Республикалық Ұлттық мектеп лигасына Түркістан облысынан 500-ге жуық оқушы қатысады

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен 10 сәуір күні Ұлттық мектеп лигасының ақтық республикалық кезеңі басталады. Биыл лига ойындары спорттың 10 түрінен Семей, Астана және Қызылорда қалаларында 5-11 сыныптар арасында өткізіледі. Бүгінде мектеп лигасының облыстық кезеңі өткізілуде. Осы орайда республикалық кезеңге Түркістан облысынан 500-ге жуық оқушыға жолдама берілмек.

Лиганың алғашқы республикалық жарыстары Қызылорда қаласында 9-11 сынып оқушылары арасында волейбол, баскетбол және футзалдан өтеді. Оған еліміздің 20 өңірінен 700-ге жуық оқушы қатысады. Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі 10 маусымға дейін жалғасады.

Айта кетсек, жалпы Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында лиганың мектепішілік, аудандық, қалалық және облыстық кезеңдеріне 286 000-нан астам оқушы қатысқан.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі