фараб» əмбебап -ғылыми кітапханаларың ел-жұрттың аузында жүр. Ал, көрермендер чартерлік ұшақтармен бір қойылымын көру үшін шетелдерден арнайы келетін Түркістан музыкалық драма театрын көрген де, көрмеген де арманда дейді ғой»-деп бастап, тіпті кейбірін жергілікті халықтың өзі де көріп үлгермеген сəулет жəне мəдени орындарды тізбелей айтып, таңдай қағып, тамсанады.

Қала көшелерінде кездесіп қалатын нəсілі, түр-түсі басқа, өзге тілде сөйлейтін туристерге де бұрынғыдай тосырқап қарамай, шала ағылшыншамызбен жөн сілтейтін болдық.

Бір сөзбен айтқанда, туған қала Түркістанымызға əлемнің əр түкпірінен ат басын тірейтін туристерге сан жетпейді. Алайда, «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады»-деген халық нақылына сүйенер болсақ, алыстан аптығып жеткен қонағымыздың еліне де сондай шат көңілмен қайтуының маңызы зор. Ол баршамызға сын. Ал, енді алыстан ат терлетіп келген жолаушының ең алдымен іздейтіні де талабынан шығатын жайлы қонақ үй, асы дəмді асхана. Жақсы жерге жайғасып, тамақтанып, көңілі жайланғаннан кейін ғана айналасына көз салып, жан-жағын байыптай бастайды. Күн өткен сайын туристер қаласына айналып келе жатқан Түркістанға алыс жолдан шаршап-шалдығып жеткен жолаушыларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан халыққа қызмет көрсету саласының алдыңғы қатарында, осы орайда, ірге тасы қаланғанына жиырма екі жылдан асқан «Эдем» қонақ үй-кешенін атап өткен жөн. Төрт қақпалы Түркістанның 1500 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен сол жылдар қала кəсіпкерлеріне көп ой тастап кеткен еді. Əсіресе, туризм саласының тек Түркістанда ғана емес, жалпы елімізде кенжелеп қалғандығы анық байқалған. Бұл негізгі мамандығы балалар дəрігері, бірақ бұрынғы Одақ тарап, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен кезеңде алғашқылардың бірі болып кəсіпкерлікті қолға алған Мухаббат Саидахметқызы Ибрагимованы тың қадамдарға жетелеген еді.

Негізі, бұл құпия арман Мухаббат Саидахметқызының сонау күн шырайлы Ташкенттің төрінде медицина институтында жоғары білім алып жүрген кездің өзінде-ақ жүрегінің түкпірінде бұлқынып мазалаушы еді. Оның өзіндік себебі де бар. Туған қаласы Түркістанға каникул күндері келген сайын тұрмыстық қызмет орындарының, шаштараздардың шəугім-шəйнекпен су ысытып, ожаумен басыңа су құйып жуып көрсеткен қызметтерін, олардың мүшкіл халдерін көріп, қатты қынжылатын.Ташкент қаласындағы тап-таза, сəулетті əсемдік салондары көзіне елестеп, беймаза күйге түсетін. «Осыдан маған бақ-дəулет қона қалса, түркістандық қыз-келіншектер керіле кіріп, кербезденіп, көркейіп шығатын əдемі бір салон ашар едім» -деп қиялға берілуші еді.

Бұл асыл арман жолдасы, Ташкент политехникалық институтының түлегі, бүгінгі таңда туған қаласының дамуына қомақты үлес қосып жүрген табысты бизнесмен Фазыл Балташұлы Ибрагимовқа 1976-шы жылы тұрмысқа шығып, Мукаддам, Нилюфар, Гүлнара, Фаррух, Атабек есімді бес перзентті дүниеге əкеліп, өз мамандығы бойынша Түркістан қалалық балалар емханасында 1-ші санатты дəрігер, кейіннен педиатрия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп, Түркістан медицина колледжінде оқытушылық қызметті қатар алып жүрген кезінде де анда-санда жүрек түкпірінен бас көтеріп қоюшы еді. Мухаббат Саидахметқызының бұл бағыттағы жұмысы да өте жемісті болды. Қолы шипалы дəрігер атанды. Əріптестеріне, ата-аналарға сыйлы болды. Кейбір ата-аналар көрген жерде танып, əлі күнге дейін амандасып жатады.

Көпшіліктің алғысы -Мухаббат Саидахметқызының медицина саласындағы ширек ғасырлық еңбегіне берілген лайықты баға.

Балалар денсаулығын сақтауға арналған бұл жылдар ақ желеңді абзал жанның өмірбаянынан үлкен орын алатын жарқын уақыт

Мухаббат осылай тып -тыныш сүп-сүйкімді сəбилерді емдеп жүре берер ме еді… Егерде қоғамдағы саяси төңкеріс болмаса. Жұлдызы жанатын, асыл арманы орындалатын шақ туғанын ішкі түйсігімен сезген еді ерлі-зайыптылар… Сөйтіп тұтас бір Одақ құлап, аумалы-төкпелі заман туған шақта, тұрмыс көзін кəсіпкерліктен іздеген көппен бірге Фазыл мен Мухаббат Ибрагимовтер де өз армандарын жүзеге асыра бастаған еді. Алға жетелеген арман алдамады. Алла қолдап, мақсат жүзеге асты.

Міне, енді ерінбей еткен еңбектің, көзін тапқан кəсіптің арқасында жақсы аты алты алашқа жайылған сан-салалы кешен жүйелі жұмыс істеп, халыққа ұлан -ғайыр пайдасын тигізіп, көпшілік игілігіне қызмет етуде.

Өткен күндерге сəл шегініс жасасақ..

Ибрагимовтер отбасы 2000-ші жылдан бастап кəсіпкерлікпен айналысып, отбасылық бизнестерін құрды. 2001-ші жылы туризм саласын дамыту мақсатында Түркістан қаласынан атына заты сай, көне шаһар қонақтары үшін ауадай қажет «Эдем» қонақ үй кешенін ашты. Мұнда қонақ үймен қоса сəн салоны, тренажер залы, кафе жəне мини-маркет жұмыс істейді. 2015-ші жылы кəсіпкерлер » Сириус» спорт-сауықтыру кешенін іске қосты. Қазіргі таңда»Арена Шейх Ислам» атты əмбебап үш футбол алаңы жұмыс істейді. Туристер игілігі үшін 45 орындық «Хостел-Караван кіші қонақ үйі, «WOW PlOV» шығыс мейрамханасы үш нүктеде, «Караван -Сарай кешенінде, халықаралық əуежайда жұмыс істейді. Міне, осы жетістіктің бəрі оңайлықпен келген жоқ. Əрбір істің оябынан шыға білетін Фазыл Балташұлы мен Мухаббат Саидахметқызы Ибрагимовтер отбасының маңдай терімен қол жеткізген жетістік. Табысты кəсіпкерлердің ұл-қыздары да ұяда көрген тəрбиеден үлгі алып, ата-ана салған соқпақты сəтті жалғастырып келеді. Тағы бір атап өтетін жайт, Ибрагимовтер отбасы Түркістан қаласында туризм саласын жандандыруды алғашқы болып қолға алған кəсіпкерлер. Жемісті еңбегі үшін Мухаббат Саидахметқызы көптеген мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтқанда, ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың»Алғыс хаты», 2021-ші жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстан Тəуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ, республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Алтын ана» медалінің, «Достық», құрмет белгісінің, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің, «Үлес» қоғамдық -қайырымдылық қорының «Өнегелі азамат» төсбелгісінің, Бизнесті дамыту Европалық қауымдастығы жоғары кеңесінің «Рейтинг» наградасы, Орта Азия туризм индустриясы қауымдастығының «Алғыс хаты», Халықаралық эксперттер командасының «Алғыс хаты»,

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Бизнестің мақтанышы» номинациясының»Алғыс хаты» , «Атамекен» кəсіпкерлер палатасының, ОҚО əкімінің марапаттары, Түркістан қаласы əкімдігінің»Үздік жеке кəсіпкер» дипломы. Тізе берсек, бұл тізім жалғаса бермек.2002-ші «Жыл Адамы». 2004-ші жылы ОҚО «Аяулы ардақты» кітабына енген. 2005-ші жылдан бері Қазақстандағы қонақ үй, мейрамхана ісі қауымдастығының мүшесі.2015-ші жылы Қазақстанның іскер əйелдер қауымдастығының 20 жылдығына орай жарық көрген «Қазақстанның қанатты əйелдері » жинағына енгізілді. 2015-ші жылы «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2015жылы lV Евразиялық əйелдер саммитіне қатысты. 2018-ші жылдан Түркістан өзбек этно-мəдени орталығының əйелдер мен қыздар комитетінің төрайымы. Облыстық этно-мəдени орталығының мүшесі. Түркістан қаласы əкімдігінің əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі. 2017-ші жылы өмірбаяны «Əлемнің үздік адамы» халықаралық энциклопедиясына енгізілді. «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық саяси газетінің, Түркістан қалалық əйелдер кеңесінің»Алғыс хаттары» «Жарасымды жанұя» журналының 2018жылғы қазан айындағы нөмірінде М.Ибрагимова туралы»Өмірде нəзік, көңілде биік, істе мығым» мақаласы жарық көргендігіі -тынымсыз еңбектің дəлелі.

Тəуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етіп жүрген жеке кəсіпкер,» «Эдем»қонақ үй кешенінің басшысы М.С.Ибрагимова əлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, əлсіз топтарға да үнемі қайырымдылық көмегін көрсетуден аянбайды.

М.Саидахметқызы туған жерге, халқының игілігіне еңбек етудің басты парызы санайды. Сондықтан да, іскер кəсіпкер еңбегі əрдайым жоғары бағаға ие.

Таяуда астанадан тағы бір сүйінші хабар жетті. Іскер кəсіпкер, «Эдем» қонақ үй кешенінің басшысы М.С.Ибрагимоваға «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліпті. Бұл марапат та Мухаббат замандасымыздың еліне сіңірген еңбегіне берілген лайықты баға. Өйткені, Түркістанға келген əрбір адамның ең алдымен талғамы биік, мəдениеті жоғары «Эдем» қонақ үй кешеніне ат басын тірегендігінің талай рет куəсі болдық. Шорнақ ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келіп, Ташкент қаласында білім алған бұла бойжеткеннің арманының орындалуы десек болмас па!? Дүниеде өте биік тау бар дейді. Ол таудың аты мəртебе болса керек. Мəртебең із əрдайым биік болсын, Мухаббат!

Роза Нарымбетова,
Түркістан қаласы.